Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban.muftyat.kz платформасын іске қосты. Жоба арқылы азаматтар қашықтан құрбан шалып, мұқтаж жандарға ет таратуды онлайн түрде рәсімдей алады. Сонымен қатар, құрбан етін алуға өтініш беру мүмкіндігі де қарастырылған.
Qurban 2026 сервисіндегі мәліметке сәйкес, өңірлердегі құрбандық малының құны біркелкі емес. Баға айырмашылығы мал нарығындағы жағдайға, аймақтың шаруашылық ерекшелігіне және ұсынылатын мал түріне байланысты қалыптасқан. Көпшілік өңірде қой, ешкі және ірі қара ұсынылса, кей облыстарда түйе шалуға да мүмкіндік бар.
Жетісу облысында қойдың бағасы 150 мың теңге болып белгіленген. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осындай баға Шымкент қаласы, Атырау, Қызылорда және Ұлытау облыстарында да тіркелген. Ал ел бойынша ең арзан қой Абай және Батыс Қазақстан облыстарында ұсынылып отыр. Бұл аймақтарда құрбандыққа қой шалу үшін 100 мың теңге жеткілікті. Демек, Жетісудағы баға аталған өңірлерден 50 мың теңгеге қымбат.
Республика аумағындағы көптеген облыста қой құны 120 мың теңге көлемінде сақталған. Атап айтқанда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында дәл осындай тариф бекітілген. Маңғыстау облысында қой 130 мың теңге тұрса, елордада баға 125 мың теңгеге жетеді. Осылайша, Жетісу облысындағы көрсеткіш орташа нарықтық деңгейден жоғары болып отыр.
Ірі қара мал бағасына келсек, Жетісу облысында сиырды құрбандыққа шалу құны 805 мың теңге деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарымен бірдей. Ал ең төменгі баға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарында тіркелген – 630 мың теңге. Яғни, Жетісудағы қызмет құны бұл өңірлерден 175 мың теңгеге артық.
Ең қымбат ірі қара Маңғыстау облысында ұсынылған. Онда бір сиырдың бағасы 945 мың теңгеге дейін жетеді. Ал Астанада бұл көрсеткіш 875 мың теңгені құрайды.
Жетісу облысында ешкі 70 мың теңгеден ұсынылып отыр. Бұл Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бағамен сәйкес келеді. Ел бойынша ең арзан ешкі Павлодар облысында – 55 мың теңге. Түркістанда 60 мың, Ақтөбеде 65 мың теңге көлемінде белгіленген. Ал ең жоғары баға Қызылорда облысында байқалады. Мұнда ешкі құны 100 мың теңгеге дейін көтерілген.
Түйе бағасы барлық өңірде бірдей сақталған. Онлайн сервис дерегінше, оның құны 1 миллион 120 мың теңгені құрайды. Бұл тариф Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстарында өзгеріссіз ұсынылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан онлайн қызмет соңғы жылдары халық арасында кеңінен қолданыла бастады. Қашықтан құрбан шалу әсіресе басқа қалада немесе шетелде жүрген азаматтарға қолайлы. Платформа арқылы тапсырыс берген адамның атынан құрбандық рәсімі орындалып, ет мұқтаж отбасыларға үлестіріледі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





