Балалар жүрегіндегі от пен талаптың күші кейде үлкендерге де ой салып тұрады. Қандай ортада жүрсе де өзіндік бітімімен, табиғи талантымен ерекшеленетін шәкірттер көп. Білімге құштарлық пен биік мақсатқа адалдық жас буынның бойындағы ең қастерлі қасиеттердің бірі. Осындай алғырлығы және талпынысымен ерекшеленіп жүрген өрендердің қатарында 6 «А» сынып оқушысы Ерасыл Болатбек те бар.
Кішкентайынан кітапқа, өнерге, ізденіске жақын Ерасылдың соқпағына үңілсеңіз, оның әр қадамы жүйелі еңбектің нәтижесі екенін байқайсыз. Ол 2-сыныптан бері мәнерлеп оқу жарыстарына үзбей қатысып, талай белесті бағындырған. Бас жүлде мен алған бірінші орындары оның талабын дәлелдейтін нақты көрсеткіші. Өзін үнемі шыңдап отыруы оның нағыз жеңісі десек болады.
– Мен жан-жақты болуға тырысамын. Кітапты көп оқимын. Биыл сегіз кітап оқып шықтым. «Гауһартас», «Қарғын», «Ұшқан ұя», «Бейсен және болмыс» сынды туындылар маған ерекше ой салды. 2-сыныптан бері маған бағыт-бағдар берген жетекшілерім көп. Атап айтқанда, Ырысхан Төлеубай, Дана Жақсылыққызы және анам Айжан Тілеубекованы өзімнің ең үлкен ұстазым деп есептеймін. Болашақта елімнің дамуына үлес қосатын азамат болғым келеді. Арманым – өзге мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін дипломат болу. Сол үшін қазір ағылшын тілін үйреніп, өзімді жан-жақты дамытып жүрмін, – дейді Ерасыл Қуанышұлы.
Ол республикалық «Жарқын болашақ» өнер орталығы ұйымдастырған «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауында көркемсөз жанры бойынша І орынды жеңіп алып, қатарластарының жанында жарқырай көрінді. «Атадан мұра» қоғамдық қоры өткізген «Ұлы Дала ұрпағы» байқауында да көркемсөз номинациясы бойынша бас жүлдені иеленіп, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін айқын дәлелдеді. Ерасылдың табандылығы мен сахналық шеберлігі «Қазақ Академия өнер орталығы» ұйымдастырған «Бабалар аманаты» атты ІІ республикалық байқауда тағы бір рет бағаланды. Бұл жолы да көркемсөз номинациясынан бас жүлдені алып, ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтады. Өнер мен білімді қатар ұштастырып жүрген шәкірт республикалық «Ақбота» байқауында «Қазақ тілі» пәні бойынша І орын иеленіп, білім бәйгесінде де өзгелерден оза шапты. Сонымен бірге «Зерделі ақыл-ой дамыту» мектебі ұйымдастырған республикалық додада Тараз қаласындағы жарыстан жүлделі ІІІ орын алып, зейінінің тереңдігін көрсетті. Ол «Мизам» жылжымалы әдеби мектебін үздік оқып, көп кітап оқитын, рухани дүниесі бай оқушы ретінде ерекше белсенділігі үшін бас жүлдемен марапатталды.
Ерасыл Болатбек мектеп мақтанышы, сыныптастарының үлгі тұтар досы, ата-анасының зор сенім артар перзенті. Ол өзінің талапшылдығы, еңбекқорлығы және дарындылығы арқылы алдағы уақытта да талай белесті бағындыратынына сенім артамыз.
Медет ЖҰМАБАЙ





