Талдықорған: +4°C
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

Ұлт перзенті

19.10.2025
РУХАНИЯТ
Ұлт перзенті
WhatsAppTelegramFacebook

Қазақ халқының біртуар тұлғасы Ілияс Жансүгіровтің жүріп өткен жолына қарап отырсақ, ұзақ уақыт арман еткен оқуы – Мәскеуде білім алуына үлкен кедергілер болғанын, соған қарамастан аяулы ісін қандай қиындық кездессе де іске асырғанын көреміз. Біріншіден, Ілиястың бұл жолды таңдауына әкесі Жансүгір қарсы болады. «Жансүгір – әкем, көзі тірі, жылы жылан, жетпіс бірде. Ескі пікірлі адам…» деп еске алады. «Сенің оқуың маған Құран оқырлық дәрежеде болса жетер- лік…», – деп Ілиястың ары қарай оқуына онша ықыласты болмайды. Кім біледі, әке жүрегі баласының ауыр трагедияға ұшырайтынын сезді ме екен?!

1925 жылы 31 жасында білімге кеш келген Ілияс жоғары білімді маман иесі болу мақсатымен Мәскеуге Мемлекеттік журналистер институтына жолдама алады. Мақсатына жету үшін көп кедергі болғаны анық. Біріншіден, жас ерекшелігі, екіншіден, Ілиястың отбасы бар еді.

Аз уақыт Аманшамен Мәскеуге барып, тұрады. Бірақ әйелі аурушаң болғандықтан еріксіз еліне қайтарды. Оның үстіне, Аманшаға көңілі ерекше еді. Мейірбан әпкесі Балдыбаланың қолына қалдырып, ұзақ сапарға аттанады. Балдыбаланың күйеуі Әндіжаннан ауып келген Құрбан деген өзбек жігіті базарда сауда-саттықпен айналысатын. Аман 1927 жылы Ілияс оқуда болғанда қайтыс болады. Сонау Мәскеуден жерлеуге кешеуілдетіп келген Ілияс Аманға жоқтау өлең арнаған. Оны «Айырылу аттанысында», «…ға», (1925 жылы), кейін «…Моласында» (1927 жылы) деген жырларынан кездестіреміз. Ілияс алғашқы рет жар қызығын Аманша Берентайқызынан көреді.

Осы игілікті жолды айқындау мақсатында Мәскеудің Мемлекеттік журналистика институтына баруды мақсат еттік.

2023-2025 жылдары «Гуманитарлық ғылымдар даму процесіндегі Ілияс Жансүгіров мұрасы: ХХІ ғасыр контексінде» (№АР19680053) атты ғылыми іссапарға шықтық. Сапарға шыққандар құрамында жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Қияхметова, жобаның аға ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ержан Буланов және жобаның аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов, яғни мен бармын. Жоба аясында хат жазысу арқылы Мәскеу архиві бұл қадамға еш қарсылықсыз ықыласты екендіктерін білдірді.

Сапарымыз сәтті болатындығын ауарайының өте қолайлы, күннің шайдай ашықтығы байқатты. Мәскеуге таңғы алтыда жетіп, архив пен кітапханаға жақын «Софит» атты орталықта орналасқан қонақүйге жайғастық. Алғашқы қадамды Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен бастадық. Ол мекеме Мәскеудің Пироговская көшесінде орналасқан екен. Алдын ала жазған хат пайдасын тигізді, лезде құжаттарымызды көрсетіп, бірден іске кірістік.

