Қай салада болмасын «көрінбейтін қызмет иелері» болады. Бірақ, олардың еңбегі орасан. Мәселен, теледидарды алайық. Журналист көгілдір экран арқылы хабар таратуда. Жұрт оны біледі һәм таниды. Ал сол журналистің ақпарат таратуына септесіп жатқан сан маман бар. Оларсыз тілші негізгі міндетін атқара алмас еді. Сол сықылды, құқық қорғау саласында да көптің көзіне түсе бермейтін, бірақ үлкен миссияны орындап жүрген мамандар бар. Олар қылмыскерді құрықтамаса да, із кесіп, тергеу жүргізбесе де «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамда тұғырлауына септесіп жүр. Сондай мамандардың бірі һәм бірегейі – Әсет Айтуғанов.
Кейіпкеріміз ел қауіпсіздігі мен тыныштығына еңбек етуші тұлға. Қалай дейсіз бе? Заңды сұрақ. Мына заман сандық технологиялар мен жасанды сана дәуірі. Мемлекет басшысы адамзаттың ақыл-ойының жемісін әр салаға енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыруға қолдануды тапсырды. Сол сықылды ішкі істер органдары технология жемісін оңтайлы қолданып келеді. Әрине, қолдану бір басқа, ал сол құрал-жабдыққа қызмет көрсету бір бөлек. Былай түсіндірелік, облыс аумағында 2052 бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Әр ауданда 77 камерадан бар. Осынша құрылғының көмегімен қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы реттелуде. Орнатылған құрылғылар табиғаттың салдары һәм адами факторлар нәтижесінде істен шығады, яки жұмысы тоқтайды. Сол уақытта Әсет Айтуғанов сынды мамандар іске кіріседі. Жөндейді, қалыпқа келтіреді, жаңалайды.
Аға лейтенант Әсет Саятұлы қазір облыстық полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасында аға инженер болып жұмыс істейді. Салада тапжылмай тер төгіп жүргеніне он жылдан асқан. «Әрбір адам адалдықты ту еткенде еңбек өнімді болады» деген ұстанымдағы азамат 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауылында дүниеге келген. Отбасы жұмыс бабымен Жетісу өңіріне көшіп, осында орнығады. Өзінің айтуынша, құқық қорғаушы болу бала күнгі арманы. Ал арман түптің-түбінде орындалады екен. Себебі, мектептен соң колледжге оқуға түседі. Таңсық мамандық бойынша білім алып, ақпараттық жүйе маманы атанып шығады. Былай айтқанда, ІТ маманы. Ал баяғы арман өз арнасына салып, Жетісу полиция департаментіне бағыттайды.
– Біздің міндетіміз – құқық қорғау саласындағы ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Одан бөлек, облыс аумағындағы бейнебақылау камераларының жұмысын қадағалаймыз. Патрульдік полиция қызметінде қолданылатын жоғары технологиялық бақылау жүйесі саналатын «Ekin Patrol» мобильді автокешені, vidar, сергек сынды бақылау құрылғылары біздің бақылауымызда. Кез келген қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Құқық қорғаушылар қоғамдық орында жүріп, жоғарыда аталған міндеттерді атқарса, біз көпшіліктің көзіне түспей жұмыс істейміз. Бастысы – адал қызмет арқылы ел қауіпсіздігінің қалқаны болсақ, – дейді кейіпкеріміз.
Әсет Саятұлының жары да құқық қорғау саласында еңбек етеді. 2020 жылы екеуі шаңырақ көтерген. Бір салада жұмыс істеген соң, қызметтің ыстық-суығын біледі, жұмыстың қауырт сәттерінде бір-біріне түсіністік танытады. Бастысы қауіпсіздік қалқаны болған «көрінбейтін» тәртіп сақшысы әрдайым адал қызмет етуді мақсат еткен.
Дастанбек САДЫҚ





