«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Бұл тәмсілдің астары тереңде. Жан дүниенің дерті жайлы айтуға көбіміз ұяламыз, жасырамыз. Бірақ бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі психикалық денсаулық. Өкінішке қарай, – Қазақстан өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлем елдерінің алдыңғы қатарында тұр. Бұл – әрбірімізді ойландыруға тиіс ауыр шындық.
Жүйкесі тозғандар көп
Ресми деректерге сүйенсек, облыс көлемінде жүйке ауруына шалдыққандардың саны – 7578. Оның ішінде 1 жас пен 18 жас аралығындағы балалардың үлесі төрт жүзден артық. Медицина мамандарының айтуынша, өзіне-өзі қол жұмсауға бейімдер арасында ер адамдардың үлесі басым. Әйелдер нәзік болғанымен өмір сынақтарына бейімделіп, шыдамдылық танытады. Ал ер азаматтардың көбі күйзелісті көтере алмай қайғылы қадамға барады.
Ерлерді терекке теңесек болады. Қатты боран соқса морт сынады. Ал әйелдер қайың тәрізді. Олар жел соқса бір жағына қарай қисайып, майысып, жапырақтары дірілдеп үзіле жаздайды. Бірақ, сынбайды, үзілмейді. Шайқалып барып қайта тіктеледі. Бұл адамның ішкі қайраттылығын білдіреді.
Адамның жанын жаралайтын күйзеліс көбіне эмоцияның сыртқа шықпай іште сақталуынан басталады. Ішке түйілген реніш уақыт өте келе адамды тұйықтыққа, оқшаулыққа итермелейді. Қоршаған ортамен байланыс үзілгенде ол басқа да аурулардың қозуына себеп болады. Осындай пікірлерді мамандардың сөзінен жиі естиміз. Дәрігерлердің айтуынша, жүйке ауруларының ең ауыр түрі – шизофрения. Ол көбіне бала кезде байқалады. Бірақ ата-ана оны «мінездің қиындығы» деп қабылдап, дер кезінде мән бермейді. Уақыт өте келе сырқат асқынады. Мұндай жағдайда емдеу де қиындай түседі. Зерделеп қарасақ, диспансерлік есепте тұратындар 20 мен 45 жас аралығындағылар екен. Жүйке жүйесі сырқатына шалдыққанның барлығы есепке алынбайды. Бірақ, ауыр түріне шалдығып, тегін дәрі-дәрмек беру керек болса, тіркеуге қоюға тура келеді. Ауруханада ем алып жатқандардың ішінде балабақша қызметкері болған 38 жастағы А. есімді келіншекпен сөйлестік. Несін айтасыз, келіншек ашаң жүзді, бойшаң, әдемі екен. Бірақ ашушаңдық, реніш, жек көріп қараған жанары өте өткір. Хал-жағдайын сұрап едік, туған-туысына ренішін айта бастады.
«Үлпілдетіп баққан қызым да сырт айналды. Бауырларым көмектеспейді. Телефонымды біреулер ұрлап алды. Мені апам ғана түсінетін. Ол қайтыс болды. Апамның зиратына апарыңдаршы», – деп зар жылады. Дауысы да ащы. Ашу-ызаның салдарынан жан-жағындағыларды ұрып жіберердей кейіпте. Дәрігерлердің айтуынша, үйіндегілердің өміріне қауіп төндірген соң осында алып келген. Бұл жерге бұрын да түскен екен. Тағдырға не шара?! біз де аяушылық таныттық.
Қиқарлық еркелік емес
Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі. Меланхолик балалар ұялшақ, жасқаншақ келеді. Олар ұстаздан ескерту естісе немесе қатарластары мазақтаса күйзеліске түседі. Ал холерик балалар қызба, шамданғыш. Олар ашуға беріліп, өз жүйкесін шаршатады. Мұның бәрі болашақта жүйке сырқатына ұрындыруы мүмкін.
Мысалы, кей ата-аналар баласының қиқар мінезін «еркелік» деп жүре береді. Бірақ уақыт өте келе мұндай мінез қоғамға бейімделуге кедергі келтіріп, ақырында диспансерлік емдеуге алып келеді. «Ұлымның мінезі кішкентай кезінен қиын болды. Балалармен ойнаса төбелесіп, ата-аналар ренжіп келетін. Өзі де басы жарылып, жарақат алып жүретін. Әркімнің өз баласы – өзіне. Мен ұлымды жақтап шығатынмын. Кейіннен оқуға барғанда, қызмет істегенде де жұқсыз болды. Ұжымдағы үлкендермен тайталасып, қатарластарымен ерегесіп қалады. Ақырында жұмыстан шығып тынды. Жан-жағындағылардың барлығын кінәлай береді. Жолы болмаса, жұмысы алға баспаса ел кінәлі. Кейіннен айналасына тіл тигізіп, дауыс көтеретінді шығарды. Соңында көршілермен жанжалдасып болмаған соң өзіміз полиция шақырдық. Амал нешік, қазір психикалық диспансерде емделуде», – деп уақытында маман дәрігерге көрсетпегеніне өкінген ана Бағдат Дүйсенбаева.
