Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Ұлттық Банк бірлесіп, балаларға ақша басқарудың негізгі дағдыларын үйрететін анимациялық фильм әзірледі.
«Қаржы әлемі» – орман қалашығында өмір сүретін мектеп оқушылары туралы 12 бөлімнен тұратын мультсериал. Әр серияда Барыс, Арқар, Құлан, Сілеусін, Тиін, Сұртышқан, Кірпі сияқты кейіпкерлердің күнделікті өмірде кездесетін қаржылық жағдаяттары көрсетіледі. Ақшаны дұрыс жұмсау, жинау, жоспарлау, еңбек ету қарапайым тілмен түсіндіріледі. Сонымен қатар, алаяқтардан және қаржылық пирамидалардан сақтану дағдылары кейіпкерлердің тәжірибесі арқылы беріледі.
Мультсериал қазақ және орыс тілдерінде дайындалған. Сценарийін қаржы және білім беру саласындағы сарапшылар бірлесіп жазды.





