Жетісу облысында «eQonaq» жүйесі арқылы 28 мыңға жуық шетел азаматы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңір 2025 жылы да ашықтық, даму және халықаралық ынтымақтастық бағытын сақтап келеді.
2025 жылдың қазан айында «eQonaq» жүйесі арқылы Жетісу облысында 27 989 шетел азаматы тіркелген. Оның ішінде 14 058 адамға көші-қон қызметі уақытша тұруға рұқсат берген. Келушілер легі әртүрлі елдерден – Өзбекстан, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және басқа мемлекеттерден. Ең көп келушілер Өзбекстаннан – 13 554 адам. Одан кейін Тәжікстан, Ресей және ҚХР азаматтары тұр.
Өткен жылмен салыстырғанда өңірге келген шетелдіктер саны 43,4%-ға артқан. Бұл Қазақстанның халықаралық тартымдылығының және Жетісу облысының туристік әлеуетінің өсіп отырғанын көрсетеді.
Тұрақтылықты сақтау және көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында облыста алдын алу шаралары жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері шетел азаматтарының заңға бағыну мәдениетін көтеру бағытында 6 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 5 638 адам жауапкершілікке тартылды: олардың 3 842-сі – Қазақстан азаматтары, 1 796-сы – шетелдіктер. Сот шешімімен 339 шетел азаматы елден шығарылып, 4 қылмыстық іс тіркелді.
Полицияның міндеті тек бақылаумен шектелмейді. Көші-қон қызметі құжат рәсімдеу, құқықтық мәртебе беру және интеграцияға қолдау көрсету сияқты маңызды мемлекеттік функцияларды атқарады. Биыл 91 214 облыс тұрғыны жеке куәлік пен паспорт алған. Сонымен қатар 849 шетелдік Қазақстан азаматтығына қабылданып, 334 адам азаматтығынан айырылды, 88 тұлға ҚР азаматы деп танылды. Жетісуда 1 380 шетелдік тұрақты тұруға рұқсат алды, ал 21 адам азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін иеленді.
Көші-қон саласындағы көрсеткіштер полицияның өңірдегі қауіпсіздік пен мемлекеттік мүддені қорғауға бағытталған жүйелі жұмысының айғағы. Шетел азаматтарының келуі экономикалық және мәдени жаңа мүмкіндіктер ашады, ал құқық қорғау органдары бұл процестің заң аясында және қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.





