Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, бұл пікірді халықаралық сарапшылар мен шетелдік бақылаушылар да растап отыр.
«Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебі бойынша, бұл сегмент жыл сайын әлем бойынша 2 триллион доллардан астам табыс әкеледі және 50 миллионнан астам жұмыс орнын аша алады.
АҚШ, Ұлыбритания, Корея Республикасы сияқты дамыған елдерде креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2–7 пайызын құрайды. Сарапшылардың дерегінше, осы салаға салынған әр доллар қосымша 2,5 доллар құн қалыптастырады.
Қазақстанда да бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік бар. Жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі мен дүниетанымы креативті салаға сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі осы сектордың үлесі әзірге 1 пайыз ғана», – деді Мемлекет басшысы.





