Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кеңейтілген кездесу өтті. Іс-шараға ҚРКФ қызметкерлері мен еліміздің барлық өңірлерінен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Сатыбалды Дәулеталин елде жүзеге асып жатқан конституциялық реформаның тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер билік өкілеттіктерін бір орталыққа шоғырландырудан арылтып, ортақ ережелерді қалыптастыруға бағытталған. Мұндай жүйе еңбек адамының құқығын нақты қорғауға мүмкіндік береді.
Конституция жобасының негізгі ережелерімен ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Ол жаңа жобада «еңбек ету бостандығы» ұғымының орнына «еңбек ету құқығы» енгізілгенін атап өтіп, бұл мемлекеттің азаматтарды жұмыспен қамтуға тікелей жауапкершілік алатынын білдіретінін түсіндірді.
Талқылау барысында өңірлік кәсіподақ басшылары ұсынылған баптарға қатысты пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойды. Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Конституция жобасының ашық әрі жалпыұлттық деңгейде талқыланып жатқанын айтты. Ал Алматы, Шымкент және Қызылорда өңірлерінің өкілдері реформалардың ел болашағы үшін маңызды екенін жеткізді.
Сатыбалды Дәулеталин жаңа Конституцияның басты мақсаты – адам құқығы мен қадір-қасиетін қорғауға негізделген жаңа қоғамдық келісім қалыптастыру екенін айтты. Сондай-ақ заң шығару бастамасына Президент, Үкімет және Парламентпен қатар, жаңа субъект – Халық кеңесі ие болатынын жеткізді. Бұл кәсіподақтардың заң әзірлеу үдерісіне тікелей қатысуына жол ашады.
Жиын соңында ҚРКФ Төрағасы барша азаматтарды Конституция жобасымен мұқият танысуға шақырып, кәсіподақ ұйымдарына бұл жұмысты еңбек ұжымдарында белсенді жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, Конституцияның шынайы күші – адамдар оны күнделікті өмірде басшылыққа алған кезде ғана көрінеді.
Әсет ҚЫДЫРМАНОВ
Алматы және Жетісу облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы





