Ел тарихында орны ерекше өңір көптеп саналады. Соның бірі – тоғыз жолдың торабында жатқан Күреңбел өңірі. Шапқыншылық кезеңінде ұлттың ұйытқысындай болған мекенді ақ патшаның тұсында Тезек төре жайлаған, этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы күндерін өткізген, кейінгі ақ пен қызылдың қақтығысында талай боздақ шәһиттік кешкен өңір бүгінде өндірісі мен кәсіпорны дамыған, инвестиция құю бойынша облыста алдыңғы орын алған ауданға айналып отыр. Табысы басым, түсімі мол ауданның жетістігі мен көрсеткіші жайлы оқи отырыңыздар.
Жылдағыдай баспасөзге жазылу науқанына орай Сарыөзек кентіне барғанымызда бізді Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Жанат Жүнісбеков қарсы алып, қол жеткізген жетістіктер мен көрсеткіштерге тоқталды.
– Ауданымыздың инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Жыл басында биыл ауданға 40 миллиард теңгенің инвестициясын әкелу жоспарланған болатын. Өткен 9 айдың ішінде 39 миллиард 970 миллион теңге инвестиция құйылды. Атап айтқанда, аудандағы ең қомақты инвестицияны «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» мен «Alacem» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және Жоламан аумағында суару жүйелерін қалпына келтіріп, мал бордақылаумен айналысатын «Агрохолдинг Жетісу» ЖШС, сосын Көксу өзенінен 2 су электр стансысының құрылысын жүргізіп жатқан «ЭнергоБилСервис» ЖШС ең ірі инвесторлар саналады. Одан бөлек, Жоламан ауылында қиыршық тас-құм өндіретін зауыт жұмыс істеп тұрса, аудан аумағынан алтын кенін ашу мақсатында «Кең Дала» компаниясы келіп жатыр. Тағы бір мақтанышпен айтуға болатын жоба Сарыбұлақ ауылына тиесілі 400 гектар жерге «Жасанды Интеллект» ЖШС күн батареяларын орнатпақшы. Дәл сол ауылда табиғи газды баллондарға құятын зауыт ашу жоспарлануда. Міне, осындай қуанышты жаңалығымыз бар, – деген Жанат Төлегенұлы аудан аумағындағы жобаларға инвестиция салушылардың басым бөлігі отандық кәсіпкерлер екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ауданда туризм саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, «Алтынемел» ұлттық табиғи паркі мен Шоқан Уәлиханов музейіне келушілердің саны жыл өткен сайын артуда. Мысалы, 2024 жылы ауданға 38 мың турист келген. Оның 12 мыңы шетелдік азаматтар. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия секілді Еуропа елдерінен келушілер көп. Ал, биылғы 10 айдың ішінде саяхаттап келген 27 мың туристің 8760-ы шетелдік. Осыған орай аудан көлемінде туризм саласындағы кәсіпкерлердің саны артып, халыққа лайықты қызмет ұсынуды қолға алыпты. Осыған орай бір ғана Басши ауылында 12 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Тіпті, бір кәсіпкер қонақүйі, мейрамханасы, тікұшақ қонатын алаңы бар кешен салмақшы.
Жалпы ауданда 2023-2025 жылдары игерілмей жатқан 47 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 3800 гектар егістік жер диқандарға конкурс арқылы беріліпті. Қалғаны жайылым ретінде ауылдық округтердің әкімдіктеріне бекітіліпті. Оны жайлауға, күздеуге, көктеуге шығатын малшылар пайдалануда.
Көпшілікті алаңдатқан мәселенің бірі – Сарыөзек ауылындағы ауызсу екені белгілі. Қазір осы мәселені түбегейлі шешу үшін, мемлекеттен 3,5 миллиард теңге бөлініп, «Сапа құрылыс – 2007» ЖШС құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның арқасында келер жылы сарыөзектіктер таза ауызсудың игілігін көреді. Сонымен қатар, басқа ауылдарды ауызсумен қамту мәселесі шешіліп отыр. Одан бөлек, аудан тұрғындары үшін 188 үй салынып, 98 апаттық пәтердің 60-на жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен ауданда 17 дәрігерлік амбулатория салынып, тұрғындардың игілігіне берілген. Жалпы аудандағы 63 ауылдың 47-сінде емхана жұмыс істеп тұр. Мектептер мен балабақшалар, спорт кешендері, ветеринарлық бекеттер аудан жұртшылығына қызмет көрсетеді. Ауданның мәдениет, білім саласы жетістікке толы.
Тағы бір айта кететін нәрсе – аудандағы «Alacem» ЖШС кен орнына апаратын техникалық жол салып, Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық жолға жүк көліктерін жүргізбейтін болыпты.