Қажетті тапсырыс қолымызға тиіп, бірден Ілиястың оқыған жері мен алған біліктілігін растайтын құжаттары, керекті қағазы өз ісіне ыждағатты қызметкерлердің арқасында алдымызға келді. Сонымен, Ілияс оқыған КИЖ-дің құжаттары архивке қандай жолмен келді, осыған көңіл бөлелік. Алдымен қаламгердің сол кездегі өміріне байланысты тарихи мұрағаттармен танысалық. Сол кезде Фатима Ғабитоваға жазған институттың мекенжайы: «Москва, Первомайская, 13, КИЖ» деп көрсеткен. Осы жайды, көрсетілген ғимараттың қазіргі кездегі нақты мекенжайын, тарихын анықтауда бір емес, бірнеше архив материалдарына жүгінуге тура келді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, сол ғимараттың арғы-бергі тарихына тоқталғанымызда қызғылықты деректерді кезіктіргенімізді айтып өтелік. Ілияс Жансүгіров оқыған КИЖ, кейіннен Бүкілодақтық Коммунистік журналистика институты, 1921 жылы Малая Дмитриевка көшесіндегі №12 ғимаратта ашылады. Бұл көше 1927 жылға дейін «Малая Дмитриевка», 1927 жылдан бастап «Мясницкая», 1928 жылдың екінші жартысынан бастап «Первомайская» болып аталса, 1944 жылдан А.П. Чехов есімін иеленген болып шықты.

Бұл көшенің бойындағы №29 үйде 1890-1892 жылдары А.П. Чехов тұрған, атақты «Дуэль», «Попрыгуня», «Палата №6» шығармалары осы үйде дүниеге келген және ол 1910 жылы осында, №10 пәтеріндегі туыстарына ат ізін салған екен. Аталмыш жағдайларға орай Малая Дмитриевка көшесінің атауы ұлы жазушының құрметіне өзгерген болып шықты.

Институт ғимаратының бұрынғы тарихына үңілсек, 1831-1834 жылдары декабрист, граф М. Орлов тұрған кезде осы үйде оның демократтық ой-пікірдегі А. Пушкин, Е. Баратынский сынды ақын-жазушы достары жиі жиналатын дәстүр болғандығы туралы да деректердің жеткілікті екендігі анықталды. Қаламгер оқыған журналистика институты орналасқан ғимарат туралы тарихи фактілер негізінде қалыптасқан бір түйін ойларымыз осы.

Келесі факті – Ілиястың студенттік өміріне байланысты қазіргі Ресейдің мемлекеттік архивіне түскен құжаттары төңірегінде болмақ. Сарғыш тартқан құжаттарды көргенімізде жүрек лүпілдегені анық. Оның жалпы саны 13 екен, мазмұнына қарай оларды 4 топқа бөлдік.
1. Ілияс Жансүгіровтің өмірбаянын толықтыратын және нақтылайтын құжаттар:
а) Бүкілодақтық коммунистік партия қатарына өту мерзімі – 1924 жыл, анықтайтын құжат – Мәскеудегі мемлекеттік журналистер институты жанындағы БКП (б) ячейкасы 3-ші партия үйірме мүшелерінің жалпы жиналыс хаттамасы.
ә) 1927 жылы 15-18 қаңтар аралығында институтта өткен партия санағы БКП (б) ячейкасы бюро мәжілістері хаттамаларының құжаттарынан (№84, 8 желтоқсан, 1926 жыл. №86, 19 қаңтар 1927 ж.) негізінен жаңа үлгідегі партбилеттер беру науқанымен айналысқан.
1925 жылы қыркүйек айының мүшелік жарнаны төлеу тізімінде Ілиястың партбилет номері – №92994, 1928 маусым айының тізімін- де – №0086249.
б) Институтта оқыған жылдары мүшелік жарнаны төлеу тізімдерімен де нақтыланады. Алғаш рет Ілияс Жансүгіров фамилиясы 1925 жылдың қыркүйек айында, соңғы рет 1928 жылдың маусым айларының тізімдерінде көрсетілген.
2. Осы институтта оқып жүрген мерзімде ресми ұжымдардың Ілияс Жансүгіровке берген мінездеме топтамасы:
а) Саяси сауатты. Тәртіпті. Сабырлы және салмақты. Орташа белсенді – БКП (б) ячейкасы бюро мәжілісінен;
ә) Шаруа. 1924 жылдан партия мүшесі. Саяси сауатты. Үйірмеде белсенді, тәртіпті, сабырлы. Жиналыстарға уақтымен қатысып отырады. Институттан тыс практикант санатында рабкоррлар үйірмесінде жұмыс жасады, өз жұмысында қызығушылық және белсенділік көрсетті – (БКП(б) ячейкасы 3-партия үйірме мүшелерінің жалпы жиналысының №11 хаттамасы).

