Мемлекеттілікті айғақтайтын рәміздердің қатарында Конституция бар екені белгілі. Әрбір елдің басты құжаты саналатын Конституция негізінен бұлжымас қағидалардан, бұзылмас баптардан құралады. Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Ата Заң – Конституция еліміздің даму кезеңімен бірге жасасып келеді.
Кіріспесіне: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» – деп жазылған. Дұға-тілек іспетті осы бір сөз сол тұстағы әрбір азаматтың ішкі ойы, бұлтармас бағыты еді. Себебі, КСРО атты алпауыт мемлекеттің құрамындағы 15 республиканың арасынан ең соңғы болып Тәуелсіздігін жариялаған еліміз үшін тағдыр шешер сәттің маңыздылығы ерекше екені рас. Бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституцияға қолдау білдірген әрбір азаматтың айтар ойы, түйіндер пікірі осыдан алыс болмаса керек. Ғасырлар бойы тәй-тәй басқан балаға айтылып, ұлттың асыл арманына айналған Қазақ елінің жеке мемлекет атануын аңсау осындай асыл сөздерді тудырды. Байырғы батыр бабалардың күллі әлемді тітіреткен айбары мен тұлғасы аспандаған дәуірлерден кейінгі кезеңдердің ауыртпалығы бодандықтың бейнесінде көрініс тапты. Ақ патшаның арбауына тап болып, еңсе көтерер азаматтары айқыш таңбалы сөлкебай таққан тұста басқыншылықтың озбырлығынан бармақ тістелді. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жерұйық жайындағы ертегіні сол тұста балаларына айтқан қазақ көкірегін кернеген асыл арманын осылай шығарды, жүректе сақтады, бойында тербеді. Кейінгі ақ пен қызылдың қырғынында, колхоздастыру зобалаңында, тігерге тұяқ қалдырмаған мал-мүлікті тәркілеу тұсында, миллиондаған жан қырылған ашаршылық кезінде, Екінші дүниежүзілік соғыстың қан қасабында, тың игеруді желеу еткен ұлтсыздандыру дәуірінде халқымыздың асыл арманы, қастерлі аңсауы осылайша сақталды. Атом бомбасы сыналған кең-байтақ даланы астан-кестен ету кеңестік идеологияның зымиян саясаты екенін ашып айта алмай, шайнауда қалған саусақ қанша?! Өз тіліндегі асыл арманды қалам арқылы кейінгіге жеткізген ақын-жазушылардың жанкештілігі қандай десеңізші?!.
Жаратқанға мың мәрте шүкір, 1991 жылы 16 желтоқсанда жариялаған Тәуелсіздігімізді ең алдымен қабылдаған туыстас Түркия болды. Осылайша өз алдына дербес мемлекет ретінде қадам басқан Қазақстан Республикасы әлемге демократиялықты, зайырлылықты қалайтын мемлекет екенін таныстыруға кірісті. Бұл көрініс Ата Заңның 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп анық жазылды. Осының өзі әрбір азаматқа артылар сенім мен жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін ұғындырады. Расында материалдық құндылықтар ешқашан байлық бола алмайды. Алтын, күміс, гауһар, ақша, үй, көлік тіршіліктің көркін кіргізетін ғана нәрселер. Ал, мына дүниенің ішінде ең асыл жаратылыс саналатын адам, оның ақылы, асыл ойлары, қарым-қабілеті негізгі байлық есебінде. Осыны жақсы білген Конституция авторлары мемлекеттің ең қымбат қазынасына азаматтарды, олардың өмірін, құқықтары мен бостандықтарын кіргізіп отыр. Сондықтан әлемдік құндылықтардың бастауында тұрған адам үшін Жер шары, ондағы табиғат, мал-мүлік, дүние, ақша, атақ, абырой-бедел қызмет етеді. Біз осыны дұрыс түсінбей жүрміз. Оны ұғынудың жалғыз жолы АтаЗаңымыз – Конституцияны жетік білуде жатыр. Ендеше, қабылданғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясын көпшілікке таныстыру біздің міндетіміз.
Ата Заң «Жалпы ережелер», «Адам және азамат», «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық Сот», «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын 9 бөлімнен тұрады. «Жалпы ережелер» атты І бөлімдегі 2-бапта басқару жүйесі, мемлекет аумағындағы егемендіктің тұтастығы, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, атаулардың мәні салмақталып, өзектілігі түсіндіріледі.
1-тармағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп басталатын 3 баптың қалған үш тармағында халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратыны, өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіні, Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайтыны, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланатыны, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ, өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар екендігі, Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізетіні, мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылатыны ашық жазылған. Бұның бәрі еліміздің егемендігін, мемлекеттігін айғақтайтын заңдық ережелер. Оны берік ұстану шарт. Өзгертулер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдум негізінде, дауыс беру арқылы енгізіледі.
2022 жылы 8 маусым күні елімізде референдум өтіп, Конституцияға бірқатар өзгертулер енгізілгені белгілі. Сол кездегі өзгерістер мен толықтырулар туралы айту алдағы күннің еншісінде.
Мәди АЛЖАНБАЙ
Фото: elordainfo.kz





