Қазақ даласы сан тарихты қойнауына жасырған көмбе іспетті. Сол көмбенің арасында осы өңірді мекендеген талай өркениеттің қазынасы жатыр. Ұлан-ғайыр атыраптың әр тасын зерделегендер кешеге дейін ақиқаттай боп келген тарихты әп-сәтте жалғанға айналдыруда. Мәселен, Бехистун жазбасы. Әйгілі Дарий сақ даласына келіп, масқара жеңілісіне қарамастан, сол тарихи жәдігерге «сақ-масагеттерді жеңдім» деп жазыпты. Кейінгі тарих Дарийдің Ұлы Далада тізе бүккенін айғақтайды. Жазиралы жалпақ даланың төсінде қазақтың арғы атасы көк түріктер дүниені сан мәрте дүр сілкіндірген. «Көк бөріден тараған көк түріктің ұрпағымыз» дегенмен, түрік сөзінің тамыры қайдан екенін біріміз біліп, біріміз білмейміз. Түрік сөзі мықты, қайратты, күшті дегенді білдірсе керек. Ал, оның мықтылығы мен күштілігі ұсталық өнерден бастау алады. Алтай тауын мекендеген түркілер темір балқытып, қылыш пен найза соғу арқылы даңқты болған. Атауының өзі темірден түйін түюге тікелей қатысы бар. Тарих пернесін шертуімізге «Жетісуда жасалған» айдарының кейіпкері болып отыр. Сауытты қақыратқан жебе, дұшпанға үрей туғызған қылыш жасамаса да, қыз-келіншектің сәнін келтіретін әшекей, сырға мен сақинаның неше түрін жасайтын кешегі ұста көк түріктің ұрпағы бүгінде арамызда жүр. Есімі – Құралбай Мәуейхан.
Сөз басын Алтай тауларынан бастауымыздың да өз себебі бар. Бүгінде Алакөл ауданы, Үшарал қаласында отырып-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпіріне өз өнімін ұсынып отырған зергердің туған жері түркілердің тербелген бесігіндей болған Алтай аймағы. Кейіпкеріміз өр Алтайдың Қытайға қарасты Көктоғай жерінен Қазақстанға 2006 жылы келген. Өзінің айтуынша, ұсталық өнер ата-бабасының байырғы кәсібі екен. Ұрпақтан ұрпаққа аманатталып, күні бүгінге жеткен саф алтындай өнерді бұзбай, жалғастырып отырған бір әулеттен тараған жалғыз буын. Олай деуге толық негіз бар. Құралбай бір кіндіктен тараған 18 ағайынды. Соның жетеуі Қазақстанға табан тіреп, осында күнелтуде. Қалғаны Қытай жақта. Сол 18-дің ішінен атакәсіпті бүгінге дейін жалғап келе жатқан жалғыз өзі. Бірақ, металдан зер түйетін маманнан үйренушілер көп болғанмен, оның өнерін тікелей өз ұрпағы әлі үйренбепті. Оның өз себебі бар, балалары әлі жас. Бұл Құралбайдың кеш үйленгенін білдірмесе керек.
Сабыр. Ыждағаттылық. Шыдам. Осы үшеуі ұсталық өнерді, оның ішінде бағалы металдан бұйым жасайтын зергерге аса қажет. Қыз-келіншектің сәнін келтірер бармақтай бұйымға түрлі ою салу үшін үшеуін жаныңа серік етуге тура келеді. Құралбайдың ұстаханасына бас сұққанымызда күміс сымнан жұмыртқадай күміс салпыншақ даярлауда екен. Ойлап қараңызшы, тұтас күмістен емес, сымнан. Ауызбен айтуға оңай болғанмен, ұстаның жеті күннен бергі әлегі осы. Әлгі салпыншақтың ішіне бағалы тас салынады. Онысы мойындағы алқаға тағылады. Осынша уақыт титімдей бұйым даярлауға жұмсау үшін шын сабыр қажет. Құралбайдың сәби сүюдегі қарекеті де сондай. Ерте үйленгенмен, балалы болуды ұзақ күткен. Айтуынша, тым ұзақ, бірақ Алланың дарытқан сабырымен бүгінде үйелмелі-сүйелмелі 3 баласы бар. Ал олардың атакәсіпті үйренуіне әлі ерте. Айтпақшы, әлгі салпыншақты Атыраудың тұрғыны әлеуметтік парақшасы арқылы тапсырыс берген. Құны 200 мың теңге.
Құралбай Мәуейханның ұстаханасы Үшарал қаласындағы базардың орталығында орналасқан. Аядай ғана бөлме. Шамамен 12-15 шаршы метр бөлмені дизелді пеш жылытып тұр. Шеберханасында ине шаншар бос жер жоқ. Шебермен болған 1,5-2 сағаттық әңгімемізді 10-ға жуық адам бұзды. Бәрінің мұнда бас сұғуына себеп – алтын бұйымын жөндету, жаңасын жасату. Айтуынша, қазір мұнда көп жұрт сатып алудан гөрі, қолда барын жаңалауға келетін көрінеді.
– Қазақстанға 2006 жылы қоныс аудардық. Жеті бауырыммен алғаш табан тіреген жеріміз Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылы болды. Сол жерде қолдан келгенді істеп күнелтіп жүрдік. 2015 жылы Үшаралға қоныс аудардым. Ал бауырларым сонда қалды. Осында келген соң осы шеберхананы аштым. Сол жылы 1,5 млн. теңге қаражат жұмсап, құрал-жабдық алдым. Содан бері шеберханамды заманауи жабдықтармен толықтырудамын. Қазір жалғыз өзім айына 5 келі шикі күмісті өңдеп, бұйым жасай алатын қауқарым бар. Бірақ, көп жұрт, яғни жергілікті тұрғындар жасалған бұйымды алғаннан гөрі, өзі пайдаланып жүргенін жөндетуге, жаңалатуға келеді. Топшылауым бойынша, оған себеп – халықтың әл-ауқаты, – дейді зергер.
Қазір кейіпкеріміз бір айда орта есеппен 1,5-3 келі шамасында күмісті бұйымға айналдырып отыр. Айтуынша, соңғы жылдарда қолдан жасалған бұйымға сұраныс төмендеген. Есесіне Құралбайдың зерлегендерін шетелдіктер көптеп сатып алады. Сөзіне сенсек, жергілікті тұрғындар күмістің қасиетін жете түсінбейді. Шетелден басып шығатын құрылғыда жасалатын алтынға құмар. Ал, күмістің адамға пайдасы алтынға қарағанда жоғары.
– Күміс – денсаулыққа пайдасы бар металл. Мұны медицина әлдеқашан дәлелдеп қойған. Тұтынушыларымның дені шетелдіктер. Оның ішінде Қытай мен Моңғолияны мекендеген қазақтар. Олар бұйымның бағасына емес, сипатына қарайды. Тарихты парақтасақ, сонау Мысырда Менес перғауын дәуірінде күміс алтыннан бірнеше есе қымбат болған екен. Олар көп жағдайда оны медициналық сипатта пайдаланыпты. Ата-бабамыз ежелде қолында, киімінде күміс әшекейлері жоқ әйелдерді қазан-ошаққа жолатпаған. Кей өңірлерде онсыз пісірілген асты арамға санаған. Бұл дәстүр көрші түрікмен елінде күні бүгінде де қолданыста бар. Күміс демекші, сонау ерте замандарда қазақ қолы мен қалмақ қолы соғысып жатқан кезеңде, сол жерде бір жұқпалы ауру пайда болып, қалмақ қолы сол кеселден жаппай қырылған деседі. Ал қазақ сарбаздарының ешқайсысына бұл кесел дарымаған. Кейін зерттеушілер бұның басты себебі, қазақтың қару-жарағы мен ат-әбзелдерінде күмістің мол болуынан деп тұжырым жасаған. Дана халқымыз күмістің көптеген жұқпалы кеселге қарсы тұратын қасиеті барын ежелден-ақ бағамдаған, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, күміс бұйымдар мен әшекейлерді баланы қырқынан шығарарда суға салу дәстүрі әлі күнге қолданыста. Осының өзі күмістің шын пайдасын айшықтап тұр. Кейіпкеріміздің әңгімесінен оның тек зергер емес, ата-баба даналығын таратушы, аманаттаушы деп топшыладық. Ізденуді де әдет қылып қалыптастырғаны байқалады. Сөзіне сенсек, адам ағзасында күміс әуелден бар. Күміс мида, жүйке жасушаларының ядросында, сүйек ұлпаларында, ішкі секреция бездерінде, көздің құбылмалы қабықшасында көп кездеседі. Ол ағзадағы физикалық үдерістердің қалыптылығына, ішкі мүшелердің дұрыс жұмыс істеуіне қызмет етеді. Күміс зат алмасуына, қан түзілуіне атсалысады, ағзаны жасартады. Өйткені күмістің иондары жасушаларға тез енеді. Бұл металл адам денесімен әрекеттескенде ағзадағы тоқ күміске қарай бағытталып, сол арқылы аурулар да оған қарай тартылады.
Қазір Құралбай Мәуейханның шеберханасында 20 миллион теңгенің жабдығы тұр. Бәрін маңдай термен тапқан. Уақытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін кеңейтуді көздеген. Бірақ, ондай мүмкіндікке қолы жетпепті. Алайда, алдағы уақытта 2 құрылғы алуды көздеп отыр. Бірі – бұйымға лазерлік жазу салатын, екіншісі – бұйымды металдан ойып жасайтын. Олардың бағасы аспандап тұрған көрінеді. Айтуынша, Алматыға зергерлік орталыққа жоғары жалақыға жұмысқа шақырыпты. Бірақ, ата-бабасынан қалған кәсіпті жалғау үшін әрі аманатын орындау үшін осында жұмыс істеп келеді. Күмістен зер тоқыған зергерге сәттілік тілеп біз жөнімізге жүре бердік.
Дастанбек САДЫҚ
Үшарал қаласы,
Алакөл ауданы





