Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамдағы көптеген мәселе баладан емес, ең алдымен ата-анадан басталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы QazaqToday.info сайтына сілтеме жасап.
Депутат мәдениет ұғымы тек біліммен шектелмейтінін, оның негізі отбасыдағы эмоция мен қарым-қатынаста жатқанын атап өтті. Асхат Аймағамбетовтің пайымдауынша, ата-ананың күнделікті әрекеті, сөйлеу мәнері мен мінез-құлқы өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан кей жағдайларда баланы түзегенше, ата-ананың өзін тәрбиелеу әлдеқайда маңызды нәтиже береді.
«Балаға ең керегі – махаббат пен қауіпсіздік», – деді ол.
Мұндай батыл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дискуссия тудырды. Желі оқырмандарының бір бөлігі депутаттың сөзін толық қолдап, «алма ағашынан алыс түспейді» деген қағиданы алға тартты. Олардың пікірінше, ересектер өздерін өзгертпейінше, баладан жақсы қасиет күту қиын. Ал енді бір топ тәрбие мәселесінде қоршаған орта мен мектептің де рөлі зор екенін айтып, бұл көзқараспен келіспейтінін білдірді.