Міне, тарихы терең Күреңбел өңірінің жетістігі осылай өріліп, қалыптасып отыр.
Басылым жанашырлары алғысын жеткізді
Текеметтің түріндей күнде түрленген мына дүниеде адамға шын жанашыр керек. Ата-ана, туған-тумадан бөлек жанның, рухтың қуатты болмағы үшін, түпсанаға қалқан болатын рухани күш қажет. Сол рухани күш – газетте. «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» газеттің арғы-бергі тарихын парақтасақ, ұлт үшін, ел үшін деген мүддеден өзгесі жоқ. Тамырын сонау «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газетінен бастаған бүгінгі қазақ газеті сол мүддені әлі де тұрмысына арқау етіп келеді. Қоғам дертін тамыршыдай дөп басып, ойы мен өрісі елдік һәм мемлекеттілік идеясының темірқазығына айналған Жетісу өңірінің рухани қалқаны «Jetisý» газетінің қаламгерлері Күреңбел өңіріндегі сапары барысында оқырмандарман кездесті.
Қағаз бетінде ұлт ұстынын, ел идеологиясын әспеттеген «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымы газет жанашырларымен кездесуде де сол үдені, сол мақсатты тілге тиек етті. Күреңбел орта мектебінде шымылдығын түрген жылы жүздесуде сөз алған «Jetisý» газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай басылымның бүгінгі мақсат-міндетін, болашағын һәм елдік мүдде жолындағы негізгі миссиясын пайымдады.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, сөзі һәм тілі» деп тегін айтпаса керек. Технология дамыған дәуірде де газет сол миссиядан айныған емес. Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуіріне аяқ басқанымызды айтты. Дейтұрғанмен, адамзаттың ұлы игілігін көмекші ретінде пайдалануымыз керек. Қазіргі қоғам көрсетіп отырғандай жастарымыз оны жетекші етіп алғандай. Қарапайым эссе жазуды да жасанды интеллектіге жүктеп қойғанбыз. Доңғалақ ғылыми үдерістің бастауы болғанмен, адамның ұлы жетістігі жазу мен оқу болып қала бермек. Оқыған жұрт ойланады, ой адамның ұлы құндылығы. Ақыл-ойдың жемісіне «жем болмау» үшін, ұрпағымызды оқуға һәм жазуға машықтауымыз керек. Қазір қоғам қауіпті. Талай жұрт сананы улауға бағытталған. Ал сана – ойдың ордасы. Санасы уланғандарды кері қайтару қиынның қиыны. Жас ұрпақ қағаз секілді.
Арампиғылдылар сол ақ парақты баттасқан бояу етпес үшін оқуға машықтауымыз керек. Ол үшін елдік мүддені көздеген газетіміз даяр. Ұрпақ тәрбиесінің бір құралы – «Jetisý» газеті болсын, – деді Мәди Әсетұлы.
Оқырмандар да толғамды оймен, сауалын арқалана келіпті. Көпті толғандырған жайт та жоқ емес. Телефонға телмірген дәуірде газеттің электронды нұсқасын дамыту, жасанды интеллект тетіктерін пайдалану сынды сауалдар жолдады. Өз кезегінде Мәди Алжанбай мұндай жаңашылдықтар газетте жүзеге асып жатқанын, «Jetisý» газетінің сайты өз алдына дербес ақпараттық кеңістік қалыптастырғанын жеткізді. Оқырмандар кездесу соңында өңірдің абыз басылымы «Jetisý» газетінің жанашыры болып қала беретінін жеткізіп, тұшымды ой, пайымды әңгімелер үшін тілшілер қосынына алғаусыз алғысын жеткізді.
Бас ауыртқан түйіннің тіні тарқайды
Күреңбелдің тәуелсіз ел болғалы бас ауруы ауызсу еді. Әсіресе, Сарыөзек елді мекенінің әрбір тұрғыны үшін бұл мәселе балтыр сыздататын жайт-тын. «Алты ай бойы алынбаған, алты ай бойы берілмеген Отырардай» мәселені талай әкім нысанаға алғанмен, жебе дөп тиіп шешілмеді. Ақжолтай жайт – түйін тарқауда.
Қазір Сарыөзекте «Сапа құрылыс – 2007» ЖШС қарқынды жұмыс үстінде. Серіктестіктің 70 жұмысшысы негізгі желіні тартуда. Мақсат – жерге тоң түспей, жерасты жұмыстарын аяқтау. 2024-2026 жылдарға арналған нысан құрылысы бойынша 110 шақырым су құбыры тартылып, 1 дана су қоймасын салу көзделген. Құрылыс басталғалы 2 жыл ішінде су жүйесінің 81 шақырымы ауыстырылып, 501 құдық және 58 өрт сөндіру гидранты орналастырылған. Серіктестіктің құрылыс учаскесі бастығы Таберт Вильгельмнің айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары 80 пайызға аяқталған.
