Талдықорған: +2°C
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

Айтыстың ақ семсері

09.11.2025
РУХАНИЯТ
Айтыстың ақ семсері
WhatsAppTelegramFacebook

Өз заманында Сүйінбай пір тұтқан, Жетісудың суырыпсалма ақындары бас иген Қабылиса Асанұлы жыраудың талантты ізбасары, жыр Жамбылға бата берген, ХІХ ғасырдың тіліп түсер шар алмасының бірі – Бақтыбай Жолбарысұлы. Жетісу өлкесінің суырыпсалма ақындық өнерінің дара тұлғасы, талай дастанды нақышына келтіре жырлап, өзі де бірнеше қисса, дастан шығарған жыршы, «Жалайырдың жел жетпес жүйрігі» атанған суырыпсалма ақын, әнші, күйші Бақтыбай Жолбарысұлының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында алатын орны ерекше.

Бақтыбай айтысқанын алысқа ұзатпай «алып та, шалып та» жығатын зор шебер және өзіне дейінгі, өзімен тұстас жыр алыптарынан үлгі алып, ақындық шеберлігін ширата, дамыта, көркемдік биігіне жеткізе білген ақын. Оның сыры, біріншіден, алдындағы айтыскер ақындардың асыл қасиетін бойына дарыта білсе, екіншіден, солардың жеткен жетістіктерін зеректікпен байыптап, байқап, бағалап, дамыта, ширата білгендігінде. Сонымен қатар ол – бойына сіңірген суырыпсалма айтыскерлік, жыршылық, әншілік, күйшілік тағылымдарды шашау шығармай дамытып, өзінен кейінгі өнер қуған ақындарға, жыршыларға, әншілерге, күйшілерге өнеге, үлгі ретінде жеткізе білген ұлағатты ақын. Сүйінбай, Түбек, Арыстан, Жамбыл, Әсет, Жүсіпбек қожа, Уәйіс секілді тарландармен, Тезек төре, Мәйке, Бәйімбет, Қыпшақбай секілді майталмандармен айтысқа түсіп, сөз қағыстырған қазақтың заңғар ақындарының бірі және бірегейі. Оның жасынан ән-жырға, айтыс-дастандарға деген қызығушылығы, ерекше дарыны оны тек қана шебер айтыс ақыны ретінде қалыптастырып қоймай, өз заманының керемет әншісі, күйшісі, жыршысы ретінде де баулып өсірген.

Оның бір ғана дәлелі бүгінгі күнге жеткен «Бақтыбайдың желдірмесі», «Шабыт», «Жарыс», «Қаратал» және т. б. ән, күйлері, «Едіге-Нұран», «Қыз құлаған», «Төрт өнерпаз», т.б дастандарының бізге жетуі.

Бақтыбай өзі айтқандай «Жел қобыз, желге мінген» нағыз ақын, әнші, жыршы. Оның өлең-жырын, дастан-айтыстарын, ән-күйлерін, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған халық оның мұраларының құндылығын жақсы түсініп, шамалары жеткенше көзінің қарашығындай сақтап отырған. Бақтыбай өлеңдері әртүрлі тақырыпта келеді. Өзі өмір кешкен дәуірдің шындығымен шыңдалған, тыңдаушы санасын бейжай қалдырмайтын шырайлы дүниелер. Әр шығармасының өне бойында байыппен адалдық, ынтымақ, теңдік, достық, жамандыққа төзбеушілік, қиын тұрмыстың қыры мен сыры, кейбір адамдардың озбыр әрекеті жыр өзегін құрайтынын көреміз. Тезек төренің қаһарынан сескенбеген жас ақын кедейліктен, жоқшылықтан, теңсіздіктен тұралаған өзінің ғана емес, елінің мұң-мұқтажын ашық айтып, әр айтысындағы жыр жолдарын әділдікпен өрген, сөйтіп озбырлықты, зорлықты әшкерелеген. Қай ақынмен жыр додасына түссе де ұшқыр ойды көркем тілмен безендіре, түрлендіре құлпыртып, ұрымтал тұсын дәл басады. Сөзінде өрлік, үстемдік басым болып келеді. Талай жыр жекпе-жегінде уәжді деректерді қалқан етіп, сөз семсерін мезгілінде батыл қолданудың арқасында жеңіске жетіп отырғаны ақынның осы қасиетінің арқасы болса керек.

