Заман талабы ма, бәлки, пайым басқа ма, әйтеуір сөйлеу оңай, ойлау қиын. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде айта салу да, айғай салу да оңай құбылыс болып барады. Бүгінде қолына телефон ұстаған әр адам – блогер, кез келген таратқан пікір – «ақиқатқа» айналды. Ал сол сөз үшін жауап беретін уақыт келгенде – үнсіздік. Үнсіздік түбі – «мұңсыздық». Олай деуге негіз бар, өз басынан өзгенің абырой-беделін, азаматтығы мен адамгершілігін бірнеше елі төмен қоюға әуестердің әрекетін жөнсіздікке балауға тура келеді. Маңайға қараңыз, айғай бар, ақиқат көмескі. Осы ретте сұрақ туындайды: сөз жеңілдеп кетті ме, әлде біз оны жеңіл қолдана бастадық па?
Жерге түскен қасиетті төрт кітаптің бірінде: «Ең әуелі сөз болған, ол сөз Құдай еді» деген бар. Сөз қадірін бөз қадірінен жоғары қоятын бабаларымыз да «Таяқ – еттен, сөз – сүйектен өтеді» дегенді айтқан. Өңменнен өтер сөзге тоқтам үшін «Басқа бәле – тілден» дейді. Айта берсе даналық көп, ұғып жатқан адам аз!
Қазір бір телефон – бір мінбер. Айттың – тарады. Жаздың – жұрт үкім шығарды. Бірақ сол үкімнің салдарына жауап беретін ешкім жоқ. «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой» деуші еді дана қазақ. Дана демеуге негіз жоқ. Кейде аталарымыз өзгелер айтпағанды, өзгелер жазбағанды артына мұра етіп қалдырғандай көрінеді. Осы ұлттың ұрпағы, осы жұрттың баласы болғаннан туған ой емес. «Күллі дала ән салып тұрғандай» (А. Затаевич) көркем сөйлейтін қазақтың анық анықтамасы осы.
Қоғам алдында сөз тізгінін тартып жүргендер қатарында журналистер бар. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» маман иелері әдетте жауапкершілікпен сөйлейтін, әр сөзі үшін жауап беріп, қасқайып тұра алады. Себебі, олар үшін «Ақиқат байлықтан қымбат». Былай айтқанда, «Платон менің досым, бірақ ақиқат бәрінен қымбат» дегендердің қатарында. Өз мүддесінен, қоғамның, мемлекет һәм ел мүддесін жоғары қоятын қауым дейікші. Бір ғана мысал, шын журналист «не болды?» деген сауалмен ақпарат таратпайды. «Салдары қандай, қоғамға әсері қандай болмақ?» турасындағы сұраққа жауап іздейді. Ал, блогер ше? Мұқағалиді «сорлы еркекке», қазақтың тілін «маймылдың шүлдіріне», Мұқағали жырға қосқан «шешені» «баласын тастаған тас бауырға», күй атасы Құрманғазыны «қарақшыға» теңеген блогерлер жетіп артылады. «Қазақ тілі сіңірі шыққан кедейлердің, арба айдайтындар мен даяшылардың тілі! Кіжің сіңір, ашулан кедей» деп желіде пікір білдірген депутат та жүр дін аман. Заң алдында да жауап берер. Қазақтың құндысын қорлап, талтаң басып жүрмесін түсінгендер артынан кешірім сұрап әлек. Кешірімнен қорланған құнды қалыпқа келсе қанекей?!
Жалпы желіде «өлі» мен құндыны қорлау былай тұрсын, тіріні де тілдеу қалыпты жағдайға айналғандай. Біреуді «парақор», «сатқын», «алаяқ» дей салу күйбең тірліктің бір бейнесі іспетті. Желіні аштың, құтың қашты дей бер. Сөзбен сөгілгендер, тілмен терісі сыпырылған талай жұртты көресіз. Шетелдік бір әлеуметтанушы «Ақша көбейген сайын адам мәдениеттен жұрдай болады» дегенді айтыпты. Мәдениет пен адам әдебін ысырғандар жұртқа жақпас пікір білдірсең пілді қорқытқан тышқандай қылады. Дұшпандай көреді.
Хакім Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – депті. Дөп айтқан! Біреуді тілдеуден, біреуді қаралаудан мүйіз шығар болса, әрқайсымыз қарағайдай мүйізге ие болар едік. Бірақ, бізге керегі мүйіз емес, бірлік. Ал бірлікті ойсыз айтылған һәм «тисе терекке, тимесе бұтаққа» айтылған сөз бұзады. Қадірлі оқырман, әлі де сөз құны бөз құнынан жоғары екенін бағамдайық…
Ақбота АЗИМБАЕВА,
ЖУ студенті





