Қазақстанда құмар ойынға тәуелді азаматтардың саны 400 мыңға жуықтайды. Бұл – бір облыс орталығының халқы деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бұл құбылысты «бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қауіпті кесел» деп атап, лудомания салдарынан отбасылар шайқалып, азаматтардың қылмысқа барып, қарызға батып, тіпті өзіне қол жұмсау деректерінің көбейіп отырғанын ашық айтты.
Ресми және сараптамалық деректерге сүйенсек, қазақстандықтар жыл сайын букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноға миллиардтаған теңге жұмсайды. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі ел экономикасында қалмай, шетелдік офшорлық аймақтарға кетіп жатыр. Ал ел ішінде қалғаны – психологиялық күйзеліс, әлеуметтік дағдарыс, несиеге белшесінен батқан жастар.
Мамандардың айтуынша, құмар ойынға тартылғандардың басым бөлігі – 18-35 жас аралығындағы азаматтар. Тұрақты табысы жоқ, несиеге сену немесе «жеңіл жолмен ақша табамын» деген жалған үмітке сенген жастар тәуелділіктің негізгі нысанасына айналып отыр.
Құмар ойын – бүгін пайда болған дерт емес. Қытайдағы алғашқы лотереялардан бастап, Римдегі тегін ұтыстар, Еуропадағы рулетка, кейінгі ойын автоматтары мен интернет-казиноға дейінгі тарих бір ғана шындықты дәлелдейді: қызығушылық тәуелділікке, тәуелділік күйреуге апарады.
Психологтардың пікірінше, лудомания – мінездің әлсіздігі емес, күрделі әлеуметтік-психологиялық дерт. Ол адамды біртіндеп, көзге көрінбейтін жолмен үміт арқылы торына түсіреді. Бұл – ақша үшін емес, эмоция үшін ойналатын ойын. Ал эмоция мен үміт – тәуелділіктің ең қауіпті қаруы.
Алғашқы ұтыс, алғашқы тұзақ
Кәсіпкер Арзу Алмасова үшін казино ұғымы бастапқыда тек «харам» сөзімен ғана байланысты еді. Ол мұны өзгелерге де жиі айтып жүретін. Өйткені харам – тыйым ғана емес, адам тағдырын қорғайтын шекара екенін жақсы білетін. Бірақ адам кейде сол шекараны қашан бұзып өткенін өзі де аңғармай қалады.
Бір күндік нәпақасын әрең тауып жүргенде досының үш мың долларды бір сәттік ойынға тігіп жіберуі оған ақылға сыймайтын әрекет болып көрінді. «Бұл қандай ойын?» деген сұрақ санасын тырналап тұрды. Ал әлгі досы: «Бұған сендер жоламаңдар. Бір кірсеңдер, тоқтай алмай қаласыңдар», – деп қайта-қайта ескерткен.
Бұл сөздің астарында жай ақыл емес, өз тағдырының жанайқайы жатқанын Арзу ханым ол кезде түсінбеді.
Кейін оның казино екені белгілі болды. Лотерея билеттері, сенбі-жексенбі сайынғы «ұтыстар», бірде күлкі, бірде үнсіздік… Алайда сырттай ойын болып көрінген дүниенің ішкі беті – тәуелділік екенін ол кезде ешкім аңғармады.
Кәсіпкерлік жолын енді бастаған Арзу Алмасова ұялы телефон алу үшін үнемдеп ақша жинады. Бұл байлыққа емес, қажеттілікке арналған еңбек еді. Қалаған телефонының түсі табылмай, сол аралықта санасына әлгі досы жиі баратын казиноға «бір кіріп шығу» деген ой келді. «Бір рет қана» – құмарлықтың ең қауіпті сөзі осы.
Алғаш кіргенде бәрі қарапайым көрінді: кәдімгі кафе, жылы жүз, күлкі. Бірақ келесі есік – басқа әлем еді. Жүз доллар – сол әлемге кірудің бағасы. Екі фишка – тағдыр таразысына тасталған алғашқы салмақ.
Жарық, музыка, тегін ас. Бұл жер адамды ойландыру үшін емес, ойын ұрлау үшін жасалған. Фишканы қайтармақ болғанда: «Ойнамай ауыстыра алмайсыз», – деген жауап естілді.
Алдымен ұтыс болды. Кейін ұтылыс. Ұтылған сайын «қазір қайтарып аламын» деген үміт бойды биледі. Ақша таусылғанда қарыз басталды. Бір күннің қалай өткенін ешкім аңғармады. Үйдегілерге «туған күндеміз» деген өтірік айтылды.
Одан кейін бір бөлмелі пәтердің ақшасы да сол үстелге қойылды. Санасында бір ғана ой қалды – ұтылғанды қайтару. Бұл – құмар ойынның ең терең тұзағы.
Анасының алдында бәрін жайып салғанда, шешесі үнсіз тыңдады. Сол үнсіздік – мың сөзден ауыр еді. Бірақ бір айдан соң сөмкеден табылған ақша тағы бір мүмкіндік секілді көрінді. Бұл жолы ол ұтты. Төрт мың доллар. Бірақ дәл сол қуаныш қайтадан ішке сүйреді.