Ілияс Жансүгіровтің көрген-білген замандастары ол туралы естеліктерінде «…нағыз азаматқа лайық қасиеттерінің ішінен сырлы да сырбаздығын, алыстан ойлап, кеңінен толғайтындығын, асып-саспайтын маңғаздығын және қандай жұмыс, тапсырма болсын үлкен жауаптылықпен қарайтындығын…» ерекше бөліп айтады. Өнер-білімге кеш келген Ілияс аз ғана өмір сүрді, бірақ осы мерзімде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, беделді ұстаз, танымал жазушы, ақиық ақын, үздік журналист болып қалыптасты.

Міне, осының бәріне де уақыт тауып, жемісті қызмет етуіне оның жоғарыдағы қасиеттері себепші болғаны айқын.
3. 1927 жылы жазғы тәжірибені қалай өт-кергені туралы жеке есебі: жазылған мерзі- мі – 27.12.1927 жыл.
4. Жатаханада және жеке пәтерде тұратын студенттердің тізімінде І. Жансүгіровтің мекен-жайы «Царицыно дачное, Покровская сторона» деп көрсетілген. Бұл деректер – ғылыми қызметкерлерге Ілияс тұрақтаған мәскеулік мекенжайды жүйелі түрде іздестіріп анықтауға бағыт-бағдар болады деп есептейміз.

Ілияс Жансүгіровтің орыс халқына танымал болуына ерекше еңбек еткен жазушы аудармашы Константин Алтайский былай деп әңгімелейді:
«Бір күні Москвадағы Горький көшесінде екеуіміз келе жатқанда ол астанада үш жыл оқығанын, Маяковскиймен, Багрицкиймен, Светловпен кездескенін, музейге, Третьяков галереясына, Ленин кітапханасына барған шақтарын әңгімеледі. Оның «Дала» поэмасы өз халқының тарихын ақын тілімен жырлап берген қазақ «Илиадасы» десе болғандай. Көп жыл өткен соң мен осындай тамаша поэманы орыс тіліне құштарлана аудардым».
Бізді қызықтырған келесі дүние – Ленин кітапханасы еді. Өйткені, Ілияс өзінің студенттік ұзақ күндерін Ленин кітапханасында өткізеді, оның себеп-салдары белгілі еді.
«Мамания» мектебінде төрт ай шамасында оқыған тұста Барлыбек Сыртановтың аузынан талай рет естіген әлем әдебиетінің жауһарлары, оның құдіреті Ілиясқа маза бермейді.

Жас кезінде өзінің табиғат берген қабілет-қарымы арқасында ауылды жердің «оқуын» толық иге- ріп алған Ілиясты алға, білімге жетелеген тағы бір жайт – Барлыбек Сыртановпен кездесуі.
Барлыбек Сыртановтың баласы Әбдул-қадыр (Кәке) Сыртанов былай деп еске алады: «Ілияспен жақын танысып араласып кеткенім әлі есімде. 1913 жыл еді. Онда әкем тірі. Ілияс менен ересектеу болатын. Біздің үйге келгенде жас әнші жігітке әкем араб әрпімен басылған қазақ кітаптарын беруші еді. Орыс, Еуропа ақындары туралы айтып отыратын» (Азамат ақын. Алматы, 1994,180 бет).

Дегенмен Ілиястың сол тұста өзінің хал-қадірінше әлемдік әдебиеттен хабардар болғанын төмендегі деректер жоққа шығармайды.
Мәрзия Ильдарова – кеңес өкіметі тұсында түрлі қызметте болған, көз қарақты, білімді адам. Өз естелігінде Ілиясты 1918 жылы Ақсудың батысындағы Қайнар дейтін ауыл мешітінде орыстың және батыстың атақты классиктерін оқып отырғанын көреді. Кейін сол кітаптардың бірқатарын аударып қазақша сөйлетеді. Ол кітаптар XIX ғасырда жарық көрген озық ойлы авторлар Л. Толстойдың «Семья», «Бақыт неде?», Салтыков-Щедринның он екі томдық жинағы, сол сияқты И. Гончаров, А. Чехов, И. Тургенев, К. Григорович, М. Лесков, В. Жуковский, А. Шиллер-Михайлов, Ф. Достоев-ский, В. Белинский секілді ақын-жазушы, сыншылардың шығармалары болған. Сонымен қатар, XIX ғасырдың аяғына дейін және ХХ ғасырдың алғашқы он жылында орыс тіліне аударылып үлгерген әлемдік әдебиет өкілдерінің де шығармалары көп кездескен. Мысалы, Г. Гейненің алты томдық жинағы, сол сияқты Вальтер Скоттың он төрт томдық жинағы, М. Сервантестің «Дон-Кихоты», Фирдоусидың «Сохрабтың тарихы», А. Доденнің повестері мен әңгімелері, бір ғана Жюль Верннің шығармаларынан жиырма төрт кітап болған.

