Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімі ең алдымен қызметкердің кәсіби әдебі мен мінез-құлық нормаларын қаншалықты сақтайтынына байланысты. Осыған орай, этикалық талаптардың сақталуы мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік мінез-құлқына қойылатын талаптарды айқындайтын басты құжат – Әдеп кодексі. Ол жалпыға ортақ моральдық қағидаттарға сүйене отырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебін қалыптастыруға бағытталған. Кодексте мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы сенімді күшейту, ұжымішілік сыйластық пен мәдени қарым-қатынасты дамыту, сондай-ақ, әдепке сай емес әрекеттердің алдын алу мәселелері нақты көрсетілген.
Еліміздің аймақтарында Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру және оны практикада тиімді қолдану бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте облыс бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызмет мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөліп, қызметкерлер арасында ашықтық пен адалдықты дәріптеуді жалғастырып келеді.
Облыстағы тексеру комиссиясы да мемлекеттік басқару сапасын жақсарту мақсатында белсенді жұмыс жүргізуде. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру бағытында тұрақты мониторингтер мен талдаулар жүзеге асырылуда. Комиссия қызметкерлеріне арналған оқыту тренингтері мен семинарлар барысында Әдеп кодексінің талаптары кеңінен түсіндіріліп, адалдық пен ашықтық принциптерін күнделікті қызметте ұстанудың маңыздылығы талқыланады.
Мемлекеттік аудит саласында кәсіби этиканың орны ерекше. Осы ретте Жоғарғы аудиторлық палата мен ҚР Қаржы министрінің бірлескен бұйрығымен Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидалары бекітілген. Бұл құжат мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласында тәуелсіздік, объективтілік, кәсіби құзыреттілік, құпиялылық, анықтық, ашықтық, жариялылық және аудит нәтижелерін өзара тану сияқты негізгі қағидаттарды ұстануды қамтамасыз ететін моральдық-этикалық талаптардың жүйесін қалыптастырады. Аталған қағидаларды сақтау аудиторлардың кәсіби қызметінің сапасын арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтады.
Жетісу облысы бойынша Тексеру комиссиясында Әдеп кодексінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Ол қызметтік әдеп нормаларының сақталуына бақылау жасап, құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметші – халық пен мемлекет арасындағы маңызды көпір. Сол себепті әрбір қызметкер өз жұмысында адалдықты, әділдікті және ашықтықты басшылыққа алуы тиіс. Тек осындай ұстанымдар берік сақталған жағдайда ғана мемлекеттік органдарға деген сенім артып, мемлекеттік аппараттың тиімділігі ұлғая түседі. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа сапалы, әділ және қолжетімді қызмет көрсету, ал оны жүзеге асыру жолындағы негізгі құндылықтар – жоғары әдеп мәдениеті мен жауапкершілік.
Ардақ ТОҚБЕРГЕНОВ
Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы





