Талдықорған: +4°C
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Есенинді ессіз сүйген

17.10.2025
КҮНДЕРЕК, РУХАНИЯТ
Есенинді ессіз сүйген

ЖИ

WhatsAppTelegramFacebook

Адамзатқа ортақ құндылық атаулының ең нәзік те өткірі жанның, рухтың, ойдың еркіндігі деп түсінген көрнекті ақын Аманхан Әлімұлымен сонау бір кезеңде ұшырасып едік...

Шамамен 8-9 жыл бұрын. Қоңыр күз еді. Алматының көркіне сұқтанған ақша бұлттар  бауырынан маржан моншақтап, ақ жауын нәзік нотамен жерге тырс-тырс жауап тұрған. Өзі редакторлық ететін республикалық «Ақиқат» журналының редакциясына қара пальтосын жамылып алып келе жатқан аласа бойлы, ақжарқын ақынның қойынында бір ақжемделген мұқабалы кітап болатын. Есениннің.

М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын, публицист Аманхан Әлімұлымен арада көп өтпей үлкен рухани әңгіме өрбіді. Мемлекет пен қоғам, адам мен руханият деп толғанған сол ағамыз ара-тұра Есениннің кітабын аялай сипап қойып ойын сабақтап еді.

Жырға, шынайы поэзияға ғашық жанның бәрі Есениннің жырына дертті болса, Аманхан Әлімұлының сырқаты айрықша еді-ау. Есенинді қойнына салып жүреді. Есенинмен тамақтанады. Есенинді жастап ұйқыға кетеді. Міне, сол жарқын жүзді, аңқылдаған аяулы ақынның «Ай нұры алақанымда» атты қазаққа мұра еткен кітабын оқып отырып әр естелік санада сайрай жөнелді. Рухани әңгімеміздегі әр сөзі ойға оралды.

Мазалайды беймаза ой шалды шындап,

Қалай ғана жел кезген қалғысын бақ.

Көкте ойнаған көгілдір ұшқын көрдім,

Әлдебіреу жатқандай шалғы шыңдап.

Ат жақты Айдың сәулесін тізгін делік,

Қыздырмайды жанымды ызғын желік.

Қанатынан қайырылып, жаз құлады,

Құшағына қызусыз күздің келіп, – деп жырлаған Аманхан ағаның өн бойы толған өлең еді-ау. Осынау жырдың өзінде қазақы поэзияның ешкімге ұқсамайтын өзіндек мәнері, сазы, қолтаңбасы жатқан жоқ па? Әр өлеңін суреткерлікпен шебер өрнектеген шайырдың кеудесі кен, көкірегі қазына ғой, шіркін?!

«Абайдан бастау алған жазба әдебиетімізді Кеңес кезіңінде тамаша жалғастырдық. Руханиятымызда дәуірлерден тамыр тартқан айрықша дәстүр қалыптасты. Абай жаңа қазақ әдебиетін, поэзиясын, қара сөзін еуропалық әдебиеттің жетістіктері арқылы толықтырып, Алаш топырағына сіңіріп, жазу, сөйлеу стилистикасын қалыптастырды. Мұны жаңалықтан гөрі,дәстүр жалғастығы деген дұрыс», – деп шылым сарғайтқан саусағымен Есениннің ақжемделген аяулы кітабын сипап қойған Аманхан Әлімұлы жас талапкер – бізге барынша ағыла ақтарылған-ды.

«…Заңғар Әуезов эпопея арқылы Абай ұлылығын,  «Қилы заман» арқылы қазақ тағдырын жеткізуді мақсат еткендіктен әдеби емес, адами құйтырқылықтарға барды. Соның өзінде «Қилы заманды» шығартпай тастады. Кенесарыны жазғаны үшін Бекмаханов абақтыға қамалды. Белді тұлғаны ұстап бара жатқанын көрген тарихшыларымыз үрейленіп, тығырыққа тірелді. Міне, осы тұста әдебиетшілер жақсы қулыққа басты. Ол не еді? Тарихи романдар жазып, оны көркем шығармаға айналдырып, Кеңестік цензураның алдын орауға тырысты. Мысалы,  Есенберлинге «Кенесарыны жаздың» десе, ол: – «Бұл көркем шығарма, типтенген кейіпкер», деп жауап қатар еді. Сөйтіп, жазушыларымыз социалистік реализмнің шеңберінен шығуға күш салды.

