Қазіргі дәуір адамзатқа бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер сыйлап отыр. Соның ең ірісі де, ең күрделісі де жасанды интеллект. Ол біреуге көмекші, біреуге ой ойлап беретін дайын құрал. Бірақ дәл осы тұста ең маңызды сұрақ туындайды. Біз технологияны игеріп жатырмыз ба әлде технология бізді ме? Осы төңіректе әңгіме өрбітіп, мамандардың пікірін алға шығарғанды жөн көрдік.
Жасанды интеллект технологиялардың ішінде ерекше қарқынмен дамып, білім беру, медицина, журналистика, мәдениет пен күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Ақпаратты жылдам өңдеу, мәтін жазу, деректерді талдау сияқты міндеттерді санаулы секундта атқару арқылы уақытты үнемдеудің жаңа мүмкіндігін ашты. Бұл әсіресе қарқынды өмір сүріп жатқан қоғам үшін үлкен артықшылық. Бірақ оның әсерін тереңірек сараласақ, бұл құбылыстың астарында күрделі сұрақтар мен жауапкершілік жатқанын аңғарамыз.
Жасанды интеллект ІТ саласының қызметкерлеріне ғана қажет десек, көштен қалып, ілгері жүре алмауымыз мүмкін. Дегенмен, осы үдерістің екінші қыры да алаңдатпай қоймайды. Технология дамыған сайын адам ойының тереңдігі мен ізденіс мәдениеті әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұрын бір ойды қағазға түсіру үшін адам ұзақ толғанып, түрлі дерек көзін қарап, өз тұжырымын қалыптастыратын. Қазір сол еңбектің орнын дайын жауап алмастыра бастады. Бұл адамның интеллектуалдық еңбегін жеңілдеткенімен, оның ойлау дағдысына кері әсер етуі ықтимал. Осы айтылғандарды негізге алып, жетісулық жас инженер, «Jetisu Digital» IT-Hub директоры Талғат Абылаевтың ойын тыңдадық.
– Жасанды интеллект туралы бүгінгі пікірталастардың өзегінде бір маңызды ұқсастық жатыр. Адамзат тарихындағы қарапайым ғана құрал болып көрінген, бірақ кейін тұтас ойлау жүйесіне әсер еткен калькуляторды алайық. Шынында да кезінде калькулятор пайда болғанда көпшілік алаңдады. Адамдар «есептеуді ұмытып, ойлау қабілеті әлсірейді» деген қауіп айтылды. Алайда уақыт бәрін өз орнына қойды. Керісінше, математиктер есептеуде бұрынғыдан да дәл болып, негізгі назарын күрделі мәселелерге аударуға мүмкіндік алды. Яғни, есептеудің өзі емес, оны қалай қолдану маңызды екенін түсіндік. Бүгінгі жасанды интеллект те дәл осындай құрал. Оның пайдасы мен зияны адамның өзіне байланысты. Егер адам оны тек жеңіл жол іздеу үшін пайдаланса, білімге деген қызығушылығы төмендеп, ойлау қабілеті әлсіреуі мүмкін. Ал егер оны ойды нақтылау, қателікті азайту, тиімділікті арттыру үшін қолданса, онда жасанды интеллект ақылды адамды одан сайын дамыта түседі. Мәселенің түп мәні осында. Мектепте біз алдымен есептеуді үйренеміз. Қолмен санаймыз, бөлшектерді көбейтеміз, логиканы қалыптастырамыз. Осы негіз қалыптасқаннан кейін ғана калькулятор көмектеседі. Дәл сол сияқты жасанды интеллектіні де ойлаудың орнын басатын құрал емес, ойды толықтыратын мүмкіндік ретінде қабылдау қажет. Адам алдымен өзі ойланып, шешім қабылдауы тиіс. Ал жасанды интеллект сол ойды тексеретін, нақтылайтын көмекші болғаны жөн, – дейді ол.
«Жас Алаш» газетіне жасанды интеллект жөнінде пікірі жарыққа шыққан, IT саласының маманы, АҚШ-тың Бостон университетінде білім алған Тимур Бектұрдың да ойын мақалаға арқау еткенді жөн көрдік. Ол қазіргі таңда көпшілік ChatGPT-дің мүмкіндігін толық пайдаланбай отырғанын, технология дамығанымен, оны қолдану сауаттылығы дамымай жатқандығын айтады.
– Әлем елдері мен Қазақстанның жаңа технологияға көзқарасы екі бөлек. Негізгі айырмашылық – шетелде технологияға инфрақұрылым ретінде қараса, біз әлі де «керемет жаңалық» деп таңданып отырмыз. Стэнфордта немесе Берлинде студент ChatGPT-ді Word сияқты қолданады. Бізде әлі «Пайдаланасыз ба?» деген сұрақ қойылады. Яғни жүйелі ойлаудан, технологияны білім беру, денсаулық, басқару жүйелеріне кіріктіру стратегиясынан қалып барамыз. Шетелде жаңа технологияларға көзқарас әлдеқайда прагматикалық тұрғыда қалыптасқан. Мысалы, АҚШ-та «Технологияны қалай тез енгізіп, пайдаға асыру керек?» деген сұрақ алдыңғы қатарда тұрады. Еуропада қауіпсіздік пен этикаға көбірек мән беріледі. Ал бізде сақтық басым. Технологиядан бұрын оның қауіптілігі, заңдық жағы, рұқсаты талқыланады. Бұл белгілі бір деңгейде дұрыс, бірақ тым баяулыққа әкеледі. Осы тұста «Қайта бізде барлығы қолданып жатыр ғой?» деп менің бұл сөзіммен келіспеуіңіз мүмкін. Айтпағым, қарапайым адамдар емес, мемлекеттік тұрғыдан еді. Мысалы, бізде әлі күнге дейін ауруханаларда ЖИ жаппай қолданылмайды. Дәрігерге барсаңыз, сіздің рентгеніңізді өз көзімен қарайды, сіздің сырқат туралы шағымыңызды өз аузыңыздан тыңдайды, қолмен жазады. Ал дамыған елдерде рентгенді ЖИ талдайды, ал пациенттің шағымын ЖИ тыңдап, дереу диагноз қояды. Дәрігер тек соны мақұлдайды. Бізде әлі де «абайлап қолданады» дегенім осы. Біз көбіне дайын құралдарды тұтынушы ретінде қолданамыз, ал олар өздері жасап, өз ережесін қалыптастырады. Экожүйе құруда, тәуекелге баруда және технологияны нарыққа айналдыруда қалып келеміз. «Жоқ, келіспеймін, бізде де қолданып жүр» деп қайталайтын болсаңыз, онда сізге тағы да уәж келтіремін. Мен бұл арада күнделікті «Анау не? Мынау не? Ананы жазып бер. Мынаны жазып бер» деген мағынадағы емес, шынайы, толыққанды, кәсіби қолданысты айтып отырмын. Айталық, біздің елде ЖИ құралдарын дәрі ойлап табуда қолданып жатқан жоқ. Ал АҚШ бұл салада қарқынды түрде алға шауып кеткен. Міне, олар осындай терең, инженериялық, ғылыми тұрғыдан көш ілгері, – деген ойымен бөлісті Тимур Бектұр.
Иә, IT сарапшының мұндай тыңғылықты пікіріне дау жоқ. Тек көңіл қойып, «осылай жүзеге асырамын», дейтін жан болса қанекей?!
Жетісу өңірінде де аталған саланы дамытуға күш салып жүрген жандар жоқ емес. Олар шет мемлекеттерден ЖИ-ді жан-жақты игерген кәсіби мамандарды шақырып, жасқа да, жасамысқа да түрлі семинар ұйымдастыруда.
«Астана Хаб» АКҚ-ның Талдықорған қалалық филиалының менеджері Маржан Мүлкібаева:
– Қазақ халқының табиғатында шығармашылық пен идеяға бейімділік ежелден бар. Өнер, музыка, кино, әзіл, әдебиет – барлығы да ойдан туындайды. Жасанды интеллект осындай шығармашылық адамдар үшін үлкен мүмкіндік ашады. Мысалы, біреудің керемет фильм идеясы болуы мүмкін, бірақ оны жүзеге асыратын ресурсы жоқ. Жасанды интеллект сол идеяны сценарийге айналдырып, визуалды деңгейде көрсетуге көмектесе алады. Сол сияқты ән жазғысы келетін, бірақ студиясы немесе орындаушысы жоқ адам да өз идеясын жүзеге асыра алады. Бұл тек өнер саласымен шектелмейді. Кәсіп бастауға ниеті бар адам үшін де жасанды интеллект үлкен көмекші. Сайт жасау, қосымша әзірлеу, мәтін жазу сияқты көптеген процесті жеңілдетеді. Мемлекеттік қызметте де оның тиімділігі айқын. Қарапайым хат жазуға кететін уақытты үнемдеп, ойды нақты әрі сауатты жеткізуге мүмкіндік береді. Кейбір адамдар мұндай көмекті «жалқаулықтың белгісі» деп қабылдайды. Бірақ бұл жерде тағы да бір маңызды мәселе бар. Адам оқу арқылы дамиды. Егер адам жасанды интеллект жазып берген мәтінді ойланып, түсініп оқыса, оның өзі білімнің бір түрі. Бұл – үлгі. Яғни, дұрыс жазудың, сауатты ой жеткізудің мысалы. Уақыт өте келе адам сол деңгейге өзі де жақындай бастайды. Ал егер тек көшіріп алып, мән бермей қолданса, онда ешқандай даму болмайды. Керісінше, кері әсер етуі мүмкін, – дейді ол.
Жасанды интеллектіні қолданудағы тағы бір маңызды мәселе сенім мен сыни көзқарасқа қатысты. Көпшілік дайын ақпаратты тексермей қабылдауға бейім. Ал кез келген алгоритм адам жасаған жүйе болғандықтан, оның да қателесуі заңдылық. Егер қоғамда ақпаратты сүзгіден өткізу мәдениеті қалыптаспаса, жалған дерек пен үстірт түсінік кең таралатыны анық. Сонымен қатар, бұл құбылыс адам мен технология арасындағы шекараны қайта қарауға мәжбүр етеді. Жасанды интеллект адам еңбегін жеңілдеткенімен, оның орнын толық баса алмайды. Себебі, адамға тән сезім, интуиция, рухани тереңдік ешбір алгоритммен өлшенбейді. Егер адам өз мүмкіндігін технологияға толықтай тапсырып қойса, онда оның тұлғалық дамуы тоқырауға ұшырайды.
ЖИ-дің күші оның жылдамдығында емес, оны пайдаланушы адамның ниетінде. Қолына қалам ұстаған адам қалай жауапты болса, цифрлық құралды қолданған жан да дәл сондай жауапкершілік арқалайды. Өйткені әр жазылған мәтін, әр таратылған ақпарат, әр жасалған шешім қоғамға ықпал етеді. Ал сол ықпалдың оң не теріс болуы тікелей адамның ішкі мәдениеті мен ар-ұятына байланысты екенін ұмытпаған жөн. Десек те жаңа технологияны қолдабау тауқымет, ол жасаған жұмысқа ойланбау қасірет.
Медет ЖҰМАБАЙ





