Адам денсаулығының мықты болуы алдымен дұрыс тамақтануына байланысты. Осыны ескерген Денсаулық сақтау министрлігі биылғы 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандартын енгізді. Жаңа талаптардың артық-кем тұстары жоқ деу қиын, қарама-қайшылық көп.
Жетісу облысындағы білім ошақтарының асханаларын аралап, кәсіпкерлермен тілдескенімізде жаңа ережелерді орындауда олқылықтар бар екеніне көз жеткіздік.
Облыста 315 мектепте 129 391 оқушы білім алады. Оның ішінде бастауыш сыныпта 50 511, әлеуметтік осал топқа жататын 15 724 бала жаңа оқу жылының басынан тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл – қуантатын жағдай. Шын мәнінде, «бала – елдің болашағы» деген қағиданы ұстанған мемлекет оқушылардың әл-ауқаты үшін қолдан келгенін жасауда. Ең маңыздысы – мектептегі ыстық тамақ тегін берілуі. Бұған ата-аналар дән риза.
Жаңа стандартқа сәйкес ас мәзіріне сүт өнімдері, көкөніс, ет тағамдары және ұлттық ас түрлері енгізілді. Жылқы етінен жасалған тағамдар, құрт, ірімшік, тіпті асылған ет те бар. Сонымен қатар, тұз бен қант мөлшерін азайту көзделген. Министрлік мұны балалар арасында семіздіктің, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу әрі дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін жасалған қадам деп түсіндіреді.
Мақсат айқын болғанымен жаңа мәзір кәсіпкерлердің көңілінен шықпай отыр. Асханаларды жалға алып отырғандар шығынға батқанын айтады, кей тағамдардың санитарлық талапқа сай еместігін де алға тартуда. Мәселен, қант пен тұзды азайтамыз деген талаптың өзіне қайшы келетін тұстар бар.
Ресми ереже бойынша дайын тағамның 100 грамында 0,3 грамнан аспайтын тұз, ал 5 грамнан аспайтын қант болуы тиіс. Бірақ мәзірге енгізілген құрттың өзі тұзға бай, ал йогурттағы тәттілік көрсетілген нормадан асып кетеді. Бұған қосымша салат пен ірімшік берілетінін ескерсек, «бекітілген талап қайда қалды?» деген сауалдың туындауы заңды.
Бұл стандартты Қазақ тағамтану академиясы, медициналық университеттер және жетекші диетологтар қатысқан Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы әзірлеген. Дегенмен, жергілікті жерде орындалуы әлі де талқылауды қажет етеді.
Осы мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Анар Делманқызы былай деп түсініктеме берді:
– Ас мәзіріне енгізілетін тағамдарды Денсаулық сақтау министрлігі бекітті. Біз сол талапқа сәйкес тұз бен қанттың мөлшерін есептеп, тағамдарға енгізуге рұқсат еттік. Кәсіпкерлер негізінен облыстағы JLC сүт өнімдерін өндіретін фирмамен келісімшартқа отырып, құртты сол жерден алуы тиіс. Себебі бұл мекемеде өндірілген өнімдерде тұз мөлшері бекітілген нормаға сай қосылады. Әзірге облыстағы мектеп асханаларына тексеріс жүргізілген жоқ. Алдағы уақытта мониторинг ұйымдастырылатын болады. Ал йогуртқа келсек, мәзірге тек сусын түрі ғана енгізілген, ол тәтті болмайды. Асхана иелері біз есептеп берген мөлшерден аспай жұмыс істеулері керек.
Жеке кәсіпкер Жанна Сеңгірбаева Талдықорғандағы бірнеше мектептің асханасын жалға алып отыр. Бұл салада еңбек етіп жүргеніне 15 жыл болған. Ол бүгінде мыңға жуық балаға ас әзірлейтін жұмысшыларын қатаң қадағалап келеді. Дегенмен, кәсіпкердің айтуынша, жаңа мәзірде әлі де өзгертуді қажет ететін тұстар аз емес.
– Өткенде бір оқушы курага жеп тұншығып қала жаздады. Құрт пен курага сияқты тағамдарды мектеп асханасында беруге болмайды деп есептеймін. Себебі, олар ойнап жүріп тамаққа қақалып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құртты жинап алып, ата-аналарына беріп жібереміз. Үйде жесе дұрыс, бірақ мектеп асханасында бұл қауіпті, – дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа стандартты орындау оңай емес. Қызметкерлердің жалақысын өзге кәсібінің есебінен төлеп отырғанын да жасырмады.
– Ас мәзірінде сыр мен кеспе бар. Бұл бірінші санатқа жатады, яғни мейрамханаларда берілуі тиіс тағам. Ал мектеп асхана- сы – үшінші санат. Сондай-ақ, мәзірде күркетауық еті көрсетілген. Оның балық сияқты қылтанағы болады. Егер турап, ұсақтап бермесе, оқушылар үшін қауіпті. Балалардың амандығын ойлап, кейде түні бойы ұйықтай алмай шығамын. Таңертең жұмысқа «бәрі дұрыс болса екен» деген алаңдаушылықпен келемін, – дейді кәсіпкер.