Қадыр Мырза Әлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы», – деп жырлауының өзі шындықты жеткізудің жаңа формасы. Мұны цензура байқамады. Әдебиетке, ұлтқа жаны ашыған қаламгерлеріміз ол тұста екі фронтта жұмыс жасады. Бірі ұлттық, екіншісі биліктің идеологиялық майданы. Екі тізгінді қатар ұстағандықтан мұны ерлік демей не дейміз?!», – деп Аманхан Әлімұлы өткір жанарын өңменіңе қадап кеп жіберген сәті де, әр сөзі де санамызда сайрап тұр.

Гүл-гүл өңім қайтыңқы атып кірбің,

Сәл мұңдылау бір күйге батып, құрбым.

Жаздың жылы жаңбыры секілденген,

Сенің кермек жасыңды татып тұрмын,– депті әлгі біз жоғарыда айтқан ғажайып кітабында Аманған көкеміз. Нағында жас болмағандай, ару құшпағандай, дәл осы мәрмар тастай мық, балбал тастай байырғының құндылығын бойына сіңіріп туа салған, алпысты алқымдаған кезінде дидар-ғайып ғұмырға қонақ болып жеткендей сезілген шайыр шымыр-шымыр ой қозғаған еді.

«Есенин, менің де тамсанған ақыным еді?» дегенбіз ағаға жағу үшін, жағыну үшін жастық мінезбен.

«Сен жыр жазып жүрген жігітсің, ал саған мұны оқу – парыз. Есенинді ежіктейтіндердің де шалдығары – ақындық дерт» деп жылы жымиған Аманхан: «Қазақ әдебиеті Кеңестік кезеңде өзінің миссиясын толық атқармады», деген қаңқу сөз бар. Ол сандырақ! Мысалы, пружинаны қаншалықты басқан сайын соншалықты серпін береді емес бе?! Біздің жазушылар да басылғанның үстіне басылып, кезі жеткенде атылды. Ойын ашық айтып, ақиқаттан таспа тіліп, жетер жеріне жеткізді. Асқар Сүлейменовтің «Бесіні» мен «Бесатары», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», «Өлгендер қайтып келмейдісі» дәл сондай шығарма. Олар цензура тырнағына ілінбеді. Өйткені әдебиет үшін шынайы жұмыс жасағандардың туындысы сөзсіз халық аренасына көтеріліп, тарихта қалады. Бұл жағынан келгенде тағы да Қадыр ақынға жүгінеміз. Ол: «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған», – дейді. Жазушылар ақиқатты жеткізу үшін аздаған өтірікке орын беріп, ғылымда айтылатын «двойной стандартта» ерен еңбек етті, ерлік көрсетті. Мұқағалидың өзі «Ильич» пен «Маврды»жазғанымен, кезі келгенде «Мұсылмандарға хат» деп үн тастаған. Кеңестік кезеңде ақын-жазушыларымыз өзінің міндетін толықтай өтеді. Бұған партияның қол шоқпарына айналып, оны шынайы беріле жырлағандарды айтқым келмейді. Ондайлардың көптігі сонша, сабан болатын. Қаламақы үшін де қасиетінен айырылып қалғандар қаншама. Олар тарих жадында сақталмасы, ел құрметіне бөленбесі анық...

Хас таланттардың еңбегі арқылы кешегі әдебиет кемеліне келіп, кемерінен асты. «Қалыптасқан әдебиеттің қалыбы, пошым-порымы қандай, қай бағытта дамып жатыр, ілгерілеу бар ма», – деген заңды сұраққа, Аллаға шүкір, дарынды ақын-жазушыларды танып өскен таланттардың беталысы жаман емес дер едім. Олардан бірден жақсы шығарма күту қисынға келмейді. Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін де уақыт керек. Оны толықтай ұғынып, көркемдік синтезінен өткізіп, алмасқан жүйенің әсерінен арылып, шынайы шабытты сөйлететін күн әлі алда. Дегенмен, азаттықтың алғашқы романын, поэмасын жазып қалуға тырысып, тарихқа енгісі келгендер де жоқ емес. Олардың шығармасы шикі. Сезіммен жазылмаған туынды тарихта қалатын шығармалар қатары да қораш күйінде бой көрсетіп, уақыт өте мүшкілдіктен мерт болған жанның кебін киеді. Егемен елдің еркін әдебиетін жасап жатқан хас таланттар кім деудің өзі асығыстық. Өйткені, әдебиет  25 жылдан кейін жеміс беретін жаңғақ секілді. Жүйеалмасқан тұста, тізгініміз енді қолға тиген кезде қаламгерлерден бірден ұлы дүние күту заңдылыққа сыймайды. Бір сөзбен айтқанда, кешегілердей ел үддесінен шығар күннің шапағы енді атып келеді. Асығып, аптығудың реті жоқ», – деп тұтас бір мақаланы оқып тұрғандай, немесе ғылыми-танымдық конференцияларда әдебиеттану негізінде баяма жасағандай сөйлеген Аманхан Әлімұлын бүгінде сағынышқа айналған кейпімен көзге елестетіп, рухани тұлғамыз, көзтастар көкжиегіміз болғаны тұрғысында естелік жазудың өзі соғұрлым ауыр екен-ау…

Сынап түс сылаң қайғы сағынышым,

Қиялдан соқтым саған тағы мүсін.