– Қазір қайта жаңғырту жұмыстарына 15 техника жұмылдырылған. Келер жылы шілде айында нысан пайдалануға беріледі. Қазір құрылысшылар құбыр тартып, қазылған жерді қайта қалпына келтірумен айналысуда. Тұрғындар тарапынан кейде түсініспеушілік туындап қалады. «Асфальт жолды бұздыңдар, көлік жүре алмай қалды» деген шағымдармен түсіп, базынасын айтып жатады. Игілікті іс үшін мұндай жағдайлар қалыпты. Жолды да қалпына келтіреміз. Қазіргі біздің қарекет – тоң түспей жер қазу, құбыр тарту және қазылған жерді қалпына келтіру. Осыған сарыөзектік тұрғындар түсіністік танытса, – дейді.
Учаске бастығымен дидарласу барысында ауыл тұрғындары жол үстіне құбыр желісінен шыққан топырақты тастамауын өтініш қылып келді. Таберт Вильгельм мұның бәрі кешке дейін қалыпқа келтірілетінін жеткізіп, алаңдамауын өтінді.
Қалауын тапқан кәсіпкер
«Қалауын тапса, қар жанар» деген сөз бар. Ебі бар, икемді кісілердің тірлігіне сүйсінгеннен айтылған ұлағат қой. Кербұлақ ауданында ебі бар жігіттер баршылық. Қалауын тауып оңтайлы қарекет еткен жігіттердің қатарында Диас Нұрғалиев те бар. «Туған жерге туыңды тік» тәмсілінің тамырына қан жүгірткен азамат өзі. Алып шаһар Алматыға арман қуып кетіп, тұрмысын қым-қуыт қала тынысына арнаған кейіпкеріміз биыл мамыр айында кіндік қаны тамған Сарыөзекке ат басын бұрады. Осындағы құрылыс қарқынын, аудандағы индустриялық жобалардың, әлеуметтік нысандардың ілкімді салынуына қарап, жоспар құрады. Құрылыс үшін не қажет? Әрине, әуелі цемент, оның өзінде дайын бетон. Қазір құрылыс жүргізуші компаниялар үшін құрылыс жүргізгенде дайын бетонды пайдалану аса тиімді. Көп жұмыс істелмейді, көп уақыт жұмсамайды. Осыны ескерген ауыл азаматы жиған-терген қаржысын бетон зауытын салуға бағыттайды.
Мамыр айында іргесі қаланған «Бірінші Сары-өзек бетон зауытының» өнімі ауданда аса жоғары сұранысқа ие. Күніге 100-150 текше бетон даярлайды. Кейде сұраныс мұнан жоғары болады екен. Амалсыз, жұмысты үдетуге тура келеді. Диас Дәулетұлының айтуынша, зауыт толық автоматтандырылған. Дейтұрғанмен, жұмысшы күші аса қажет. Адам араласпаса кейде жұмыс тұралайды. Сол үшін зауыт басшылығы жұмысшылардың бар жағдайын жасаған. Үш мезгіл ыстық тамақ, жайлы демалыс орны, бастысы – қолайлы жалақы. Қазір зауыттағы ең төмен жалақы 400 мың теңге. Ауылдан шығып, ауылды көркейтуге ұмтылған Диас Нұрғалиев қазір 15 аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
– Дана халқымыз «Темірді қызған кезінде соқ» дейді ғой. Туған жерге келгенде мұнда сұраныс жоғары екенін аңғардық. Құрылыс жүргізуші мекемелер дайын бетонды Қапшағай, Алматыдан тасымалдайды екен. Содан зауыт салуды бастадық. Туған жерімізді біз де гүлдендірейік деп шештік. Осылайша 50 млн. теңге инвестиция құйып, зауытты тұрғыздық. Аудан тұрғындарына да қарайласып отырмыз. Мәселен, бетон тасымалдаушы көліктің жол шығыны бар. Егер қарапайым тұрғын біздің өнімді пайдаланатын болса, тек бетонның құнын төлейді. Жеткізіп беру тегін, – дейді кейіпкеріміз.
Алдағы уақытқа зауыт басшылығы оңтайлы жоспар құрыпты. Аудан көлемінде бордюр, брюсчатка, блокті кірпіш шығаруды жолға қоймақ. Біз де талапты ерге сәттілік тіледік.
Дастанбек САДЫҚ