Бақтыбай Жолбарысұлының шығармалары кейінгі жылдары ғана толық жинақталып, әр басылымда жаңадан табылған өлең, толғау, айтыстары қосылып жарияланып жүргенімен оның есімі, шығармалары «Қазақ әдебиеті тарихынан» ертерек орын алып, назарға ілініп, академиктер, профессорлар М. Әуезов, С. Мұқанов, Е. Исмаилов, Р. Бердібаев, С. Дәуітов секілді ғалымдар, О. Исмаилов, М. Ысқақбаев, Ұ. Доспан­бетов секілді жазушылар ол туралы пікірлерін білдірген.

Өз дәуірінің өрен жүйрігі суырыпсалма ақындық өнерін шашасына шаң жұқпаған жыр сүлейі Сүйінбайдан қабылдап, Жамбыл секілді ұлы жырауға, суырыпсалма ақынға тапсырған, атағы алысқа кеткен, айтыстарымен талайдың сусынын қандырған Жетісудың жыр жүйрігі. Қазақ халқы: «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегенді бекер айтпаса керек. Ол өзiнiң ұстазы, «Ұлы жүзде бас иген тамам ақын» деп Кенен жырлаған Қабан жырауды пiр тұтқан. Майлықожа, Құлыншақ, Бодау, Сүйінбай, Құлмамбет, Майкөт, Түбек, Әсет, Арыстан, Уәйіс ақындар мен әншілердің шығармашылығы Бақтыбай өмірінде зор әсері болғаны оның айтыстары мен өлеңдерінде нақты көрініс тапқан.

Жастайынан жетімдіктің зардабын тартып, мал соңында жүрген бала ақындыққа өте құштар болып, таланты ерте оянады. Жүрген жерінде аңыздарды тыңдап, өз айтыстарына таптырмас дерек іздей жүріп, ел тарихын құлағына құяды. Оның көптеген айтыста жеңіске жетуінің бір себебі осы алғырлығынан болса керек. Ақын өлеңдерінің біразы жары, әрі айтыстағы қарсыласы Мәйкеге арналған. Мәйкенің талантына, сұлулығына тамсанған ақын оны жоғары көтереді. Осылай жыр арнаған өмірлік қосағы Мәйке Бақтыбай қайтыс болған соң біраз жоқтау өлең шығарып, жарының ақындық тұлғасын жан-жақты ашып берген.

Бақтыбай мен Мәйкенің айтысы, одан кейінгі тағдырлары ақын-жыршыларға Мәйкенің осы жоқтау өлеңі арқылы жеткен тәрізді. Бақтыбайдың елден ерек әнші, таңды таңға қосып жырлайтын дастаншыл жыршы болғанын алғаш айтқан да жары Мәйке еді.

ХІХ ғасырда жыраулық поэзияның сарыны әлсіреп, аясы тарылғанмен елдің қамын ойлайтын, оның арман-мүдделерін ту етіп көтеретін, бойында намыс оты жалындаған ақындар аз болмады. Сондықтан Бақтыбайдың Тезек төре ордасына келіп, ойындағы пікірін ашық айтуы кездейсоқтық емес, ежелден келе жатқан ақындық дәстүрдің жалғасы.

Осы кезге дейін Бақтыбайдың айтылмай келген қасиетінің бірі – әншілігі. Артында әндерін, айтыс мақамдарын жете игеретін шәкірттері болмаған соң ақынның тек өлең, толғау, айтыс-дастандарының мәтіні ғана жинаушылар көмегімен сақталып қалған. Әндерді, мақамдарды жеткізу тек музыкалық қабілеті бар адамдар арқылы ғана іске асатындықтан және Бақтыбайдың музыкалық мұраларын жоқтаушылар аз болғандықтан олардың көбі сақталмаған. Солай бола тұра Бақтыбайдың кей әндерін, күйлерін сақтап қалған бірлі-жарымды адамдар болған. Сондай-ақ оның әншілігі туралы, Әсет, Уәйіс секілді өз заманының жезтаңдайларымен араласуын аз да болса осы деректерге сүйеніп айтуға болады.

