Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 511,8 мың гектарға себілді. Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға ұлғайтылды. Көктемгі дала жұмыстары бүгінгі күнге толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта шаруашылықтар тарапынан себілген дақылдарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егіс науқанын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы шаруашылықтарға 9,1 млрд. теңге несие берілді. Облысқа бөлінген 5,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны толығымен жеткізілді. Суармалы су барлық ауданға берілді. Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 59,4 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
– Шаруашылығымыздағы суармалы жердің жалпы көлемі 150 гектар. Биыл оның 70 гектарына жаздық арпа, 75 гектарына соя, 20 гектарына жоңышқа ектік. Өзім егін шаруашылығымен қатар жылқы өсірумен де айналысамын. Қазіргі таңда шаруашылықта 500-ге жуық жылқы бар. Оларды жемшөппен толықтай өзіміз қамтамасыз етеміз. Шаруашылықта қажетті техниканың барлығы жеткілікті. Екінші жыл қатарынан органикалық тыңайтқыштарды қолданып келемін. Ауыспалы егіс жүйесін сақтауды да ұмытпаймыз. Әр гектардан 30 центнерге дейін арпа өнімін аламыз деп күтіп отырмыз, – деді Талдықорғандағы «Софин» шаруа қожалығы жетекшісі Александр Софин.
– Көктемгі егіс науқанында жеңілдетілген бағадағы жанармайды және тыңайтқышты толық көлемде алдық. Ауыспалы егістікке байланысты биыл жүгеріге басымдық беріп отырмыз, ал келесі жылы қант қызылшасы мен соя егеміз. Енді жақсы өнім күтеміз, оған бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді «Сәпи» ШҚ жетекшісі Төлепберген Сәпи.
Қант қызылшасын, соя, жүгері өсірумен айналысатын «Насыр» шаруа қожалығы өткен жылы лизинг көмегімен 2 арнайы тракторлар сатып алған. «Көксу қант зауыты қызылша тұқымын уақытында берді. Мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілді. Атап айтқанда, тұқымға, тыңайтқышқа, пестицидке 20%-дан 50%-ға дейін субсидия беріледі. Бұл – бізге үлкен көмек», – деген шаруа қожалығының иесі Насыр Каримов енді тынбай баптау жұмыстарына кірісетінін айтты.
Жалпы, облыс аумағында вегетациялық кезеңнің өтуі тұрақты бақылауда.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