Соңғы жылдары жиі атала бастаған аутизм де назар аударуды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, бұл кесел кейде баланың назарсыз қалуынан да туындайды. Әлемді танып-білгісі келетін сәбиге уақытында жауап беріп, сөйлесетін адам болмаса, ол өз әлеміне кіріп кетеді. Сондықтан дәрігерлер бала туғаннан бастап жалғыз қалмауы тиіс дейді.
Тағы бір оқиғада мектептегі үлгілі оқушы ата-анасының ажырасқанына налып және қоғамдағы келеңсіздіктерге тап болып, жоғары оқу орнын аяқтай алмай қалған. Бұл жайында оқушының ұстазы Күләш Бекежанқызы: «Менің Б. деген оқушым болды. Тартымды, зерек, ойлы, ұяң. Елдің алдына шығып, белсенділік танытқанды ұнатпайды. Бірақ тәрбиелі, мінезі орнықты, жақсы оқыды. Мектеп бітірерде ата-анасы ажырасты. Бала жоғары оқу орнына түсті. Бірінші курс бітірген соң ақша табу үшін біреулерге жалданып жұмыс істеді. Сөйтсе ол заңсыз құрылған мекеме болып шықты. Полиция тексеру жүргізгенде бұрынғы оқушыма да кінә тағыпты. Оның жеке бас куәлігін алып алған. Содан балада қорқыныш пайда болып, күйзеліске ұшырады. Ол соншалықты қорқынышты жағдай емес. Балаға ештеңе істемейтін еді. Бірақ, ол сырт көзден тығылып, қорқып есік-терезені қымтап отыратын болды. Ақырында сол бала оқуын тастап, көпшілік ортаға бармай, оқшауланып, жүйке ауруына шалдықты. Бұл – отбасы мен қоғамдағы әр- бір сәттің балаға қалай әсер ететінін айғақтайды», – дейді.
Гаджеттен шектеу қажет
Психиатрлар мен ұстаздар тағы бір қауіпті факторға назар аударып отыр – ол гаджетке тәуелділік. Балалардың түн ұйқысын қиып, телефонға телміріп отыруы – денсаулыққа үлкен соққы. Адам шөлге шыдауы мүмкін. Бірақ, ұйқыға шыдау мүмкін емес. Алдағы күнге деген ынта жоғалады. Олар жуынбай, жан-жағын жинастырмай, ешкіммен араласпай, ештеңемен шұғылданбай күн-түн телефонға телміріп отыра береді. Ұйқысыздық жүрек ырғағын бұзып, үрей, қорқынышқа шалдықтырып, мінез-құлыққа кері әсер етеді. Кейде көзіне әрнәрсе елестеп, жаман түс көріп, бөлменің жарығын сөндірсе бойын қорқыныш билеп, мазасы кетеді. Мұндай жағдайда психологтың көмегіне жүгіну керек. Әйтпесе бұл жағдай адамды тұңғиыққа әкетуі мүмкін. Бала интернеті жоқ жерге барса мазасызданып, қашан телефон қосылады деп ата-анасына ызыңдай бастайды. «Мұнда неге келдік, телефон антеннасы тартпай қалды, қайтайық, енді келмейік, қашан үйге жетеміз?» деп аласұрады. Бұл – тәуелділіктің белгісі. Егер бұл тәуелділік дер кезінде тоқтатылмаса, ол ауыр жүйке ауруына алып келуі мүмкін.
Не істеу керек?
Мамандар баланы кішкентайынан жалғыз қалдырмаудың маңызды екенін ескертеді. Оның мінез-құлқына назар аударып, дұрыс әдіспен тәрбиелеуді ұсынады. Жаңа замандағы басты қауіп – телефонға тәуелділікті уақытында шектеу. Кез келген күмәнді жағдайда психолог немесе психиатрға жүгінуден ұялмаған жөн.
Бүгінде медицинада «психосоматика» деген ұғым жиі айтылады. Бұл – жан ауруы тән ауруына айналған жағдай. Күйзелістегі адам «жүрегім қысылды, асқазаным ауырды, басым қатты солқылдайды» деп әртүрлі дәрігерді аралайды. Бірақ шын мәнінде оның түпкі себебі – жан жарасы болуы мүмкін. Осыдан-ақ «Жаны саудың – тәні сау» деген халық даналығының өміршеңдігін көреміз.
P.S. Жүйке жүйесінің сырқаттары – жай ғана медицина мәселесі емес, бүкіл қоғамның ортақ дерті. Бүгінгі жастардың көбі алдына нақты мақсат қоймайды. Мәселен, психиатр Эльвира Тоқтасынқызының айтуынша, диагнозын анықтау үшін қойылатын сұраққа «Блогер атанамын, бай боламын» дегеннен арыға бармайды. Олар арманға жету үшін алғашқы қадамнан бастау керек екенін түсіне бермейді. Мақсатсыздық – күйзелістің басты себебі.
Сондықтан әрбір ата-ана баласын жалғыз қалдырмай, уақытында қолдау көрсетуге, ұстаздар әр баланың мінезіне қарай дұрыс әдіс таңдауға, қоғам психолог пен психиатрға жүгінуден ұялмауға тиіс деген кеңес айтады. Біз де маманның айтқанымен келістік.
Гүлжан ТҰРСЫН