Алдаспан ақынның мұраларын жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізген Нұржігіт Жүнісбеков қария Бақтыбай Тезек төремен айтысқанда он алты түрлі мақамға салған екен деген естелік айтады. Бақтыбайдың ақындығымен бірге жыршы, әнші, күйші болғаны туралы жезтаңдай әнші Жəнібек Кəрменов: «Жетісу жерінің жезтаңдайы атанған Бақтыбай ақынның ел ішінде он алтыға тарта күйі тартылып жүр», – деп жазған еді.

Ол әр айтыстың алдында домбырасына ерік беріп, есілтіп күй тартып, өзін-өзі шабыттандырып, толғамды, толқынды, дауыл сарынды саздарды төгіп, алай-түлей арындатып алады деген аңыздар да бар. Бұл ретте ол Сүйінбайға ұқсайды. Бақтыбай Қыпшақбаймен айтысында Құнанбай, Абай, Шәкәрімді жақсы білетінін көрсетеді. Сонымен бірге, сұлу жырдың сүлейі Сүйінбайды ерекше сыйлап, оның əділдік, батылдық, шыншыл қасиетін қадірлеп, оған кездескен кезде керемет інілік, кішілік ізет көрсетеді. Сөз сыңайына қарағанда Сүйінбай да талантты суырыпсалма ақын інісі, нағашысымен ұшырасқанына шынайы ризалығын білдіреді.

Қабылиса жыраудың ізбасары Қатаған, Арыстанбек секілді қырғыздың төкпе ыршыларымен, Қаңтарбай, Майлықожа, Жантай секілді қазақтың суырыпсалма ақындарымен айтысып, Тезек төремен тайталасып, атын алты Алашқа мәлім еткен Сүйінбай салған сара жолды аузымен құс тістеген, айтыста асығы алшысынан түскен Бақтыбай жалғастырған,

Бақтыбай шығармаларының ішінде өзінің мəнділігімен, халықтың арасына кең тарауымен ерекше көзге түсетіні оның Тезек төремен кездесіп, дидарласуы. Айтыс – əлеуметтік мəні жағынан екі ақынның сұрақ-жауабы, сөз жарыстыруы ғана емес, екі биік ақындық тұлғаның бір-бірінен өзін жоғары қоюға тырысушылығы, суырыпсалма ақындық өнерін жарқыратып көрсете білуге ұмтылуы десек, Бақтыбайдың Тезек төремен айтысынан осы қасиеттерді көреміз. Ақынның Тезек төреден қыруар дүние сұрауы ол тілемсектік емес, сөзге тарту, өзінің ілетін жерін іздеу. Бұл әдіс Сүйінбайдың Арыстанбекпен айтысында да қолданылады.

Бара салып бас салу, жөні жоқ тиісе кету шебер ақында бола бермейді. Мақтап отырып мақтамен бауыздау, сұрап отырып сөзге тарту, сондай-ақ қарсыласын немесе оның жанашырын мақтау – айтыскер ақынның айла-тәсілінің бірі.

Бақтыбайдың Тезек төремен, Түбекпен, Қыпшақбаймен, Мәйкемен сөз жарыстары кезінде саяси, жеке көзқарастар себебінен түрліше талданып, өзгертіліп келді. Осы айтыстардың бәрінде де Бақтыбайдың жеңісін көргенімізбен оның қарсыластарының шын таланттық тұлғалары ашылмай бір жақты, яғни жеңілуге дайын тұрған ақындар есебінде көрсетілді.

Бақтыбайдың айтыскерлік қасиетін шыңдап, көпке танылуына көп еңбек сіңірген адам Бодау ақын екенін және Бақтыбайдың сүбелі алғашқы айтысы осы Бодау ақын арнайы ертіп барып, Арқа жерінің ақындарымен айтыстырған айтысы екенін айтып өтуіміз керек. Шындығында Бодау Бақтыбай ақынның баптаушысы болғанын, оны үлкенді-кішілі айтыстарға ертіп жүріп қатыстырып, ақыл беріп, ширықтырғанын Бақтыбайдың Арқа ақындарымен болған айтысынан көреміз.