Жарығын Жаратқанның жалған деме,

Бармақтай бастан тайған бағың үшін.

Ұқсайды үшбу тірлік қасқалдаққа,

Күні ауған қабырғалап аспан жаққа.

Ай-жылдар алтын айдар алқымдасқан,

Шығатын шығанға алып баспалдақ па?

Бүйрекше бүлк-бүлк қаққан сылаң сағым,

Басыла қояр ма екен бұл аңсарым.

Жағада жалған-айлап тұрған маған,

Көрінер құйрық-жалсыз жыланша ағын.

Адамның жан-дүниесін селк еткізер суреттемеден кейін шайырдың шырайлы шығармаларына тіптен құныға түсесің. Ойланасың. Әр өлеңнің сөзіне, теңеуіне мән берсің.

Задында Есенғалимен сырлас дос болып, Есенин жырларына ынтыққан Аманхан Әлімұлының өзі қай биікте еді? Меніңше, заңғарларға құлаш ұрған, биікке бойлаған, сөйте тұра сол көз тастар көкжиекке табан тигізген ақын секілді. Тек қарапайым болмысы мен табиғаты арқырап күлуден, жарқырап жүруден шеттеген сыңайлы.

Сол апайтөс Алматыда ұшырасқаннан кейін де Аманхан Әлімұлы ағамен ұшырасып қалдық. Ол одан бертінде еді. Дәстүрлі әнші, бүгінде қазақ қоғамының талқысына көп түскен Бекболат Тілеуханның концертіне барыппыз. Біз – Талдықорғаннан, ол кісі үйінен төтелей Республика сарайына жеткен. Сағынысып қауышқандай арадағы біршама уақыттың өзінде біз дін, бүгінгі қазақ қоғамы және Ахмет Яссауидан тартып Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім болып жалғаса берер тұлғалардың жаратушы хаһындағы жырлары тұрғысында сөйлескен едік.

​««Братья Карамазовы» шығармасында Ф. Достоевский «Социализм болатын болса, құдай жоқ. Ал құдай бар болса, социализм өтірік» деген сөзді Карамазовтың аузына салады. Астарына үңілсек, Достоевскийдің тәмсілі ақиқатқа айналды. Кеңес үкіметімен бірге социализм құрдымға кетіп, құдайдың бар, бір екеніне көз жеткіздік қой?» – деп жылы жымиған Аманхан аға Әлімұлы, ары қарайғы ойын тоқтаусыз толғай жөнелді.

​«Дін сарыны проза мен поэзиямызда бар болғанымен, кемшілігі жоқ емес. Мұның қатерлісі сопылық пен зайырлы поэзияны ажырата білмеуімізде жатыр. Өлеңге «Алла» атауын қосқанның бәрін сопылыққа жатқызып, оны Исламның көрінісі деп есептейміз. Шығарманың сыртқы формасына қызыққандықтан, ішкі мазмұнына үңіле бермейміз. Абулхасан Рудаки, Омар Һайям, Низами поэзияларында құдай атауы өте көп кездеседі. Бұл парсылардан өрілген сопылық жырдың үлгісі. Шығармалары адамды туралыққа бастап, Аллаға апарар жолды нұсқайды.

Біздің кемшіліктің түп—төркіні – Құранды толық меңгермей, өлеңнің сыртқы формасына қызығу. Қасиетті жазбада ақындарға түскен «Шұғыра» сүресі бар. Сол сүре аяттарын оқыған соқыр сенімдегілер ақындарды діннен бөліп тастағысы келетіні де баршылық. Ал неге Рудаки, Омар Һайям, Низамиларды классик дейміз? Алланы шын танып, Құранның мән-мағынасын бойына сіңіргендіктен тарихта есімдері бедерленіп, өлмес мұралар қалдырған олардың деңгейіне жету үшін жыр-дастанның пошым-порымы мен астарын қатар өрнектей білуіміз керек.Алайда, дін – алмас қылыш секілді. Дұрыс сермемесең ұлтқа зиянын тиігізеді, өзіңді арандатады, сондықтан сендердей жас жігіттердің бұл тақырыпқа біліммен бет бұрғаны жөн», – деп кеңесін беріп еді.

