Кейінгі жылдары елімізде ат спортының ішінде бәйге мен көкпарға ерекше мән беріліп, түрлі деңгейде додалар жиі өтіп келеді. Соның бір дәлелі іспетті болған Панфилов ауданындағы Үшарал ауылдық округінде жаппай көкпардан тұңғыш рет өткен Қазақстан кубогы. Жарысқа еліміздің 13 облысынан команда қатысты.
Бұл шараға Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Байкенов, ҚР Жаппай көкпар федерациясының президенті Ғани Дирманов, ҚР Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің өкілі Ерасыл Қабатаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят Сарқытов қатысты.
– Жылқы десе делебесі қозатын, ежелден ат үсті тартыста ешкімге дес бермеген бабалар додасына қатысқан барша жігіттер мен ұйымдастырушыларға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен полиция департаментіне, атқа мінер барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Әркез намысты жанып, аттан түспей жүре берейік, – деді аудан әкімі Марат Рақымбердіұлы ұлттық спорттың ашылу салтанатында.
Әр командада іріктелген 20 спортшы атқа қонған тартысты бәсекеге ат спортынан білікті бапкерлері төрелік етіп тартысты басталды. Жаппай көкпарға еліміздің 13 өңірінен келген 200-ден астам ат спортының майталмандары қатысты. Жалпы 10 миллион теңге, 2 автокөлік, 10 жылқы бәске тігілген додада 170 ұпай жинаған Түркістан облысының шабандоздары чемпион атанды. Екінші орынды 50 ұпаймен Шымкент қаласынан келген білекті жігіттер иеленсе, 20 ұпай алған жетісулықтар үштіктен көрінді.
Жетісу жерінен бастау алған жаппай көкпардан Қазақстан кубогі енді еліміздің әр өңірінде тұрақты өтпек. Бұл турасында ұйымдастырушылар белсенді жұмыс істеп, ат спортының дамуы үшін барын салмақ. Жоспар көп, жүйелі еңбек қана нәтиже бермек.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