Сүйінбай Тезек төремен 1850 жылы сөз жарыстырса, Бақтыбайдың Тезек төремен айтысы 1861 жылдары өткен. Бұл Тезек төренің түрмеге түсіп, аға сұлтандығы аяқталуға төрт жыл қалған, Бақтыбайдың Сүйінбайдан соң он жылдан кейін Тезек төреге келіп отырған кезі. Осы сапар Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі еткені белгілі.

Бақтыбай Тезек төреге барған кезге дейін Тезек Түбек, Бәйімбет, Құлмамбет, Сүйінбай, Назым, Нарманбай секілді ақындармен сөз қағыстырып, ақын деген аты болмаса да, суырыпсалмалығы ширап, қалыптасқан сөз иесі еді. Негізінен Бақтыбайдың Тезек төремен сөз жарысын бұрын талдаған зерттеушілердің көпшілігі Тезек төре мен Сүйінбай айтысын талдау соқпағынан шыға алмай, Тезекті жамандау, Бақтыбайды мақтау сарынына түсіп кете берген. Бақтыбай мен Тезек төренің сөз қақтығысын терең түсіну үшін Тезек төренің өмір тарихы, қызметі, оның қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқанмен қатынасы, сол кезеңдегі Жетісу өлкесінің тарихын білу де керек.

Бақтыбай түскен сөз додасының ішінде екі айтыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ол Бақтыбайдың әншілік өнерінің куәсі секілді Әсет пен Уәйіспен айтыстары. Бұл айтыстардан да Бақтыбайдың Абайдың ақындық мектебінің өкілдері Шәкәрім, Әсет, Уәйістермен жақын араласқанын, Абайдың шығармашылығынан хабары болғанын көрсетеді. «Желден жүйрік, жез таңдай, жел қобыз» Бақтыбай ақынның Мәйке қызбен айтысының бізге жеткен төрт нұсқасы бар. Олар халық ақыны Қ. Жапсарбаев, Е. Ақжолтаев, Е. Сексенбаев, Ф. Ғабитова, Д. Төлебаев тапсырған «Бақтыбай мен Мәйке қыз», «Бақтыбай мен Мәйкенің үйленген соң айтысқаны», «Бақтыбай мен Мәйке отбасында айтысқаны», Бақтыбай мен Мәйке» деген нұсқалар.

Жастайынан ақындық өнері елге жайылған, жалындап тұрған, Жалайырдың Сұпатай атасы руынан дара суырылып шыққан Мәйке Бәйгөзқызы Көксу ауданына қарасты, Жаршапқан (Талапты) ауылынан алыс емес, «Шаңырақтың аузы» деп аталатын жерде қоныс тепкен, беделді әулетте 1858 жылы дүниеге келіп, 1932 жылы қайтыс болған. Жерленген жері Өтенай ауылының қасындағы Бақтыбай жатқан қорымда, Бақтыбайдың қасында.

Мәйке Бәйгөзқызы Бақтыбаймен он жеті жасында өзі іздеп келіп айтысқа түскен. Бұл кезде Бақтыбай 40 жаста еді. Ақындығымен елге ерте танылған Мәйке, он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыз Бақтыбайдай адуын ақынды іздеп келіп, атағы шыға бастаған Бақтыбаймен айтысып, өз атын шығаруды, ақындық жолға түсуді ойлайды. Бұл – нағыз ақынның, өнерлі, ерен жүйрік, өршіл жанның ғана қолынан келетін мінез болғаны анық. Жан дүниесі жастайынан өлең-жырға тұнып, бусанып, буырқанып жүрген Мәйке өзінің тұла бойындағы тулап жатқан ақындық шабытты айқын сезінген. Жалпы Мәйкенің аты Бақтыбаймен айтыстарына ғана байланысты айтылғанымен ол кейін Найман Төребай ақынмен сөз қағыстырып, Бақтыбай өлгенде және кейін жоқтау айтқан, біраз өлең шығарған.

Бақтыбайдың дарыны сарапқа салынған, қазақтың игі жақсыларының алдында қамшы салдырмай көрсеткен жыр жарысы Арғынның атақты ақыны, Омбыны мекен қылған Қыпшақбаймен Семей уезіне қарасты, Үржар қаласында өткен айтысы. Бұл айтыстың өту тарихы туралы бірнеше дерек болғанымен олардың көпшілігі әртүрлі оқиғаны қамтып, шындықтан алыстап кететін кездері де бар.

