Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерге қатысты талқылау жаңа деңгейге шықты. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мұндай көлік түрлерін елімізде толық пайдалануға тыйым салуды ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылы жол-көлік оқиғалары 27%-ға өсіп, еліміздегі қауіпсіздік мәселесін күрделендіріп отыр. Такси қызметінде оң рөлді көліктерді қолдануға заң бойынша тыйым салынғанымен, заңсыз жолаушы тасымалдаушылар олардың қатарында әлі де қызмет көрсетуде.
“Toyota Alphard пен Estima көліктері бірнеше ірі апаттарға себеп болды. Шілде айында екі күн ішінде Жамбыл және Алматы облыстарында орын алған жол апаттарында 10 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Сондықтан мұндай көліктерді жолаушылар тасымалының барлық түрінде мүлдем пайдалануға тыйым салу қажет”, – деді депутат Бейсенбаев.
Алайда бұл тақырыпқа қатысты қоғам екіге бөлінген. Кейбір сарапшылар мәселе рөлдің орналасуында емес, жол ережесін сақтамау, жүргізушілердің кәсіби дайындығы және инфрақұрылымның тозуы сияқты факторларда екенін атап өтеді. Дегенмен, нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Alphard пен Estima: сұраныс жоғары, қауіп те артып келеді
Қазіргі таңда Toyota Alphard пен Estima Қазақстанда әсіресе қалааралық қатынас үшін көп қолданылады. Жолаушылар бұл көліктерді кеңдігі мен жайлылығы үшін жиі таңдайды. Алайда соңғы айларда дәл осы көліктермен байланысты өлім-жітім көп болатын апаттар жиілегені қоғам назарын аударды.
2025 жылдың шілдесінде Жамбыл және Алматы облыстарында болған екі ірі жол апатында 10 адам қаза тауып, төртеуі жараланған. Ал тамыз айында Қарағанды облысындағы трассада Toyota Alphard-қа мінген үш жолаушы көз жұмды. Осы қайғылы оқиғалардан кейін оң рөлді көліктерге қатысты тыйым мәселесі қайта өзектене бастады.
Тыйым енгізілсе, не өзгереді?
Егер депутат ұсынған қатаң тыйым қолдау тапса:
- қалааралық тасымал нарығы толық қайта құрылымдалуы мүмкін;
- тасымалдаушылар сол рөлді минивэндерге көшуге мәжбүр, бұл уақытты да, шығынды да талап етеді;
- тарифтердің қымбаттау ықтималдығы жоғары.
Бұған дейін де қоғамдық резонанстан кейін Қазақстанда Toyota Alphard көлігінің қозғалысына шектеу қою ұсынылған еді. Алайда мәселе әлі толық шешілген жоқ.