– Қазір артыма қарап, бір ғана шындықты айта аламын: казино адамды ақшамен емес, үмітпен өлтіреді. Ұтылсаң – «қайтарып аламын» дейсің. Ұтсаң – «тағы да болады» деп сенесің. Осы екі ойдың ортасында адам бір күндік нәпақасын ғана емес, өмірінің бағытын жоғалтады… «Тоқтай аламын» деген ой – ең қауіпті өтірік. Себебі казиноға кірген адам өзімен емес, өз нәпсісімен бетпе-бет қалады. Ал нәпсімен күрес – ең ауыр майдан… – дейді ол.
Арзу ханым бұл жазбаны оқып отырған әр адамға ой салғысы келеді.
– Егер біреу «бір рет қана кіріп көрейін» деп ойласа, менің өмірім – соған жауап болсын. Бір күндік нәпақа үшін бір ғұмырды тігуге болмайды. Бұл – ойын емес. Бұл – тағдыр», – дейді ол.
Арзу Алмасова казиноны «өлімхана» деп атайды. Өйткені осы жолда ол алпыс миллион теңгеден айырылған.
«Дертін жасырған өледі»
Бүгінгі қоғамда тәуелділік мәселесін естен шығарып алғандаймыз. Әсіресе баласының құмар ойынға, ішімдікке немесе есірткіге тәуелді болғанын көп ата-ана ұят санап, жасырады. Өзгенің сөзіне қалудан, елге жария болудан қорқады. Алайда кез келген дерт секілді тәуелділіктің де алдын алудың бір-ақ жолы бар – оны дер кезінде мойындап, емдеу.
Алматы қаласында орналасқан Family Rehab жеке оңалту орталығы осы көзқарасты өзгерту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орталық директоры, психолог-аддиктолог Бекет Тәжікеновтің айтуынша, тәуелділікті жасыру – оны тереңдете түсумен тең.
– Ата-аналардың ең жиі жіберетін қатесі – баласының дертін уақытша «жаба салу». «Өзіміз түзеп аламыз», «біреуге айтсақ, масқара болады» деген жалған түсінікпен кейбірі емші-балгер жағалап, уақыт жоғалтады. Бірақ бұл нақты нәтиже бермейді. Керісінше, уақыт өткен сайын дерт асқына түседі, – дейді маман.
Бекет Елтайұлының сөзінше, тәуелділіктің ең қауіпті тұсы – үнсіздік. Өйткені мәселе айтылмай, жасырылған сайын адам іштен күйрей береді. Ал дер кезінде көрсетілген кәсіби психологиялық көмек пен қолдау ғана адамды тығырықтан алып шыға алады.
– Нашақорлық пен маскүнемдік көзге бірден көрінеді. Ал лудоманияға шалдыққан адам ұзақ уақыт бойы «қалыпты» болып көрінуі мүмкін. Қазіргі ең қауіптісі – құмар ойынның қалта телефон арқылы қолжетімді болуы. Бір батырма – ойын, бір батырма – несие. Мұның соңы тәуелділікке алып келеді, – дейді психолог.
Орталықта емдеу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Емделушілер белгілі бір уақытқа қоғамдық ортадан оқшауланып, интернет пен әлеуметтік желіден шектеледі. Жеке және топтық терапия арқылы жауапкершілік сезімін қайта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылады.
– Біз жылына орта есеппен емделушілердің 70–75 пайызының оңалуына қол жеткізіп отырмыз. Бұл – тәуелділіктің үкімі емес екенін дәлелдейтін нақты нәтиже, – дейді маман.
Өзіңді алдау
Ардақ Атымтаев бүгінде осы орталықта психолог-кеңесші болып қызмет атқарады. Алайда бір кездері ол бұл мекемеге көмек сұрап келген жандардың бірі еді.
– Теріс жолдың алғашқы қадамы шөп шегуден басталды. Кейін ішімдікке ұласты. Ол кезде бәрі қызық көрінді. Бірақ соңы тәуелділікке апаратынын түсінбедім. «Қаласам, кез келген уақытта тоқтаймын» деген ой – өз-өзіңді алдаудың ең қауіпті түрі екен. Ақыры құмар ойынға кіріп кеттім. Сол сәттен бастап өмірге деген сенім де, өзіме деген құрмет те жоғала бастады.
Не істесем де жолым болмады. Өз күшімнің жетпейтінін мойындадым. Содан кейін ғана осы орталыққа келу керек екенін түсіндім. Шынын айтқанда, көп адам мұнда өз еркімен келе бермейді. Мен де алғашында ішкі қарсылықпен келдім. Бірақ мамандардың көмегімен өзімді қайта таныдым, – деп өткенін еске алды.
Оның айтуынша, құмар ойын – адамды үнсіз жұтатын дерт.
– Ойынға кірген адам балшыққа батып бара жатқанын сезбейді. Бұл дерт адамды іштен ірітеді, болашағын тұмшалайды. Сондықтан кәсіби психологиялық қолдаусыз бұл тәуелділіктен арылу өте қиын, – дейді ол.
