Қазақстанда «Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрыққа сәйкес, сыра және сыра сусындары міндетті таңбалауға жататын өнімдер қатарына енгізілді. Ереже 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енді. Жаңа талаптар өндіріс пен импорттың ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықтағы контрафактілік өнімдердің санын азайтуға бағытталған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Міндетті таңбалаудың кезеңдері мен мерзімдері
Өндірушілер мен импорттаушылар үшін талаптар кезең-кезеңімен енгізіледі. Осы мерзімдерге сәйкес таңбалау жүйесінде тіркелу және процестерді реттеу қажет:
-
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап: Кегтердегі және бөтелкелердегі (шыны, ПЭТ) сыра мен сыра сусындарына таңбалау міндетті;
-
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап: Қалбырлардағы (банкалардағы) сыра мен сыра сусындарын таңбалау басталады.
Маңызды: 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап сәйкестендіру құралдарынсыз сыра өнімдерін өндіруге және импорттауға тыйым салынады. Ал осы мерзімге дейін өндірілген таңбаланбаған өнім қалдықтарын кәсіпкерлер күнтізбелік бір жыл ішінде өткізе алады.
Бөлшек сауда өкілдеріне (дүкендер мен нүктелер) арналған нұсқаулық
Сауда процесі тоқтап қалмауы және айыппұл санкцияларына жол бермеу үшін бөлшек саудагерлер мына іс-әрекеттерді орындауы тиіс:
-
Таңбалау жүйесіне тіркелу: Тіркелу үшін tanba.markirovka.kz сайтына өту қажет.
-
Техникалық дайындық: Кассалық жабдықты таңбалаумен жұмыс істеуге баптау және 2D-сканер сатып алу (немесе таңбалауды қолдайтын веб-кассаны пайдалану).
-
Тауарды қабылдау: Таңбаланған тауарды (Data Matrix) стандартты құжаттар (ТІН, жүкқұжат) бойынша қабылдау.
-
Өткізу: Сауда кезінде Data Matrix кодын сканерлеу міндетті. Бұл код сканерленгенде тауар айналымнан автоматты түрде шығарылады.
Қолдау және ақпарат
Таңбалаудың кезеңдері туралы толық мәлімет пен нұсқаулықтарды «Қазақстандағы цифрлық таңбалау» YouTube-арнасынан (@tanbakz) көруге болады.
Егер тіркелу, кодтарды алу немесе техникалық ақаулар бойынша сұрақтар туындаса, тауарларды таңбалау бойынша Бірыңғай операторға хабарласуға болады: 8 800 080 65 65 (қоңырау шалу тегін).





