Залда жарық сөнді. Сахнаға нұр төгіліп, «Өзбекәлі» қойылымының алғашқы сәті басталғанда, кеудемді ерекше толқу биледі. Ортада бір адамның тағдырынан бөлек, тұтас ұлттың өмірін көріп отырғандай күй кештім.
Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен бұл қойылым – өз елін өзегім деген Өзбекәлі Жәнібековке арналған тағзым іспетті. Қайраткер бейнесін сомдаған актердің әр қимылы мен сөзі көрермен жүрегіне жылылық ұялатты. Әр репликасы тарихтың тереңінен жеткен үнге айналып, бізді бір мезетте мәдени майданға жетеледі.
Өзбекәлі атамыздың өмір жолы – елдік пен еңбектің өнегесі. Ол бар ғұмырын мәдениет пен білімге, ұлттың болашағына арнады. Қазақтың киім үлгісінен бастап, тұрмыс салты мен салт-дәстүрін жаңғыртып, оны ғылым мен өнер деңгейіне көтере білді. Сол үшін де халық оны биік бағалайтынына бүгін тағы көз жеткіздік.
Қойылымның ең әсерлі тұсы – қойшының қызы жайлы көрініс. Қарапайым ауыл тіршілігі, бірақ жүрекке жетерлік терең мағына бар. Қалаға барып, білім алғысы келген қазына әкесі:
– Қыз баланың несі бар оқуда? Қой бағып, ауылда қал, – дейді.
Сонда сахнада тұрған Өзбекәлі:
– Оқы, қызым. Елдің ертеңі – білімде. Сенің көзіңде от, жүрегіңде сәуле бар, – деп үміттендіреді.
Жылдар өте, сол қыз өз арманына жетіп сот болып, кезінде ақылын тыңдаған Өзбекәлі Жәнібековпен қайта жолыққанда:
– Мені танисыз ба, аға? Мен баяғы қой соңында жүрген қыз едім ғой, – дейді. Дәл осы сәтте көрерменнің бірі толқып, бірі көз жасына ерік берді. Себебі, бұл сәт – адамның тағдырын өзгертудің, сенім сыйлаудың, шынайы адамгершіліктің көрінісі еді.
Иә, қойылым барысында Өзбекәлі Жәнібековтің болмысы ашылды. Тұлғалығы байқалды. Оның ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған азамат болғанын сахналық көріністер анық көрсетті. Мысалы, Торғай сапарындағы «Изобилие» деген дүкен атауын ойланбастан «Береке» деп өзгертуі – өз тіліне деген құрметтің белгісі. Сол арқылы ол қазақ болмысын ұсақ деталь арқылы да ұлықтай білді.
Қажырлы қайраткердің елге сіңірген еңбегі сан салалы. Атап айтсақ, Түркістандағы қасиетті тайқазанды халқымен қайта қауыштыруын, кеңестік кезеңде тыйым салынған Наурыз мерекесін жаңғыртып, ұлттың жаңаруына жол ашуын, музей ісін, этнография мен дәстүрлі өнерді дамытып, талай жасқа бағыт-бағдар беруін осы қойылымнан анық көруге болады.
Шынтуайтында, спектакльді тамашалап отырып, мен бір нәрсені анық ұқтым: ұлттың қадірі де, елдің еңсесі де осындай тұлғалардың еңбегімен асқақтайды. Ұлт бар жерде зиялы қауым өкілдері міндетті түрде болады. Абай атамыз айтқандай, қай іске де ыстық қайратын, нұрлы ақылын, жылы жүрегін қосып, әр ұлттық құндылықты сақтап қалуға білек сыбана кіріскен адам алып тұлғаға айналады. Сол себепті де халық оны «мәдени майданның» сарбазы санайды. Сонау 70-жылдардағы қиын кезеңде де қазақ өнері мен дәстүрінің қайта қанат жаюына ұйытқы болған да – осы елім мен жерім деген Жәнібеков екені дәлел.
Қойылым аяқталып, актерлер иіліп сәлем бергенде, көрермендер өз тарапынан үлкен алғысын жаудырып, ұзақ қол соғып тұрды. Сол сәтте менің де көңілімде бір ой тұрды: Өзбекәлі сынды азаматтар өмірден кетпейді, олар елдің есінде мәңгі қалады. Өз ұлтының сәулесін жүрегіне ұялатқаны, бүгінгі қойылымның айғағы. Ол бізге өткенді еске салумен қатар, болашаққа деген сенім сыйлады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





