Қазақстанда көлікті дұрыс қоймау немесе тоқтату ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері нақтыланды. Енді мұндай құқықбұзушылықтар үшін айыппұл көлемі 11 796 теңгеден 39 320 теңгеге дейін өзгереді.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тоқтау немесе көлікті қою ережесін бұзу фактісі үшін жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – 19 660 теңге.
Ал жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіретін немесе қоғамдық тәртіпті бұзатын жағдайларда айыппұл көлемі ұлғаяды. Мысалы, көлікті тротуарға, гүлзарға, балалар немесе спорт алаңына қою, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған орындарға тұрақтау сияқты әрекеттер үшін 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек, ақылы автотұрақ үшін төлем жасамаған жүргізушілерге де жаза қолданылады. Алғаш рет анықталған жағдайда – 1 АЕК (3 932 теңге), ал жыл ішінде қайталанса – 2 АЕК (7 864 теңге) айыппұл салынады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шекарадан өтетін жүк көліктеріне жаңа төлем мөлшері бекітілген болатын. Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, Қазақстан шекарасы арқылы өтетін жүк көліктері үшін төлем тәртібі өзгерді:
-
Электронды кезек жүйесі арқылы алдын ала бронь жасап өту – 1 АЕК (3 932 теңге);
-
Кезектен тыс өту – 1 АЕК;
-
Жеделдетілген тәртіппен өту немесе қайта брондау кезінде пайдаланылатын слот үшін – 100 АЕК (393 200 теңге);
-
Көлікті электронды кезек жүйесі арқылы өткізу үшін енгізілетін кепілдік жарна – 20 АЕК (78 640 теңге).





