Бүгін Талдықорған қаласындағы №28 IT мектеп-лицейінде «Қауырсын қалам» тақырыбында 10 және 11-сынып оқушыларымен кездесу өтті. Шарада Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Журналистика кафедрасының қос мамандығы кең көлемде таныстырылып, болашақ студенттерге маңызды да мазмұнды ақпарат берілді.
Оқытушы-дәріскер, магистр Ілескен Әлбатырұлы мен студент бола жүріп облыс орталығындағы түрлі БАҚ-та қызмет атқарып жүрген белсенді журналистер Жетісу универсиеті жайлы қызықты да тың жаңалықтармен бөлісті. Мамандар «Журналистика» және «Қоғаммен байланыс» мамандығына түсудің талабы, құжат жинау, шығармашылық емтиханға дайындық сияқты оқушылар біле бермейтін түйкіл мәселелерге арнайы тоқталып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ болашақ талапкерлер журналистика саласының қыр-сырымен танысып, мамандықтың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі туралы кеңінен мағлұмат алды. Шара барысында оқушылар көкейде жүрген сан сауалдарын ортаға салып, университет өкілдері тарапынан нақты әрі тұшымды жауапқа ие болды.
– Журналистикаға жаңадан қадам басып келіп жатқан білімгерлер көбіне ақпараттан бейхабар келіп жатады. Соның себебінен мамандық таңдауда қателедесі. Бұл олардың 4 жыл бойы өзі түсінбейтін және сүймейтін салада өзін қинау болса, екіншіден уақытын босқа өткізу. Сондықтан да біз ұстаз, ата-ана, қоғам болып білікті, білімді кадрларды дайындауды бірлесе қолға алуымыз керек. Бүгінгі өткен кездесу міне осының нақты бастамасы. Оқушылар өздерінің қайда, қандай бағытта білім алуын біліп, түсініп барғанда ғана оның өмірі мен болашағында айқын жетістік болады, –дейді Қазақстан журналистер Одағының мүшесі І. Әлбатырұлы.
Бүгінгі кездесу тәжірибе алмасуға, жас буынның қызығушылығын арттыруға және олардың алдағы оқу жолына сенімді қадам жасауына үлкен мүмкіндік сыйлады. Болашақ түлектердің кәсіби болашағына жол ашатын мұндай басқосулар алдағы уақытта қаладағы өзге де мектептерде жалғасын табады.
Назгүл САДАҚБАЙ,
ЖУ, Журналистика кафедрасының 3 курс студенті.