Сөйтіп, мұсылман дінін уағыздауға арналған Қайнар құмындағы мешіт әлемдік әдебиеттің асыл қоймасы болып шыққан. Мұны судан сүзіп ішкен тума талант Ілияс әлемдік әдебиеттің түрлі әсем үлгілерін өз қолына ұстап, өнегесінен үйренген, еркінше оқып, еміне сусындаған.
Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді. Сағат санап өскен жаңа өмірдің әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі.

Сонда Қайнар мешітіне бұл қазына қайдан келген?

Жетісудың жергілікті халықтарының ішінде ертеректе оқып, білім алған ұлт өкілдерінің бірі – Барлыбек Сыртанов. Ол өткен XIX ғасырдың соңғы жылдарында орысша оқуға шақырылып, Верный гимназиясын алтын медальмен, Санкт-Петербург университетінің араб тілі факультетін күміс медальмен бітіріп, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы ішінде Жетісу облыстық басқармасында тілмәш болып қызмет атқарған. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясының ықпалымен патша өкіметінің саясатына қарсы болып, жергілікті қазақ-қырғыз арасында саяси-ағартушылық жұмыстар жүргізгені үшін 1908-09 жылдары қызметінен қуылған. Сөйтіп, Ақсу ауданындағы Сүттіген ауылына көшіп келген Барлыбек Санкт-Петербургте сатып алған әлемдік әдебиеттің алтын қоры 2000 кітапты елге артып ала келеді.

1909 жылдан өзі қайтыс болған 1914 жылдың аяғына дейін «Қарағаш» мектебінде оқып жүрген қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берсе керек. Өйткені, Барлыбектің баласы Кәке Сыртанов өзінің естеліктерінде: «Мұғалім болып жүргенде Ілияс Жансүгіров Барлыбектің кітаптарын алып, сақтап жүретін», дейді. Ал сол жылдары Ілиястың «Қарағаш» мектебінде оқығаны белгілі.

Келесі кезекте бізді қызықтырған дерек, – Ілияспен қатарлас, тағдырлас замандасы Әлихан Бөкейхановтың жерленген жері еді. Ол жерді табу да еш қиындыққа түспеді. Бізбен сапарлас тарихшы Ержан Олжабайұлы Әлихан Бөкейхановтың өмір тарихын өте жақсы зерделеген жан екен. Сондықтан көп ұзамай тағдыры күрделі, заман теперішін бір адамдай көрген асыл азаматтың белгі қойған зират басын көріп, тәу етіп аруағына бас иіп, Құран бағыштадық.

Ол кісімен бірге Нұрмақов Нығмет бірге атылып, бір күнде (27 қыркүйек) бақиға аттанған екен.
«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен – қазақтың баласы!», деген жазу ғана қазақ азаматтарының белгісі. Елі, жұрты үшін басын өлімге тіккен асылдардың жат жерде жатқанына аза шексек те, еліміздің тәуелсіздігі үшін, көрген азабы мен мехнаты тегін кетпегеніне тәубешілік еттік.

Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының «Ілиястану» ғылыми-практикалық
орталығының меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Қатысты жаңалықтар

Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

05.03.2026
Алтын қор

Алтын қор

05.03.2026
Көпқабатты үйдің бір кіреберісінен төрт адамның денесі табылды

Көпқабатты үйдің бір кіреберісінен төрт адамның денесі табылды

05.03.2026
Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленеді

Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленеді

05.03.2026
Жақсы дәрігер жанға дауа

Жақсы дәрігер жанға дауа

05.03.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.