«Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Дәнекерлеуші мамандығы индустрияландыру дәуірінде ерекше маңызға ие. Қазіргі заманда олардың еңбегін керек етпейтін саланы атау мүмкін емес. Мәселен, металл құрылымдарын біріктіру, өндірістік жабдықтарды жөндеу, инженерлік жобаларды жүзеге асыру – мұның бәрін кәсіби шебер құрыш қолымен атқарады. Сондай-ақ, бұл тек техникалық дағдыларды ғана емес, жоғары жауапкершілік пен дәлдікті де талап етеді. Өз ісінің шебері, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқылы әріптестеріне үлгі болып, маңызды істің дамуына талай жылдан бері сүбелі үлес қосып келетін азаматтың бірі – Талғат СЕМБИНОВ Үшарал қаласындағы «Алакөл жылу» мекемесінде еңбек етеді.
Қателесуге қақымыз жоқ
Бұл кәсіп иелерінің өнеркәсіптік өндіріс орындарына, құрылысқа, энергетикаға, автокөлік пен ауыл шаруашылығына, мұнай, газ өңдеу компанияларына, әртүрлі қызмет көрсету ұйымдарына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, басқа да мекемелерге жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Әсіресе, биік ғимараттар мен тұрғын үйлерді салуға қолданатын темір бұйымдары құрылымдарының беріктігі мен төзімділігі тікелей осы шебердің атқарған ісіне байланысты. Сондықтан бұл жұмыста қателікке жол беруге мүлде болмайды. Бір маманның шалалығы бүкіл жұмысты желге ұшырып немесе соңы қайғылы жағдайға әкеп тіреуі әбден мүмкін.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары компьютерлік технологияның қарыштап дамуы кезеңінде кеңселік жаңа кәсіптер пайда болды. Сол уақыттары жұмысшы мамандықтарының беделі күрт төмендеп, еңбек нарығында тапшылық сезіле бастады. Жастар мұндай салада оқып, білім алғысы келмеді. Оның үстіне төленетін еңбекақысы төмен, жұмыссыз қаламын, мансаптық көтерілуге мүмкіндік жоқ дегенді алға тартып, жаппай жоғары білім алуға тырысты. Ал қазіргі кезде мүлде олай емес. Керісінше, ел экономикасы көтерілген сайын жұмысшы мамандықтарының беделі артып, мәртебесі көтеріле түсті. Олардың екі қолға бір күрек тауып кетуі үшін жан-жақты жағдайлар қарастырылуда. Оған ел Президентінен бастап, көптеген еңбек орындарының жетекшілеріне дейін көңіл бөліп отыр. Өйткені, елімізде осы сала бойынша еңбек ететін маман тапшы. Сол себепті кәсіби еңбеккер кез келген өндірісте ауадай қажет әрі еңбек нарығында жақсы бағаланады.
Қазіргі таңда көптеген компания өндірістегі қиындыққа дайын дәнекерлеушілерді іздейді. Осыған байланысты оларға орташа жалақыдан жоғары еңбекақы ұсынылады. Сондықтан тәжірибесі мен дағдысы қалыптасқан кәсіби шеберлерге төленетін жалақы көңілге қонымды. Әуелі жоғары дәрежелі кәсіби мамандардың басқарушылық лауазымға дейін көтерілуге мүмкіндігі бар. Олар орта арнаулы оқу орындарында, сондай-ақ біліктілікті арттыру немесе қайта даярлау курстарында оқытылады. Бүгінде дәнекерлеушілердің қорғаныс құралдары жақсарып, жұмыс киімдері жаңартылып жатыр. Бұл денеге жүктемені азайтып, жарақаттар алуға жол бермейді.
Маман айтады: – «Алакөл жылу» мекемесінде дәнекерлеуші қызметін атқарып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Бұл менің шыңдалуыма үлкен септігін тигізді. Бүгінде бесінші дәрежелі дәнекерлеушімін. Біздің жұмысты оңай деуге болмайды. Құбырлар мен металл конструкцияларын сапалы жалғау, апаттық жағдайлардың алдын алу, жабдықтардың ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз ету – осының бәрі біздің атқарған ісімізге тікелей байланысты. Жұмыстың сапалы орындалуына денсаулықтың мықты болуы да әсер етеді. Кей кездері ауа-райының қолайсыз күндерінде, ылғалды, сыз жерлерде, тіпті, биікте жұмыс істеуге тура келеді. Бұл ағзаға кері әсерін тигізеді. Сол себепті медициналық тексеруден өтіп тұрамыз. Өйткені, денсаулық жағдайына қарсы келетін ауру түрлері болады. Мысалы, ұзақ жыл еңбек еткен шебердің созылмалы ауруға ұшырау қаупі бар. Көбінің көру қабілеті нашарлайды, тірек-қимыл қозғалысында проблемалар туындайды, жүрек-қан тамырлары сыр береді, психикалық және аллергиялық реакциялар байқалады. Яғни, мұндай мамандық өте төзімді адамдарға ғана жарамды, – дейді Талғат Амангелдіұлы.
