Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда конституциялық деңгейде волонтерлікті ынталандыруды бекіту қажет деген бастама көтерді.
Вера Ким Мемлекет басшысының еріктілер қозғалысына тұрақты түрде қолдау көрсететінін еске салды. Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында ауқымды көлемде өткен Еріктілер форумы осының жарқын дәлелі болды.
– Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар жинау жарияланған сәттен бастап маған волонтерлік ұйымдар мен еріктілердің өздерінен 31-баптың 2-тармағын «волонтерлік» деген сөзбен толықтыру туралы өтініштер бірнеше рет келіп түсті. Осыған байланысты Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықты құруды көтермелеумен қатар волонтерлікті ынталандыруды бекітуді ұсынамын», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл бапта әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етудегі мемлекет ынталандыратын қоғамның қатысу нысандары келтірілген. Атап айтқанда, онда сақтандырумен қайырымдылық көрсетілген, бірақ басқа маңызды нысан – азаматтардың жеке өтеусіз еңбегі көрсетілмеген.
– Еріктілер төтенше жағдайлар кезінде, ауруханаларда көмектеседі, әлеуметтік салада қарттарды, балаларды, мүгедек адамдарды, қиын жағдайда отбасыларды қолдайды. Бұл бүкіл ел бойынша жұмыс істеп жатқан әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды бөлігі» – деді Вера Ким.
Депутат «волонтерлік» сөзі норманы логикалық түрде толықтыратынын, өйткені бұл жағдайда мемлекет тек ресурстармен тетіктерді ғана емес, азаматтардың да қатысуын ынталандыратынын атап көрсетті.
– Мен бұл бастаманы бүкіл еріктілер қозғалысының атынан көтеремін», – деді ол.
Сондай-ақ Вера Ким сауалнамаларға сәйкес әрбір сегізінші қазақстандықтың волонтерлік тәжірибесі барекендігін көрсететін деректерге тоқталды. Ресми мәліметтер бойынша, еріктілікке 300мыңға жуық адам тартылған, 800-ден астам ұйым мен 3,5мың бастамашыл топ жұмыс істейді.
– Біз үшін бұл жай ғана қызмет емес – бұл біздің қоғамның тұрақтылығымен әл-ауқатына қосқан үлесіміз», – деді депутат.
Сонымен қатар ол қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы еріктілердің ерекше рөлін атап өтті.
Вера Кимнің айтуынша, олар өздерінің нақты әрекеттерімен табиғатқа және қоршаған ортаға деген жауапкершілікке ұқыпты қараудың үлгісін көрсетеді. Аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды сақтау және экологиялық білім беру бойынша еріктілер бастамалары арқылы табиғат құндылығы туралы практикалық түсінік қалыптасады.
– Көптеген адамдар үшін мұндай жобаларға қатысу саналы экологиялық тәртіпке деген алғашқы қадам, ал жастар үшін азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық игілікке құрметпен қараудың маңызды мектебі болып табылады,– деп атап өтті ол.
Вера Ким жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениеттің мемлекеттің іргелі қағидаты ретінде орнығуы қоғамдық қозғалысқа жүйелі және ұзақ мерзімді сипат беретінін атап өтті.
Нәтижесінде қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік акцияға емес, білім беру, құқықтық реттеу және қоғамдық бастамалар арқылы қолдау көрсетілетін мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытына айналады.
– Азаматтар үшін бұл таза және қауіпсіз өмір сүру ортасы, денсаулықты қорғау және табиғи ресурстарды сақтаудан көрінеді. Волонтерлердің белсенділігі мен экологиялық мәдениетті конституциялық тұрғыда тану тұтастай алғанда әр адам елдің табиғаты мен болашағын сақтаудың қатысушысы болатын дамудың тұрақты моделін қалыптастырады, – деп түйіндеді ол.





