Ауыл халқы еліміздің дамуына ерекше үлес қосып отырғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы мәлімдемесінде атап өтті, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
«Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.
Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әкімдердің басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті:
«Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен дамытуымыз керек».
Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері де қатысқан. Президент Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын айтты. Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.
«Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақытылы орындалуы керек. Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуы қажет. Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету; инфляцияны төмендетіп, халық табысын арттыру; жеке секторды дамыту және өндірісті жандандыру; дайын өнім экспортын көбейту», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент қазіргі халықаралық ахуал тұрақсыз екенін еске салып, бірлік пен қырағылықты сақтау қажеттігін айтты:
«Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика құбылмалы күйде. Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз керек. Ел мүддесіне тиімді қызмет ету – бәрімізге ортақ аса маңызды міндет. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





