Жақында Massaget.kz сайты өткен жылдың 11 айындағы аймақтардағы ауаның ластану салыстырмасы бойынша экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми жауабын жариялаған болатын. Алайда, ластанудың жоғары деңгейіндегі қаладардың көрсеткішінде Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы Хромтаудан кейін екінші орынға жайғасыпты.
Ел санасында табиғаты көркем, экологиясы да, ауасы да таза саналатын Талдықорған қаласындағы ауаның соншама ластануы дұйым жұртты елең еткізгені анық. Себебі, аймақтың суын ішіп, ауасымен тыныстап жүрген әрбір жан бұндай ланастанудың адам денсаулығына келтіретін зияны мен кері әсерін ойлап уайымдайтыны белгілі.
ӨТКЕН АПТА «АЙШЫҒЫ»: Талдықорған Қазақстандағы ауасы ластанған елді мекендер тізімінде тұр
Әкімдік не дейді
Осыған байланысты біз Жетісу облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары м.а. Ерасыл Бекжанов мырзаға хабарласып, ауаның ластануының адам денсаулығына кері әсері мен зиянының бар жоқтығы туралы сауал жолдаған едік.
Ерасыл Баратұлының бізге берген мәліметінше, Massaget.kz порталы жариялаған ақпаратқа сәйкес, Талдықорған қаласының аумағындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланып отыр. Дейтұрғанмен аймақтағы жағдай үнемі бақылауда деп сендірді.
Ресми мекеме не айтады
«Қазгидромет» ШЖҚ РМК-ның Жетісу облысы бойынша филиалының түсіндірмесіне сай, бұл стандартты индекс (СИ) мәнімен – 5,0 (жоғары деңгей) азот оксиді бойынша және ең жоғары қайталанушылық (ЕЖҚ) = 2 % (жоғары деңгей) азот диоксиді бойынша №2 бақылау бекеті ауданында анықталды.
*52.04.667-2005 нормативіне сәйкес, егер СИ және ЕЖҚ әртүрлі деңгейлерге сәйкес келсе, атмосфераның ластану деңгейі осы көрсеткіштердің ең жоғарғы мәні бойынша бағаланады.
Максималды бір реттік концентрациялар: РМ-2,5 бөлшектері – шекті рұқсат етілген концентрацияның (ШРК) 1,20, РМ-10 бөлшектері – ШРК-ның 1,35, көміртек оксиді – ШРК-ның 2,51, азот диоксиді – ШРК-ның 3,98, азот оксиді – ШРК-ның 5,0, күкіртсутек – ШРК-ның 4,08 көрсетті. Қалған ластаушы заттардың концентрациясы ШРК-дан асқан емес. Шамалы асып кетулер негізінен кешкі уақытта байқалды. Бұл жылыту маусымы мен автокөлік құралдарының әсерінен. Сондай-ақ, ауадағы ластануының қалыптасуына ауа райы мен жел және желдің бағытының жиі өзгеруі де айтарлықтай әсер етеді.
– Қорытып айтқанда зиянды заттардың орташа концентрациясы қазірге ШРК-дан асқан жоқ. Өте жоғары (50 ШРК-дан жоғары) және жоғары (10 ШРК-дан жоғары) ластану жағдайлары әлі тіркелген жоқ. Бұл дегеніміз қала тұрғындарының өмір сүру сапасына, денсаулық жағдайы кері әсерін тигізетін факторлардың тіркелмегенін білдіреді. Сондай-ақ қоршаған орта сапасының нашарлады деп тұжырымдауға, жұрттың алаңдауына еш негіз жоқ екендігін хабарлаймыз, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Түйін: Бұл мәселеге әзірге ұсынылған ресми жауаптың бүтін сұлбасы осы. Ал оның ішіндегі өрескел ластануға қатысты жылыту маусымы, жел бағыты, көлік түтіні әсері деген ақтама жауаптардың қисын-логикасын түсіну қиын. Себебі, басқа ауасы таза қалалар аталған «қиындықтардан» қиғаш өтіп кете алмайтыны тағы аян. Мегаполистердегі сағаттап тұратын кептелген көлік пен өндірістік қалалардағы түтінді ескеріңіз. Сонда аядай Талдықорғанның ластануы туралы басқаша жауап күтетініңіз сөзсіз. Оны тиісті мамандар да алда айта жатар. Әзірге халықтың денсаулығына зиян жоқ деген рәуіштегі жауап пен «жұрттың алаңдауына еш негіз жоқ» деген жауапты ғана «қанағат» етеміз.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: halyqline.kz