Кәсіпке қадам
Үшарал қаласының әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінде жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі ерекше маңызға ие. Қысы қатал, жазы қоңыржай өңір үшін жылу беру мекемелерінің атқаратын істері жауапкершілікті талап етеді. Талғат Амангелдіұлы – еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында ұжымда беделге ие болған маман. Ол өндірістегі әрбір тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, техникалық талаптарды жетік меңгерген. Алакөл жылу мекемесінде ұзақ жыл қызмет еткен шебер тек өз міндетін адал атқарып қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Оның еңбек жолы – жауапкершілік пен үздіксіз ізденістің айқын көрінісі.
Жылу саласы – тек техникалық білімді ғана емес, төзімділік пен ұқыптылықты қажет етеді. Ал дәнекерлеуші мамандығы – физикалық күшті ғана емес, жоғары дәлдік пен төзімге баулитын күрделі кәсіп. Қазіргі таңда кейіпкеріміз жылумен қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне үлес қосып келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде әрбір қазандық пен құбырдың дұрыс жұмыс атқаруы – мыңдаған тұрғынның жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда дәнекерлеуші сынды мамандардың еңбегі өлшеусіз.
Бірінші дәрежелі дәнекерлеуші – пластмассаны, екіншісі – термитті, үшіншісі – қарапайым дәнекерлеуді, төртіншісі дәрежелі маман доғалықты, бесіншісі күрделі бұйымдар мен тораптарды дәнекерлеуді жүзеге асырса, ең жоғары алтыншы санат кең ауқымды кәсіби шебер саналады.
Бұл мамандықтың жақсы бір тұсы бар. Ол жұмысшы саналғанымен, оның қаражат табуға мүмкіндігі зор. Әсіресе, тәжірибесі мол болса. Жалақы деңгейіне дәнекерлеушінің дәрежесі де әсер етеді. Егер ол неғұрлым жоғары болса, табысы соғұрлым көп.
Дәнекерлеу – бекіткіштерді қолданбай темірді біріктіру үдерісі. Ал дәнекерлеуші – электрлік дәнекерлеу арқылы металдарды балқытумен айналысатын адам.
Тәжірибе мен жауапкершілік
Өңірдегі жылу жүйесінің тиімділігі көбіне тәжірибелі мамандарға байланысты. Шебер дәнекерлеуші – осындай сенімді тіректердің бірі. Оның көпжылдық тәжірибесі апаттық жағдайлардың алдын алуға, жүйелі тексерістер жүргізуге және жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді. Әсіресе, соңғы жылдары жылу жүйесін жаңғырту, энергия үнемдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарда оның кеңесі мен тәжірибесі үлкен рөл атқарады. Ол тек орындаушы емес, сонымен бірге ой-пікірін ашық білдіретін, жаңашылдыққа бейім маман ретінде ерекшеленеді. Ал әріптестері оның сабырлылығы мен еңбекқорлығын ерекше бағалайды. Өндірістегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, әрбір істі жүйелі әрі сапалы орындау – оның басты ұстанымы.
Еңбек адамының шынайы бағасы – оның ұжымдағы беделімен өлшенеді. Талғат Амангелдіұлы әріптестері арасында сыйлы, жастарға үлгі боларлық азамат ретінде танылған. Ол ұжымда ынтымақ пен бірлікті сақтауға, кәсіби мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп, ұжымдағы жас қызметкерлер үшін нағыз тәлімгерге айналған. Өз білгенін жасырмай, үйретуден жалықпайтын қасиеті оның адами болмысын айқындай түседі. Мұндай ізгіліктер қазіргі еңбек нарығында аса құнды.
Алакөл жылу мекемесінің тұрақты жұмысы – өңір тұрғындарының өмір сапасының кепілі. Осы тұрғыда Талғат Сембиновтың еңбегін тек бір мекеме шеңберінде ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды деп бағалауға болады. Оның күнделікті атқарып жүрген жұмысы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының негізі.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





