Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің негізгі бөлігі бойынша рельстер төсеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы City Transportation Systems (CTS) компаниясына сілтеме жасап.
Ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын магистральда барлығы 89 600 метр рельс төселді. Қазір рельстерді дәнекерлеу және соңғы бекіту жұмыстары жүргізілуде.
CTS мәліметінше, құрылыста құрамында темір мөлшері жоғары көміртекті болаттан жасалған рельстер қолданылған. Мұндай технология пойыз қозғалысы кезінде шу мен дірілді айтарлықтай азайтып, жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қолайсыздық келтірмеуге мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде төтенше жағдайлар кезінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін эвакуациялық платформалар орнатылмақ.





