1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта енгізіледі, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл сабақтар балалардың түрлі жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Жеке қауіпсіздік сабақтары балабақшадан бастап колледждерге дейін өткізіледі. Әр жас ерекшелігіне сәйкес арнайы блоктар әзірленген:
-
балабақшада – жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын және демалыс алаңдарындағы қауіпсіздік;
-
бастауыш сыныптарда – судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас, бұралқы иттерден қорғану;
-
орта буында – буллинг пен кибербуллингтен сақтану, күмәнді ұсыныстардан бас тарту;
-
жоғары сыныптар мен колледждерде – қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, онлайн ойындардағы қауіп, еңбек қауіпсіздігі, құқықтар мен міндеттерді білу.
Сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өтеді. Тақырыптар оқу жылы ішінде үш рет қайталанады.





