Сурет салу өмірімнің ажырамас бөлігіне айналғанына биыл 10 жылдан асты. Үш жасымнан қолыма қарындаш алып, ақ қағазға өз әлемімді түсіре бастаған сәттен алуан түсті бояулар мен үшін жан дүниемнің тіліне айналды.
Кескіндеме ішкі сезімімді жеткізетін ең шынайы жол. Табиғаттың әр түсі, әр реңкі мені ерекше шабыттандырады. Әсіресе, туған өлкеміздің көркем табиғаты асқар таулар, мөлдір өзендер, жайқалған дала менің картиналарымның негізгі тақырыбы. Әр туындым арқылы туған жеріме деген сүйіспеншілігімді, құрметімді білдіруге тырысамын.
Өнер жолында жеткен жетістіктерім де аз емес. 2022 жылы «Қаратал жұлдыздары» аудандық байқауында «Сурет» номинациясы бойынша І орынды иелендім. Бұл жеңіс мені қанаттандырып, үлкен жауапкершілік жүктеді. Сол жылы «Жетісу жұлдыздары» облыстық байқауына жолдама алып, аудан намысын қорғадым. Байқауда 19 суреттен тұратын көрме ұсынып, «Сурет салу» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алдым. Осы жетістігімнің арқасында Астана қаласына барып, «Сюжеттегі үздік ботаника» грамотасымен марапатталдым. Сонымен қатар «Индиго» мектебінен естелік сыйлықтар алдым.
Мектебімде картиналарымның көрмесі бірнеше рет ұйымдастырылды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, әрбір көрерменнің суреттеріме қарап, бір сәтке болса да табиғаттың сұлулығын сезінуі – ең үлкен қуаныш.
«Жарқын болашақ» олимпиадасында бейнелеушілер бағыты бойынша жүлделі І орынды иеленуім жаңа белестерге жетеледі. Бұл жетістіктер тоқмейілсімей одан әрі ізденуге, шеберлігімді шыңдауға ынталандырады.
Мен үшін сурет салу – тек хобби емес, болашаққа бастар жол. Алдағы уақытта кәсіби суретші болып, еліміздің табиғатын, мәдениетін, тарихын әлемге танытқым келеді. Өнер арқылы адамдардың жүрегіне жылу сыйлап, туған жерімнің сұлулығын бояумен сөйлетуді армандаймын.
Екатерина ПАК,
9 «В» сынып оқушысы