Бақтыбайдың ақындығы дүркіреп тұрған шағында, Қаратал мен Аягөздің бойын жайлаған Жалайырлар мен Қоқан шапқыншылығынан ығып келіп, бірге көшіп-қонып жүрген Шапыраштылардың, оның ішінде Жалайырдың жиені Сүйінбайдың Қордайға жақын көш түзеуі және Сүйінбайдың ел ісіне белсене араласуы айтыстағы алдына үлгі тұтар, жыр толғаса шабыт берер Сүйінбайды Бақтыбайдан алыстатып тастаған еді. Бақанастың бойындағы Жалайырдың Байшегір атасының елінде ұлы дүбір асқа Сүйінбай келе жатыр деген хабарды естіп, Бақтыбай арнайы келеді. Бұл кезде қарттыққа шылбыр ұстатқан Сүйінбай ақынмен кездесуінде:
Өлеңнің ұлы дария мұхитысың,
Жел сөзге кім пар келер желгеніңе, – деп түйген Бақтыбай Сүйінбай ағасына керемет баға береді.

Сүйінбайды өлеңнің ұлы дария мұхитына теңеп отырған Бақтыбайдың сөзі жағыну үшін жәй мақтау емес, жүрегінен шыққан шынайы жыры.
Бақтыбай жасы елу бестен асқан кезде, Жамбылдың жасы отыз беске келіп, атақ, даңқы енді шыға бастаған тұста кездескен Алматының, қырғыздың маңайындағы той-жиыннан қалмай жүрген Жамбыл да осы жиынға келеді. Бірақ ешкімнің ойында күні бұрын Бақтыбай мен Жамбылды айтыстыру деген ой болмаған секілді.

Ол, біріншіден, жас ерекшелігі. Сөзді Бақтыбай бастап өзінің қандай ақындармен айтысқанын, атақ-даңқының алысқа кеткенін айтып ортаға ой тастайды. Бақтыбай реті келсе Жамбылмен айтысуға қарсы емес екенін де білдіреді. Себебі айтыс деген сый-сияпат, алдыңа мал салу. Ол бар күнкөрісі айтыс пен өлеңге байланған ақынға артықтық етпейді. Бірақ жалындап аты енді шығып келе жатқан Жамбыл айтыстың тарланы Тезекті, Арыстанды, Қыпшақбайды сүріндірген Бақтыбаймен, оның үстіне ұстазы Сүйінбай жоғары бағалаған Бақтыбаймен айтыса ма екен? Жамбыл айтысу емес, Бақтыбайдай ақынның батасын алып қалуға тырысады. Егер сөзім ұнаса, оң батаңыз берілсін!

Қорыта келгенде айтарымыз, Бақтыбай Жолбарысұлы тек алдына жан салмаған суырып- салма айтыс ақыны, таңдайына бұлбұл ұя салған әнші ғана емес, ежелден Жетісу өлкесінде Қабан жырау негізін салған жыраулық, жыршылық өнерді де дамытқан жыршы, таңдайына бұлбұл ұялаған әнші, айтыстың көркін қыздырып, алты Алашқа аты шыққан дарынды да дара туған, артында өшпес мұра қалдырған ұлы тұлға.

Анарбай Бұлдыбай,
профессор,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қатысты жаңалықтар

Бабалар рухы кернеп тұр

Аса маңызды қадам

05.03.2026
Жоғарғы сот судьялары қызметінен босатылды

Жоғарғы сот судьялары қызметінен босатылды

05.03.2026
Миллиардер Ибрагимов «Тобыл» футбол клубын сатып алды

Миллиардер Ибрагимов «Тобыл» футбол клубын сатып алды

05.03.2026
Жол ережесін бұзғандарға бейнежазбаны онлайн алу мүмкіндігі берілді

Жол ережесін бұзғандарға бейнежазбаны онлайн алу мүмкіндігі берілді

05.03.2026
8 наурызда әйелдерге қандай сыйлық беруге болады?

8 наурызда әйелдерге қандай сыйлық беруге болады?

05.03.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.