Сонымен бес жиыны өтіп Ұлттық құрылтай да тарих қойнауына сүңгіді. Осы жиында қызмет еткен біраз адам марапатталып, тұтас ұйымға алғыс айтылды. Құрылтай ізсіз кетті дей алмаспыз, елдің әлеуметтік мәселесі, тіл жағдайы, тарих пен мәдениет мәселесі сан мәрте көтерілді. Соған орай шешім де қабылданды. Қазақ тарихының тереңдей түсуі, ана мен бала мәселесінің, т.б. жұрт алаңдаған дүниелерге назар аууы осы басқосулар жемісі десек болар.
Кешегі Құрылтайда да Шымкенттегі шетін оқиға сөз болып, шұғыл шара қолданылғанын көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылордадағы Құрылтайда «отаншыл» деген сөзді жиі қолданды. Көксегені Қазақстанның түкпір-түкпірінде сөзінен ойы, қолынан ісі жүйрік, мемлекетшіл буын қалыптасып, елдің бақыты баянды болуы. Президенттің ендігі ұсынысы бір палаталы парламентті Құрылтай деп атау, заң шығаруға қабілеті бар билік бұтағын олай атау ҚР Конституциясы өзгергеннен кейін, халық құптаса жүзеге аспақ. Мүше болатын 145 адам атағына қарай емес, адами қасиет, біліктілігіне қарай іріктелсе деген ой айтылды. Халықты тағы бір елең еткізгені көп сыналған ҚХА мәселесі болды, Қасым- Жомарт Кемелұлы 126 мүшесі бар Халықтық кеңес құруды ұсынды, түрлі ұлт өкілдеріне сол кеңестен елеулі орын бөлінеді, қалғандары белсенді азаматтар, ол ұйым консультативті бағытта қызмет етеді, байқауымша Сенаттың да, Ұлттық құрылтайдың көшірмесі емес, тұрақты түрде жұмыс істейтін сыңайы бар және жылына жалпы бір сессия өткізеді. Ассамблея осы ұйымға сіңеді.
Ендігі мәселе Мемлекеттік кеңесші лауазымын жойып, Тәуелсіздігіміздің бастауында сызылып кеткен вице-президент лауазымын енгізуді ұсынуы. Қасым-Жомарт Кемелұлы пікіріне қарасақ ішкі, әсіресе, сыртқы саясатқа шебер адам болуы керек. «Би екеу болса дау төртеуден» тайсалмай лауазымының бір бөлігін өзге азаматқа жүктеуге тәуекел етуі – батыл қадам. Жалғыз билеп-төстеуге құлшынған жүйеден отыз жылда елдің қалай опық жегенін көрдік, сондықтан демократияға, ұлт трансформациясына оң ықпал етсін деп тілейік. Бұл реформалардың барлығы халық құптап, Конституция өзгергеннен кейін ғана жүзеге асады. Әуелдегі қырықтан аса өзгеріс жасап, қос палаталы Парламентті біреу етеміз дегендегі ой ширай түсіпті, себебі, ұсыныс пен өзгеріс әлдеқайда көп болмақ. Қай бап пен тармаққа не өзгеріс енуі керегін, вице-президент, Құрылтай, Халық кеңесі өкілеттілігі Ата Заңда қалай айқын көрсетілуі керегін арнайы Комиссия айқындайды. Одан арғы шешім халық қолында. Бастама елге қайырлы болғай. Негізі Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсыныстары көбіне оң бағаланып жүргенін байқадық. Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрғызуы отаршылдық кезеңдегі көп ақтаңдақтың ашылуына бастама болды, архивте жабық боп келген көп құжат жария етілді, ұрпақ ата-бабасының тағдырын білді, «банды» атанғандар есімі кітапқа енді, қайраткерлер төңірегіндегі алауыздық сап тыйылды, архив қоры мыңдаған құжатпен толықты. Бір ғана қадамның ұлтқа бергені осындай жеміс бергенде өзге ұсыныстарына зор үмітпен қарауға болады. Ойланып тұрып оң басқан қадам екеніне көз жетер күн жақын болсын.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ
«Құрмет» орденінің иегері





