Ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау кәсібі табысты істердің біріне айналып отыр.
Халықтың сапалы етке сұранысы артқан сайын бордақылау алаңдарының маңызы да күшейе түсуде. Бұл кәсіп ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мал бордақылау алаңын салуда ең алдымен қолайлы жер таңдау маңызды. Алаң елді мекеннен алыс емес, бірақ санитарлық талаптарға сай болуы керек. Осындай игі істі қолға алып, ауыл шаруашылығының жандануына тың серпін беріп отырған азаматтардың бірі – Қайрат Ерғалиев.
Алмалы ауылындағы «Ерғалиев» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Шаруашылықтың басты бағыты – ірі қара малды байлап, сапалы ет өнімдерін нарыққа шығару. Бордақылау орнындағы жұмыстар толық автоматтандырылған. Бұл еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мал арнайы күтіммен семіртіліп, дайын өнім Алматы секілді ірі қалаларға жөнелтіледі.
– Шаруашылықта 450 бас ірі қара, 750 бас ұсақ мал, 150 бас жылқы өсіріліп, бағылады. Сондай-ақ, 3 мың гектар жайылымдық жер бар. Жемшөп сатып алынады. Бордақылау алаңында асыл тұқымды қазақтың ақбас бұқаларын байлап, бағамыз. Семіргендері сойылып, етке өткізіледі. Ұсақ мал байлайтын тағы осындай қора салудамыз. Құрылысы аяқталған соң 2 мың бас ұсақ мал кіргізіліп, семіртіледі. Жалпы, бұл жерде жылына 300 басқа дейін мүйізді ірі қара бордақыланады. Қожалықта жиырма шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған, – дейді Қайрат Ерғалиев.
Кейіпкеріміздің жоба-жоспарлары да ұшан-теңіз. Мәселен, ол алдағы уақытта ет өңдейтін комбинат ашып, етті экспортқа шығармақ. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы жұмсаған. Осылайша, ол шаруашылықты кеңейту бағытында жұмыстар жүргізуде. Сонымен бірге мал сою алаңын салу, сауын сиыр ұстау, сүт өндірісін қолға алу көзделіп отыр. Мұндай істер ауыл экономикасын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және отандық ет өндірісін арттыруға үлкен үлес қосады.
Еңбек пен табандылықтың арқасында кәсібін дөңгелентіп отырған Қайрат Ерғалиевтің еңбегі көпке үлгі. Бір сөзбен айтқанда, ет экспорты дамып келе жатқан кезеңде бұл кәсіптің болашағы зор деп айтуға болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





