Жеті қазынаның сапындағы иттің адамзат игілігі үшін пайдасы зор. Ықлым заманға өтпей-ақ, жаңа дәуірдегі Қазақстанның құқық қорғау саласына терең үңілейікші. Қылмысты да ашып жатқан ит, қылмыскерді де құрықтап жатқан ит. Жетісу полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының жұмысы осы сөзімізге дәлел.
Бүгінде аталмыш орталықта 23 ит бар. Дені, дені емес бәрі, лабрадор, неміс, белгия және шығыс еуропа овчаркалары. Осынша итпен 7 кинолог жұмыс жүргізеді. Машықтайды. Үйретеді. Осылайша әрбір қызметтік ит 8 жыл құқық қорғаушылардың серігіне айналады. Инспектор-кинолог Ақжан Дүйсенбековтың айтуынша, осынша уақыттан соң бұрынғыдай тіршілік иесін өлтірмейді екен кәзір. Арнайы комиссия құрылып, сол комиссияның шешімімен жай адамдарға табысталады. Орталықтан ит алғысы келетін адам міндетті арнайы тексерістен өтеді. Жеті қазынаның біріне арналған жайлы орын мен түрлі жабдықтар болуы міндетті екен.
– Қызметтік иттерді күшік кезінен баулимыз. Жұрт әдетте қызметтік жануарларды тапсырмаларды бұлжытпай орындауға үйретеді деп ойлайды. Біздегі иттерді бұйрық орындаудан гөрі иісшілдік қасиетін ашуға дағдылаймыз. Арнайы бұйрықтар бұл тіршілік иесінің мүмкіндігін шектейді. Жалтақ болады. Тек кинологтың тапсырмасын орындауға бейім келеді. Тапсырма орындау барысында жасаған әрбір қадамы үшін қожайынға алаңдап, оның не дұрыс, не бұрыс екенін аңғару үшін қарайлап қимылдайды. Сондықтан иттерге артық жүктеме салмаймыз. Елімізде қабылданған Заңға сай қазір иттер бұрынғыдай екпемен өлтірілмейді. Олар ит сұрағандарға беріледі, – дейді Ақжан Дүйсенбеков.
Қазір бұл кинологтың «тәрбиесінде» Олли есімді белгиялық малинуа тұқымды ит бар. Өзі 1,5 жаста. Алғыр екен. Көлікке жасырылған затты лезде тауып алады. Ақжан Дүйсенбеков бірнеше мәрте әріптестері ит көзінен таса тұста арнаулы бұйымды жасырады. Ал Оллиде еш қиындық жоқ. Мұрынды көлік сыртына сүйкей салып, жүгіре жөнеледі. Қауіпті затты алып шығады. Тек қожайынның «ізде» деген тапсырмасы берілсе болды. Айтпақшы, Қазақстандағы кинология қызметі соңғы уақытта белгиялық малинуа тұқымына, яғни белгиялық овчаркаға ерекше ықылас танытқандай. Орталық қызметкерлері түсіндіргендей, өзге иттерге қарағанда бұл ит өте төзімді, өте алғыр әрі шапшаң болады екен. Аға инспектор-кинолог Мақсат Маметжанов орталықтағы өзге тұқымдағы иттердің де осал емесін де алға тартады.
– Кинологиялық қызмет орталығында жануарлардың денсаулығы жіті бақылауда. Өзімізге қажетті тәуір иттерден күшік алуға тырысамыз. Ол күшіктердің сау болуы үшін енесіне көп күтім жасаймыз. Бұл қарекеттің бәрі арнайы комиссияның бақылауымен жүзеге асады. Айтпақшы, жуырда жылдар бойы адал қызмет еткен Инжино есімді итті лайықты «зейнеткерлікке» жібердік. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен пайдасын тигізді. Негізі жарылғыш заттар мен құрылғыларды табуға машықтанған еді. Инжино қызметі барысында 300-ден астам қылмысты ашуға себепкер болды, – дейді Мақсат Маметжанов.
Олли, Инжино, Флинт. Кинологиялық орталықтағы иттердің атауы осындай. Мида сан ой. Қазақ кинологиясында иттер неге қазақша аталмайды? Ақтөс, Алыпсоқ, Бөрібасар, Ақтабан деген атаулар қойылса қызметтік жануарлардың иісшілдік қасиеті жоғала ма? Дәл осындай сұрақты Жетісу полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы басшысы Олжас Тұрарбекке төтесінен жолдадық. Басшы да тосылмады. Айтуынша, иттерге шетелдік атау беру азайып келеді екен. Жуырда орталықта Оллидің орнын Бөрібасар, Флинттің орнын Ақтабан басады.
Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков





