Қазақстанда Конституциялық реформалар аясында мемлекеттік басқару жүйесі мен адам құқықтарын қорғау тетіктері жаңа деңгейге көтерілуде.
Конституциялық комиссияның 11-ші отырысында Ата заң жобасына енгізілген қосымша түзетулер жарияланды. Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, келіп түскен ұсыныстардың басым бөлігі меншік құқығы мен азаматтардың бостандығын нығайтуға бағытталған.
Жаңа жобаның 8-бабында меншік нысандарына қатысты маңызды нақтылау енгізілді. Бұрын тек мемлекеттік және жеке меншік деп бөліп көрсетілсе, ендігі редакцияда «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деп жазылды. Бұл өзгеріс кез келген заңды меншік нысанының мемлекет тарапынан бірдей деңгейде қорғалатынын білдіреді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай қадам инвесторлар мен шағын бизнес иелері үшін қосымша құқықтық кепілдік орнатады.
Ата заңның 14-бабына енгізілген түзетулер адам бостандығының абсолютті екенін тағы бір мәрте айқындады. Енді заңнамада «адам құқықтары мен бостандықтары ҚР қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуын анықтайды» деген норма пайда болды. Яғни, кез келген жаңа қабылданатын заң немесе шешім ең алдымен қарапайым азаматтың мүддесіне қайшы келмеуі тиіс.
Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын іске асыру барысында өзге тұлғалардың бостандығына нұқсан келтірмеу және қоғамдық тәртіпті бұзбау талабы да нақтыланды. Бұл қоғамдағы жауапкершілік пен тепе-теңдікті сақтаудың басты кепілі.
Саяси реформалардың ішіндегі елеулі жаңалық – Құрылтайды тарату тетігінің өзгеруі. Егер бұрынғы жобада бұл процесс қатаң бекітілсе, жаңа нұсқада Президентке «таратуға құқылы» деген диспозитивті өкілеттік берілді. Бұл мемлекеттік институттар арасындағы ымыраға келу мүмкіндігін арттырады. Алайда, бұл құқықты қолдануға қатысты нақты шектеулер де бар:
- Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде;
- Президент өкілеттігінің соңғы 6 айында;
- Алдыңғы таратудан кейінгі 1 жыл ішінде Құрылтайды таратуға тыйым салынады.
Бұл қадам билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтап, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциялық реформалар еліміздің демократиялық жолдағы дамуының жаңа кезеңі іспетті.





