Күннің алғашқы шуағымен жұмысын бастап, қала оянғанша талмай тер төгетін жұмысшылардың еңбегі сырт көзге көбіне байқала бермейді. Айналаның тазалығын сақтауда дәл солардай күш салатын жандар кемде-кем. Осындай жандардың әрбір ісінде қарапайымдықпен қатар өзгеге үлгі боларлық тәртіп пен жауапкершілік жатыр. Сол еңбектің алғы шебінде жүрген жандардың бірі – Қылышбай Берекебаев.
Бір қарағанда қарапайым көрінетін осы еңбектің артында үлкен ыждағаттылық пен адалдық жатыр. Қылышбай аға үшін бұл жай жұмыс емес, өз қаласына қосқан үнсіз үлес, жасалған жақсылықтың бір бөлшегі іспетті.
Қылышбай Қаланұлы Өзбекстанның Үшқұдық ауылында туып-өсіп, жастайынан еңбекке араласып, тіршіліктің шынайы қадірін ерте сезінген адам. Текеліге келгелі бері «Делеген» ЖШС құрамында жүріп, қаланың тазалығын сақтау ісіне белсене араласып келеді. Ағаш отырғызу, тозған қоршауларды сырлау, қураған бұтақтарды кесу, саябақтарды тазарту, бәрі оның күнделікті атқаратын міндеті.
– Тіршілікте наныңды адалынан тауып жегенге ештеңе жетпейді. Өзіме ұнайтын істі істеп жүрмін. Ортам да жақсы, бәрі құрметтейді, – дейді ол сабырлы кейіппен.
Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген әкенің арманы балаларының амандығы мен елдің тыныштығы. Еңбек иесінің ұлы Естай моноқаладағы мрамор өңдейтін зауытта дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Әкесінің қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы оған үлгі. Ал әріптестері оның адамдық болмысын ерекше ілтипатпен айтады.
Асылбек Өмірзақов:
– Қылышбай ағамен әріптес болып жүргеніме 5 жылдың жүзі болды. Өте сабырлы, тиянақты, жұмыстан ешқашан кешікпейтін жан. Қандай тапсырма берілсе де шын ынтасымен орындайды. Еңбегінің зейнетін көруіне тілектеспіз, – деді.
Ал бригадирі Алмас Сатыбалдин оның өз ісіне берілгендігін жоғары бағалап:
– Біздің серіктестікте 30-ға жуық қызметкер бар. Соның ішінде Қылышбай аға ең сенімді, еңбек сүйгіш адамның бірі. Қаланың саябақтарындағы қураған ағаштарды отау негізінен көбіне сол кісіге жүктеледі. Істеген ісін кемшіліксіз атқарды. Ортамызда жүрген қадірлі қызметкердің бірі, – дейді.
Қылышбай Берекебаев «адалдық» деген сөздің нақты бейнесіндей. Еңбегі бағалануы, есімі құрметпен атануы тиіс азамат. Осындай жандар барда қаланың да, қоғамның да еңсесі биік болмақ.
Мәди АЛЖАНБАЙ, Медет ЖҰМАБАЙ





