Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған «CodeGirls» және «AI Olymp» атты екі ірі ұлттық IT жоба бастау алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің жас таланттары халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, 2025 жылы Бейжіңде өткен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада (IOAI 2025) отандық құрама 7 медаль иеленіп, әлемнің үздік командаларының қатарына енді. Сонымен қатар, қыздар арасындағы еуропалық информатика олимпиадасында (EGOI) алғаш рет екі қола медаль бұйырды. Мұндай жетістіктер елімізде IT мамандарын даярлаудың жүйелі жолға қойылғанын аңғартады.
Қыздар үшін – «CodeGirls»
Жобаның басты мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы қыздардың үлесін арттыру және бағдарламалау әлеміне келуді жеңілдету. Сұрыптау кезеңі 15 ақпан күні сағат 16:00-де онлайн форматта өтеді. Нәтижесінде ең үздік 12 қатысушы оқу-жаттығу жиындарына жолдама алады. Осы дайындықтан кейін құрылған ұлттық құрама Италияның Чезенатико қаласында өтетін «EGOI 2026» додасында Қазақстан намысын қорғайды.
Жасанды интеллект жастары – «AI Olymp»
9-12 сынып оқушыларына арналған бұл республикалық олимпиада жасанды интеллект бағытын дамытуға негізделген. Іріктеу кезеңі 22 ақпанға жоспарланған. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін «IOAI 2026» халықаралық жарысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының (CPFED) бас хатшысы Данабек Қалиаждаровтың айтуынша, негізгі міндет – бүкіл ел бойынша оқушылар мен студенттердің кәсіби өсуіне жағдай жасайтын тұрақты экожүйе қалыптастыру. Барлық іс-шаралар тегін негізде жүзеге асады.
Бастамалар цифрлық сауаттылықты арттырып қана қоймай, ауыл мен қала оқушыларына тең мүмкіндік береді. Сұрыптаудың ашықтығы мен онлайн қолжетімділігі ең алыс елді мекендегі дарынды баланың да әлемдік деңгейге шығуына жол ашады. Тіркелу «auth.cpfed.kz» сайтында басталып кетті.
Спорттық бағдарламалау және жасанды интеллект – болашақтың тілі. Бүгінгі оқушы ертеңгі жаһандық технологиялық өзгерістердің бастауында тұрған маман екені даусыз.




