Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының өнегесін жадына түйіп, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздар бар. Солардың бірі – 5514 әскери бөлімінің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының аға сарбазы, қатардағы жауынгер Нұрислам Қалқабай. Ол жүрегіндегі құрмет пен сағынышты жырмен өрнектеп, ұлы Абайға арнау арнады.
Арнауында жас жауынгер Абайдың адамгершілікке, білімге, адалдыққа шақырған өсиеттерін еске алып, қазіргі қоғамның өзгерген болмысына ой жүгіртеді:
«Өзі өшсе де, сөзі өшпес бұл ақынның,
Кім білер, қинадық па тірі жанды.
Ай, Абайым, енді айтайын шындықты,
Қазір қазақ байлыққа да құнықты…»
Ақын жүрегімен жазылған бұл өлеңде өткеннің асыл мұраты мен бүгінгі күннің шындығы астасып жатыр. Жас сарбаз Абайдың аманатын ұмытпай, ел болашағы үшін білім мен бірліктің қажет екенін жырға қосады:
«Мен мақтанам сендей тұлға болғанына,
Білім бердің мына жұртым қазағыма.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Еш өкінбе мына менің жазғаныма…»
Абайды дәріптеу, оның мұрасын насихаттау — әр қазақтың парызы. Жас сарбаздың жүрекжарды жыры ұлы ойшылдың сөзі мәңгілік екенінің тағы бір дәлелі.
Абай Құнанбайұлына арнау
Қазақтың дана Абайы, дара Абайы,
Сен жоқсың бұл дүниеде, мұңды қайғы.
Сөз тапсаң, тілді кесер шешен едің,
Түсініп-ақ тұрмын мен мәнді-жайды.
Көрдім мен Абайдың әппақ жүзін,
Білемін мен Абайдың қара сөзін.
Тау жаңғырса, үрген иттей ән болмақ,
Бұзды мына ой-сананы қара күздің.
Тірі адам сөйлесе – рақымдылық,
Өтті-кетті өмірің бейбақ болып.
Сен — өмірдің бұрыңғы патшалығы,
Жетпей ме бізге мына құдайшылық?
Деген едің надандықты — хайуандық деп,
Еріншектік, талапсыздық — кедейлік деп.
Залымдылық болса жыртқыш хисабына,
Өзін өзгешелікпен артық көрсетпек.
Десе де, ұмытпаспыз тура жолды,
Шешендікте, шабытымда ойға қонды.
Өзі өшсе де, сөзі өшпес бұл ақынның,
Кім білер, қинадық па тірі жанды?
Ей, Абайым, кейбір адам бұл өмірден адасыпты,
Кіші, үлкен бір-бірімен санасыпты.
Әттең-ай, сендей тұлға болмай тұр бұл ғасырда,
Сараңдар, өкінемін — бұл әлемді қиратыпты.
Мықты еді бұрындардың ақыны,
Әрбір қазақ сол ақынның жақыны.
Қазір қандай ақындар бұл өмірде?
Дүниеқоңыз, ақшалардың сатқыны.
Мен жазсам жылы сөзді ауыр етем,
Ақиқатты жазсам мен көкке жетем.
Еске алсам Абайды — жылайтын сәт,
Сен де кеттің бұл өмірден, мен де кетем.
Ай, Абайым, енді айтайын шындықты,
Қазір қазақ байлыққа да құнықты.
Айтпайын деп ем ақиқатты мына саған,
Жастарың да атыңды ұмытты.
Мен мақтанам сендей тұлға болғанына,
Білім бердің мына жұртым қазағыма.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Еш өкінбе мына менің жазғаныма.
Ей, қазақтар, жер бетіне қараңдаршы,
Жаман емес, жақсы істі санаңдаршы.
Қиын ба соншалықты өмір сүру?
Аспаннан жер үстіне құлаңдаршы.
Заман емес, адам қалай өзгерді,
Абай атам тура жолды көздеді.
Абайды танымайтын қазақ бар ма?
Сол қазақ — Абайдың көздері.
Мен өкінетін бір сұрақ бар қиын сонша,
Ойға баттым, іздендім сұранысқа.
Қояйыншы сұрақты мына саған:
Дәл өзіңдей бұл ғасырда ақын жоқ па?!
Өкінбеске амал жоқ бұл өмірге,
Жетпей тұр суық жас көңіліме.
Әлі ойланам бұрындардың заманында,
Болашаққа не деп кеттің кетеріңде?
Өлең жазып таңға дейін жырлатпайын,
Сөздерімді, өлеңімді қорлатпайын.
Дәл осылай боларын біліп тұрмын,
Осыменен ақындықты доғарайын.
«Жетісу-Ақпарат»





