Медициналық білім беру ұйымдарының түлектері клиникалық іс-тәжірибеге жіберілуі үшін маман сертификатын алуы міндетті. Бұл қызмет egov.kz «электронды үкімет» порталы немесе Elicense.kz лицензиялау порталы арқылы онлайн түрде тегін рәсімделеді. Портал тәулік бойы өтініш қабылдайды.
Аталған сертификатты алу ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы ҚР ДСМ №274/2020 «Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды жүргізу, шетелдік мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысын растау қағидаларын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық білім алған адамды денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауға жіберу шарттарын бекіту туралы» бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қызмет алушыдан талап етілетін құжаттарға тоқталсақ, олар бірінші кезекте egov.kz «электронды үкімет» порталы немесе Elicense.kz лицензиялау порталы арқылы цифрлық қолтаңба расталған электронды құжат нысанындағы тапсырылған өтініш, медициналық білім туралы диплом, «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінен өткенін растайтын құжат, мамандандыру бойынша қосымшасы бар сертификаттау курсы туралы куәлік.
Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатын алу туралы өтініш 5 жұмыс күні аралығында қаралады.
«Медициналық және фармацевтикалық
бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша
департаменті» РММ