Жаңарған мәзірге бөлінген қаржының аздығы кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр. Мәселен, Алматы қаласында бір баланың бір күндік тамағына 1060 теңге қарастырылса, Шығыс Қазақстанда 722 теңге, ал Жетісу өңірінде небары 630 теңге бөлінген. Кәсіпкерлердің айтуынша, республика бойынша ең төменгі көрсеткіш – Жетісу облысында. Ең бастысы – бұл қаржының ішіне жарық, су және қызметкерлердің жалақысы кірмейді. Сондықтан жеке кәсіпкерлердің шығынға баттық деп мұң шағып отырғаны орынды.
– 562 теңгенің ішіне ыстық тамақ, салат, сүт, нан, жеміс-жидек кіреді. Қалай есептесек те бөлінген қаржы шығынымызды ақтамайды. Бұл мәселені жоғары жаққа жеткізіп, сұрап жатырмыз. «Қарастырылады» дейді. Бірақ жылдың соңына дейін қарап отыра алмаймыз ғой. Амалын тауып, қосымша тәтті тоқаш сатуға мәжбүрміз. Әр аптаның бір күні ұлттық тағамдар береміз. Оның ішінде сірне, ет, нан салма бар, жылқы еті де қосылады, – дейді №26 мектептің асханасын жалға алушы кәсіпкер Айгерім Қарабекова.
Оның айтуынша, мектеп асханаларына енгізілген жаңа талаптар кейде қисынға келмей жатады. Соның бірі – таңертеңгі ас мәзіріне қатысты мәселе.
– Бірінші ауысымдағы 1-сынып оқушылары таңғы 9.15-те келіп тамақтанады. Мәзір бойынша оларға ет берілуі тиіс. Бірақ кішкентай балалардың мұндай ауыр тағамды таңертең іше қоюы қиын. Ересек адамның өзіне таңғы уақытта ет асы ауыр тиеді. Ботқа (каша) енгізілсе дұрыс болар еді, алайда қазіргі талап оған мүмкіндік бермейді. Желінбеген астың барлығы қоқысқа кетеді, – дейді ол.
Бұл пікірді №30 мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер Мақпал Таң- сықбаева да жоққа шығармайды. Айтуынша, қазіргі асхана жағдайында әр 35 минут сайын жылқы етін қайнатып беру мүмкін емес. Осы мәселені жиын сайын көтергенімен әзірге нақты жауап болмай отыр.
– Мектеп асханасында 13 жұмысшым бар. Ең төменгі қызметкерге күніне 8 мың теңге, бас аспазға 15 мың теңгеге дейін төлеймін. Ал Қаратал ауданы, Қарашеңгел ауылындағы мектепте 30-ға жуық оқушы оқиды, сондықтан 2 жұмысшымен шектеліп отырмын. Қиындық негізінен қаладағы мектептерде туындайды. Жаңа мәзір енгізілгеннен бері айлық төлеу де ауырлап кетті. Бұрын балаларға котлет, кеспе көже, борщ, бұршақ сорпасы, палау, қуырылған тағамдар берілетін. Әсіресе сорпаны ішіп, ботқаны жақсы жейтін. Ал қазір ботқа тамақ емес деп мәзірден алынып тасталды. Негізі түсте сабаққа келетіндер үйден тойып келеді. Сондықтан асханадағы тағамға тәбеттері бола бермейді деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер.
Жаңа ас мәзірінің енгізілуі мектеп асханаларында түрлі түйткілді туындатты. Мәселен, мәзірге кірген өнімдердің ішінде балаларға мүлде үйреншікті емес әрі сертификат мәселесі шешілмегендері бар. Соның бірі – құрма. Өңірде бұл жеміске ешбір мекеме сертификат бере алмай отыр. Ал ауылдың табиғи құртынан гөрі құрамына әк қосылатын фирмалық құрт заңдастырылған. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талаптарда неге мұндай олқылықтар жіберілді деген сұрақ көп кәсіпкер көкейінде.
Алакөл ауданы, Екпінді ауылының мектеп асханасын жалға алушы Қайрат Жүнісов те жаңа тәртіп ауылдық жерлерде қиындық туғызатынын айтады.
– Аудан орталығынан шалғай ауылдар бар. Кәсіпкерлер көкөніс, сүт және басқа да өнімдерді аптасына бір рет қана ала алады. Оны сақтайтын тоңазытқыш та жеткіліксіз. Мәселен, біздің Екпіндідегі мектеп асханасында тек пеш қана бар, қалған құрылғыларды өзім әкеліп отырмын. Ертең кетіп қалсам, мектепте пештен басқа ештеңе қалмайды. Ас мәзірінде бір мезгілде тоқпешке дайындалатын үш түрлі тағам – бу тағам, картоп, тартылған балық еті бар. Бірақ бір уақытта бәрін пісіру мүмкін емес. Шанышқы қолдануға болмайды, ал мәзірге лапша енгізілген.Ұзын-ұзын лапшаны балалар қасықпен қалай жейді? Оның орнына макарон қоюға болар еді. Жылқы етін беру міндеттелгенімен 600 теңге оған жетпейді. Мысалы, 300 балаға 38 келі ет алып едім, оған 148 мың теңге жұмсалды. Ал балалардан түскен қаражат 168 мың теңге. Қалған сусын, нан, қамырға 20 мың теңге жетпей қалды, – дейді ол.
Бұл мәселеге қатысты облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов түсіндіру бойынша.
– Өңірдегі ескі асханалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жөнделеді. Қазір 13 мектеп асханасын жөндеуден өткізуге ұсыныс жасалды, келесі жылы тағы онын қамту жоспарланып отыр. Бұған қаржыны бизнес өкілдері өз қалталарынан шығарады. Жыл сайын облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан қаржы сұраймыз. Биыл 1-4-сынып оқушылары мен әлеуметтік санаттағы балаларды тамақтандыруға 7 млрд. теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің сұрап отырған бағасын облыс бюджеті көтере алмайды. Бірақ ас мәзірі өзгеріссіз қалмайды. Бірінші тоқсанда жағдайды бақылап, егер тамақ қалдықтары 30 пайыздан асса, денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, мәзірді қайта қарауды ұсынамыз.
Алайда асханаларда талап күшейгенімен, мәселенің түйіні басқа жақта жатыр. Сабақ аяқталған соң оқушылардың көбі дүкенге асығады. Ол жерден газдалған сусын, чипсы, «фаст-фуд», тәтті кәмпит сатып алады. Сырттағы сауда нүктелерінде ешқандай шектеу жоқ. Бұл ресми стандартты жоққа шығарып тұрған жоқ па?! Ата-аналар баласы асханада дұрыс тамақтанды деп ойлайды, ал шын мәнінде бірнеше минуттан соң ағза артық қант пен бояғышқа толы сусынмен «жуылады». Мұндай әдет семіздікке, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, тіпті, қант диабетіне әкелуі мүмкін.
Бұл сауалды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевке қойған едік.
– Қазіргі заң бойынша шағын және орта бизнес өкілдері тексерістен босатылған. Біз тек ата-аналардың арызы немесе тұрғындардың шағымы түскенде ғана тексеріс жүргізе аламыз. Әр мектепте бракераждық комиссия құрылған. Егер санитарлық талаптың бұзылуы анықталса, «Е-өтініш» порталы арқылы бізге фото, видео дәлелдерімен бірге шағым түсіруге әркімнің құқы бар, – деді ол.
Сонда зиянды өнімнің дүкен сөрелерінде сатылып жатқанын біле тұра алдын алуға неге қауқарсызбыз? Егер жағдай өзгермесе, мектеп асханаларындағы «дұрыс тамақтану» саясаты нәтижесіз болып қалмай ма?! Балаларға арналған ас мәзірінің стандарты тек мектеп қабырғасымен шектелмей маңындағы дүкендерге де міндеттелген- де ғана бұл шараның нақты пайдасы болары анық.
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ
– Біз комиссия мүшелері асханамызды айына бір рет қарап шығамыз. Мұндағы жұмыстардың талапқа сай жүргізілуін қадағалаймыз. Егер кемшілік табылса ескерту жасаймыз, ал барлығы дұрыс болса арнайы акт толтырып, бекітеміз. Мәселен, тамыз айында асханада қолданылатын ыдыс-аяқтардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексердік. Барлығы дұрыс болғандықтан рұқсат бердік, – дейді №26 мектептің әлеуметтік педагогы, бракераждық комиссия мүшесі Жансая Рахымбай.
* * *– Мен айына бір рет, қолым тиген жағдайда апта сайын келіп тұрамын. Комиссия құрамында ата-аналар да бар. Олар күн сайын тамақтың құрамын, грамм мөлшерін, тоңазытқыштағы сақталу уақытын мұқият тексереді. Қазіргі таңда мектебімізде санитарлық-эпидемиологиялық талапқа қайшы келетін ешқандай жағдай тіркелген жоқ, – дейді №25 мектеп асханасындағы бракераждық комиссия мүшесі, ата-ана Айна Балкибекова.
ОҚУШЫ ОЙЫ
Әлинұр Сәкенұлы, №25 мектептің 4-сынып оқушысы:
– Мұндағы апайлардың дайындаған асын анамның қолынан шыққан тамаққа теңеймін. Барлығы өте дәмді. Ас мәзірінде алмұрт, алма, курага, құрт сияқты ерекше тағамдар бар. Әрқашан түрлі тамақ ұсынып жүрген апайларға алғыс айтамын.Аяжан Тоқтажан, №26 мектептің 4-сынып оқушысы:
– Бізге кеспе, ет, палау, шай, компот, айран береді. Құрт пен алманы да жедік. Асханадағы апайлар өте жақсы. Бұрын көбіне каша жейтінбіз. Қазіргі тамақтар да дәмді, кейде тауысып үлгермей қаламыз.
Медет ЖҰМАБАЙ







