Биыл Талдықорған қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 174 млрд. теңгеден асып, жалпы экономикалық өсім көрсеткіші 107 пайызға жеткен. Бұл туралы 2025 жылдың қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысы Ернат Бәзіл баяндады.
Ернат Дүйсенбекұлының мәліметінше, биыл қала экономикасының өсімі тұрақты деңгейін сақтап қалған. Жалпы шаһарда өндірілген өнім көлемі 174,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты өсім 107 пайызды құраған. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 39 млрд. теңгеден асқан. Жыл ішінде қала экономикасына 85 млрд. теңге инвестиция тартылып, аталған қаражат инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл аймақтағы қарапайым халықтың қажеті үшін білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, ауызсу, жол, тұрғын үй, жарық және табиғи газбен қамту ісін ілгерлетуге мол мүмкіндік беруде.
– Биыл құрылыс саласы үшін де табысты жыл болды. Мәселен, өткен жылы 1283 тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтқанда, оның басым бөлігі – несиелік және жалдамалы тұрғын үйлер. Ал биыл 1400-ден астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізбек. Сондай-ақ «Ынтымақ» тұрғын үй алабында 200 пәтерлі 5 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Жаңа нысан келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар төрт ірі зауыт іске қосылып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Соның бірі – газбетон шығаратын «Стальбетон» кәсіпорны. Зауыттың жылдық қуаты – 150 мың текше метр, жобаға 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал жол саласы бойынша қалада 28 шақырымнан астам жаңа жол салынып, 21,5 шақырым жолға күрделі, 22,2 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Облыс орталығын табиғи газбен қамту деңгейі де 90 пайыздан асып отыр, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, бүгінде облыс орталығында жұрт сұранысына сай аулаларды абаттандыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу сияқты маңызды жобалар қолға алынған. Білім саласы бойынша келер жылы «Құлагер» және «Батыс» шағын аудандарында 1200 орынды мектептің құрылысы бастау жоспарланып отыр, ал биыл 300 орынды жаңа «Білім-инновация» лицейінің құрылысы қолға алынған. Денсаулық сақтау саласында «Оңтүстік-Батыс» ауданында ауысымына 500 келушіге қызмет көрсететін жаңа емхана бой көтере бастаса, Қаратал өзенінің оң жақ жағалауында 150 орынды, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған орталықтың құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге жақында Өтенай ауылында күніне 100 пациентті қабылдай алатын, заман талабына сай жабдықталған үш қабатты амбулатория ғимараты пайдалануға берілген.
Шаһар басшысының сөзінше, қаланы көріктендіру жұмыстары да басты күн тәртібінде. Мәселен, биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһар аумағында 12 мың ағаш көшеті, 80 мыңға жуық гүл шоқтары отырғызылып, өткізілген сенбіліктер барысында 7 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған. Өзге кемшіліктер болса, алдағы уақытта толықтырылмақ. Жалпы, бұл жетістіктер Талдықорған қаласының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізгенін айқын аңғартады. Қолға алынған жаңа жобалар мен бастамалар қаланың болашағын жарқын етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Мұндай игілікті істер бұдан былай да жалғаса бермек.
Айдын КӘЛІМХАН







