Жетісу облысында полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заманауи технологияларды кеңінен қолданып жатыр. “Қорғау” жүйесі арқылы патрульдік полиция қызметкерлері қауіпті жүргізушілерді жедел анықтап, жолдағы тәртіпті күшейтуде, деп хабарлайды Polisia.kz.
“Заң мен тәртіп” қағидаттарына сүйенген “Қорғау” мобильді қосымшасы жолдағы тәртіпті цифрлық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе “Сергек” бейнебақылау желісімен, жедел басқару орталықтарымен және патрульдік экипаждардың планшеттерімен толық интеграцияланған. Бұл өзара байланыс құқық бұзушылықтарды нақты уақытта тіркеуге және полицияның әрекет ету жылдамдығын арттыруға жол ашады.
Қосымшаның негізгі мүмкіндіктері:
• жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген автокөліктерді анықтау
• сақтандыру полисі жоқ немесе техникалық байқаудан өтпеген көліктерді табу
• айыппұлын төлемеген, салық берешегі бар немесе жүйелі түрде жол ережесін бұзатын жүргізушілерді анықтау
Жобаның маңызы:
• жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру
• заңсыз көліктер мен жалған нөмірлердің айналымын азайту
• құқық бұзушылардың жауапкершілігін күшейту
• жол-көлік оқиғаларының алдын алу
Полиция деректеріне сәйкес, жыл басынан бері “Қорғау” қосымшасы арқылы 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген.





