Конституциялық реформаның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы болды. Саяси жүйені кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ету екенін атап өтті.
Қызылорда қаласында өткен Құрылтайдағы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі Қазақстанды терең демократияландыру мен әлеуметтік әділеттілік жолымен дамытуға деген табанды шешімі шын мәнінде тарихи оқиға. Айтқан әрбір сөзі ел тағдыры үшін жауапкершілікке және халқымыздың жасампаз әлеуетіне деген сенімге толы.
Баршаға мәлім, жуырда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.
Жаңа заңның жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылаулар және жаңа нормалар мен ережелерді терең пысықтау нәтижесінде әзірленді.
Жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланды. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде айқындалды. Егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық мемлекет нысаны, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені бекітілді.
Жаңа Конституция мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтары тек жаңа преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның өзегі әрі негізгі мағыналық бағыты ретінде айқындалды.
Дін мен мемлекеттің нақты ара-жігі белгіленіп, білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты бекітіледі. Конституция жобасының негізгі жаңалықтарының қатарында мыналарды атап өтуге болады.
145 депутаттан тұратын, жаңа әрі кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Оны қалыптастыруда пропорционалды сайлау жүйесі қолданылып, депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.
Жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады. Бұл Қазақстан халқының мүддесін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган болады.
Президент атынан Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті құрылымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын Вице-Президент институты енгізіледі. Алғаш рет адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы баптар бекітіледі.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында Парламенттің Құрылтай деп аталуы да терең символдық мәнге ие. Бұл шешім тарихи дәстүрлердің сабақтастығын көрсетіп қана қоймай, қазақстандық парламентаризмнің дамуына жаңа бет ашады. Мұндай қадам ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, қазіргі мемлекетті ата-бабалар даналығымен сабақтастыра түседі.
Ерекше квоталар мен арнайы тағайындаулардан бас тарту туралы мәлімдеменің маңызы зор. Президент жаңа Қазақстанда артықшылықтарға ие немесе «тағайындалған» өкілдер болмауы тиіс екенін ашық айтты – әрбір мандат адал еңбекпен және халық сенімімен алынуы керек. Бұл шешім тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтып, саяси кемелділіктің нақты көрінісіне айналады.
Әділеттілік, азаматтардың қауіпсіздігі, адамгершілік құндылықтарды қорғау және патриотизмді нығайту сияқты қоғамның іргелі негіздеріне қатысты маңызды жаңашылдықтарды атап өткен жөн.
Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Оның ішінде азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе оларға жаңа міндеттер жүктейтін заңдарға кері күш беруге тыйым салынады, кінәсіздік презумпциясы, бір құқықбұзушылық үшін қайтадан жауапкершілікке тартуға жол бермеу қағидаттары бекітіледі. «Миранда ережесі» енгізіледі. Осы тұста оған қысқаша түсінік бере кетейін.
«Миранда ережесі» – Америка Құрама Штаттарында қолданылатын құқықтық талап, оған сәйкес адам ұсталған кезде оған өз құқықтары түсіндіріліп, құқық қорғау органы қызметкері оның айтқанды түсінгені жөнінде нақты жауап алуға міндетті.
Қорытындылай келе, жаңа редакциядағы Конституцияның алғашқы жобасында преамбула, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылып отырғанын атап өткім келеді. Менің ойымша, бұл құжат алдағы референдумда бүкілхалықтық қолдауға ие болады.
Қанат Қарымсаков,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі





