Алмалы ауылының тұрғыны Қайрат Ерғалиев мал басын көбейтіп, өз кәсібін дамытып отырған жандардың бірі. Қайрат Серікқанұлы ырыс-несібенің бәрі малда екендігін ерте ұқты. Содан да болар, мал шаруашылығына құмартып өсті. Үйдің үлкені болғаннан кейін өзіне артылған жауапкершілік жүгін арқалап келеді.
– Әкем Кеңес үкіметі уақытында тері мен жүн қабылдайтын дайындаушы болды, ал шешем сауда орталықтарында сатушы қызметін атқарды, – дейді Қайрат ағамыз. Өзі І. Жансүгіров атындағы ЖУ-ді бітірген, мамандығы мұғалім. Мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Себебі ауылда өсіп-өнгеннен кейін егін егіп, қара жердің қайтарымын алды. Бүгінде суармалы 40 гектар, тәлімі 9 гектар алқапты тиімді игеруде. Тал-Тал учаскесіндегі 3000 гектар жайылым жер оның еншісінде. Кейінгі жылдары ол малмен айналысуға ден қойды. 2015 жылы жайылымын, қоражайын сайлап, 2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Семей өңірінен қазақы ақбас тұқымды 120 бас ірі қара сатып алды. Сол жылдан бері мал шаруашылығымен мықтап айналысты. Шаруа қожалығының «Асылтұқымды» мәртебесі бар. Биыл да мал басын көбейтейін деп «Аграрлық несие корпорациясынан» 100 бас асыл тұқымды сиырға қаражат алып, жайылымға қосты. Қоражайда 59 бас бұзауы, ересегі аралас ірі қара жүр. Осы малдардың еркегін өзге шаруашылықтар мал тұқымын асылдандыру үшін алады.
Қожалық жетекшісінің айтуынша, жұмысшыларға қажетті жағдай жасалған. Уақытында жалақысын алады. Шаруашылық басшысының алға қойған мақсаты да көп. Шаруашылықты одан әрі дамытып, асыл тұқымды мал басын молайтуды жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жанның қазіргі тіршілігі көпке үлгі. Зайыбы Назгүл екеуі жеті баланы өмірге әкелген үлгілі отбасы. Үлкен ұлы Нұрлан қазіргі таңда Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқиды. Болашақ зоотехник. Оқуын тамамдағаннан кейін сүт өндіру бағытында жұмыс істемек ойы бар. Әкесіне ақыл-кеңес беріп, білгенімен бөлісіп жүреді. Қайрат ағамыздың айтуынша, тұқымдық ірі қара малды қажет адамдар Instagram желісіндегі «aqbas_tuqymy» парақшасына кіріп, алатын малдарына тапсырыс береді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