Бүгінде оның өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Күн тәртібіне мән беруді, мақсат қоюды, ұзақ мерзімді жоспар жасауды үйреніп жүр. Нәтиже де бар. Ішкі дертті жеңу арқылы өзіне деген сенім қайта оралған.
Құмар ойын салдарынан екі жылдың ішінде 10 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған Ардақ өткен өмірін өкініш емес, сабақ деп қабылдайды. Өйткені сол сүрінген жол бүгін өзгеге үміт сыйлауға себеп болып отыр.
«Өмір – cтавка емес»
Біз тілдескен Әмірхан мен Бақытжанның тағдырлары құмар ойынның адамды қалай үнсіз жұтатынын айқын көрсетеді. Бұл дертке он жыл арнау ма, үш жылын беру ме – айырмашылығы жоқ. Құмарлық алдымен ақшадан айырады, кейін абыройды жоғалтады, ақырында адамның өзін жұтады.
– Бұл дертке 18 жасымда шалдықтым. Карта ойнаудан басталған әуестік біртіндеп букмекерлік кеңселердегі ставкаларға ұласты. Ол кезде ойынның өмірімді түбегейлі өзгертетінін, болашағымды қараңғылыққа сүйрейтінін сезінбедім. Ақшадан айырылдым деу аз. Ең алдымен өзімді жоғалттым. Жақындарымның сенімінен, ертеңгі күнге деген үміттен айырылдым. Ойын «ұтамын» деген жалған сенім сыйлады, ал шын мәнінде мен күн сайын ұтылып отырдым.
Бір күні өз-өзіме: «Мен тоқтай алмаймын» деп айтуға мәжбүр болдым. Бұл жеңіл мойындау емес, ауыр шындық еді. Сол шындықты ата-анама айту одан да қиын болды. Алайда дәл сол ашық әңгіме мені құтқарған алғашқы қадамға айналды. Анамның таныстары арқылы осы оңалту орталығы туралы білдім.
Орталықта жүргеніме үш айдан асты. Осы уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мұнда мен ойлануды, өз-өзіммен жұмыс істеуді үйрендім. Арнайы ем мен тұрақты психологиялық қолдау санамды біртіндеп серпілтті. Бұрын бәріне бейжай қарайтынмын, қазір әрбір күніме жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Өмірімнің жаңа бір парағы ашылғандай.
Осы жасқа дейін жауапкершіліксіз өмір сүрдім. Енді соны түзеу – менің міндетім. Өткенді өзгерте алмаймын, бірақ болашақты өзгертуге мүмкіндік бар. Бүгінде ойыннан емес, өмірден ұтқым келеді. Қазір менде үміт бар. Ал үміт – адамды қайта тірілтетін күш, – дейді Әмірхан.
***
Бақытжан – Іле ауданының түрғыны, 24 жаста.
– Үш жылдай ойын жетегінде жүрдім. Бәрі де қызығушылықтан басталды. Ортаңның да әсері бар. Алғашында «жай көремін» деген ой ғана еді.
Медбрат болып қызмет атқарып, тұрақты табысым, болашаққа құрған жоспарларым да болған. Алайда онлайн ставкаларға тәуелділік сол жоспарлардың бәрін жоққа шығарды. «Ұтамын» деген үмітпен қайта-қайта ұтыла бердім. Ұтылған ақшамды қайтару үшін тағы ойнадым.
Сөйтіп, шамамен он миллион теңгеден айырылдым. Ақшамен бірге көлігімді де ойынға салдым. Тоқтай алмадым. Үйдегі қымбат заттарды, алтын бұйымдарды сатып, бәрін ойынға жұмсадым.
Ата-анамның сенімінен айырылдым. Сол кезде олардың қандай күй кешкенін кейін ғана түсіндім. Осы орталыққа келіп, ем қабылдай бастаған соң ғана өміріме сырт көзбен қарауды үйрендім.
Ойынқұмарлық адамды бірден емес, біртіндеп құрдымға апарады. Алдымен ақшаңнан айырады, кейін абыройдан, соңында өзіңді жоғалтасың, – дейді ол.
Мақаланы жазуда түйген ой – құмар ойынның адам өміріне қалай дендеп еніп, тағдырды үнсіз өзгертіп жіберетіні. Бұл дерт айқайлап келмейді. Ол адамның санасына үміт болып кіріп, сол үміттің өзіне қақпан құрады. Қоғам үшін ең қауіптісі – осы дертке үйреніп кету, оны қалыпты құбылысқа айналдыру. Үнсіздік – тәуелділіктің ең сенімді серігі. Ал шындықты айту – құтқарудың алғашқы баспалдағы.
Құмар ойынға тәуелді болу – ұят емес. Ұят – сол дертпен жалғыз қалу. Адам әлсіздігін мойындаған сәттен бастап қана адам болып қала алады. Өйткені шынайы күш – тоқтай білуде.
Бір ойын – бір ғұмырмен өлшенетінін түсінгенде ғана адам өмірді ставкаға тігуді қояды. Өмір – тәуекел емес, аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ







