Жетісуда өңірдің барлық маңызды нысандарының тең жартысын жаңартуға мүмкіндік берген әлеуметтік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту қорытындысы шығарылды.
Жаңа аймақ құрылғаннан бері Жетісу жерінде мектептер, ауруханалар мен Мәдениет үйлерінің құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілді. Білім саласына ерекше назар аударылды. Осы уақыт ішінде 5310 оқушыға есептелген 15 заманауи мектеп пайдалануға беріліп, 19 ғимаратта толық жаңарту жүргізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жұмыстар жалғасып, жаңа мектептердің бірі есігін ашты, тағы біреуі салынып жатыр.
Келесі жылы тағы 7 оқу орнын салу жоспарланған, бұл облыстың жөндеуге мұқтаж мектептерінің 40 пайызын ретке келтіруге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында да іргелі істер атқарылуда. Үш жыл ішінде облыста 98 жаңа медициналық нысан ашылды. Жетісу – блокты-модульдік кешендер жаппай орнатыла бастаған еліміздің алғашқы аймақтарының бірі болды. Бұл шалғай ауылдардағы медициналық пункттердің тапшылығы мәселесін тез әрі сапалы шешуге мүмкіндік берді.
Тек биылдың өзінде 51 нысан тұрғызылды. Өткен жылға арналған жоспарда тағы 69 медициналық мекемені іске қосу қарастырылған, олардың басым бөлігі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша салынуда. Нәтижесінде медициналық қорды жаңарту деңгейі 57 пайыздан асты. Оң өзгерістер ауыл тұрғындарының мәдени өміріне де қатысты болды. Соңғы жылдары 12 Мәдениет үйі пайдалануға берілді, ал келесі жылы оларға тағы да 7-і жаңа нысан қосылмақ.
Аймақтың спорттық инфрақұрылымы да өсу қарқынының жоғары екенін көрсетіп отыр. Облыста сондай-ақ, 18 ірі нысан ашылды, оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, стадиондар мен мамандандырылған залдар бар. Талдықорған қаласында жеке инвестициялар есебінен бірегей волейбол орталығы мен үстел теннисі орталығы пайда болды. Ал спортшылар үшін 4 қабатты тұрғын үй салынды. Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындардың спорт алаңдары және залдармен қамтамасыз етілуі 60 пайыздан асты. Ал жаңартылған спорт нысандарының жалпы үлесі 75 пайызға жетті.
Айгүл Байбосынова