Шындығында талай жасты саясында паналатқан Аманхан ағаның пейілі алабөтен сезіліп тұрушы еді. Мінезі де қызық. Адамзат қызыққан асылды тас деп бағалайтын, дүние қозғалса да әдебиет үшін еңбектенуді артық санайтын ол кісі марапатқа да мойынсал емес-тін.

Күзі бақтың қалың жабырағын таптап жүрген бір шағында біз өрбіткен рухани әңгімедегі пікірін қайталаған. Ол кесімі өзгеріссіз екен. «Нобель сыйлығына қызыққан қаламгерлерді түсінбеймін. Ақшасы көп, аңыз болып қаламын демесең, оған қол жеткізу үшін кешегі беларусь әйелі Светлана Алексиевич пен түрік жазушысы Орхан Памук секілді өз ұлтыңды аяққа таптап беруің керек. Яғни, аңыз-атақты алуда саясат ойнайды. Ел кемшілігін ашып жеткен атақ кімге керек. Қаламгердің қадір-қасиеті ұлтын сүйе білуінде. Сондақтан да өз ішкен құдығыңа түкіріп жеткен атақтан, жұртыңның «жақсы жазушы» деген бір ауыз сөзі артық.

​Элиот, Кафка, Сендбергті мақтайтын, соларға табынып жүрген жас жазушыларға таң қалатынымды да жасыра алмаймын. Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондондарды оқыса, алдыңғыларды мақтаудың далбаса екенін сезер еді. Біздің азаматтар космополиттік, нигилистік бағыттағы шығармаларды оқиды. Сонымен қатар, табиғаты мүлдем бөлек Мұқағали мен Жұмекеннің Уйтменді қазақша сөйлеткеніне әлі күнге дейін таңданамын. Өз болмысына жақын шайырларды ғана аудару керек деп есептеймін. Мен Есенин, Николой Рубцов, Николай Тряпкинді аударып, ақындық табиғатыма кереғар Маяковский мен Вознесенскийді өлсем де қазақша сөйлетпес едім. Осы жағынан келгенде аударманың жақсы болуы қос ақынның рухани сабақтастығы мен шығармалардың үндестігінде жатыр деуге болады», – деп бір тоқтаған Аманхан аға ащы шылымың түтінін будақтатып, талай-талай толғаулы ойы ортадан үзіп кеп жіберген. Сондағы айтпақ болғаны, төмендегідей:

«Әрбір жазушы қиын болса да Абай ұстанған көрем аударма нұсқасын бойына сіңіруі керек. Ал аудармаға отырғанда «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – деген Ахмет сөзін ұранына айналдырса, бүгінгі таңда арнайы комиссия құрылып, таңдаулы туындылар тәржімаланса, Нобель іргеңнен шықпайтын еді. Ал бізде бәрі басқаша»…

Расында жалғанға жаны қас, өз қоғамының нағыз суреткері болған текті тұлғалардай қойынына Есениннің ақжемделіп, тозуға тақаған кітабын салып жүріп асқақ мұрат жолында еңбектенген Аманхан аға Әлімұлы шынайы болмыс еді. Ол кісі қолына от ұстаған оттың өзі еді.

Жүрегіңнен жаныма түскен арай,

Сілкіп тастай аламын күшпен қалай?!

Шашың қалар шашылған жастығыма,

Жасың қалар оңаша ішкен талай, – деп ғажайып жырлар түлеткен, елінің мұңын мұңдап, жырын биік өреде өрнектеген Аманхан Әлімұлын біз де, қоңыр күз де, аялы Алматысы да сағынған болар. Есенинді ежіктеп, ай нұры алақаныма қонған сәтте «Ай нұры алақанымда» деп жырлаған есенинсүйгіш аяулы ақынды сағынғанымыз еске түсті…

Шыңғыс Шахан

Қатысты жаңалықтар

Көпқабатты үйдің бір кіреберісінен төрт адамның денесі табылды

Көпқабатты үйдің бір кіреберісінен төрт адамның денесі табылды

05.03.2026
Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленеді

Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленеді

05.03.2026
Жақсы дәрігер жанға дауа

Жақсы дәрігер жанға дауа

05.03.2026
Қазақстанда сапасы бойынша сирек кездесетін антрацит көмірін өндіру басталады

Қазақстанда сапасы бойынша сирек кездесетін антрацит көмірін өндіру басталады

05.03.2026
Елде жас дәрігерлер қатары артып, кадр тапшылығы азайып келеді

Елде жас дәрігерлер қатары артып, кадр тапшылығы азайып келеді

05.03.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.