Жетісу – жер бедерінің өзі шежіре шертіп тұрған өлке. Бір қиырында асқар тау көк тіресе, енді бір тұсында өзен бойлай өрілген жасыл желек көз тартады. Ал кейбір мекеннің әр тасы бағзы заманнан сыр бүгіп, адамзат тарихының үнсіз куәсіндей мүлгіп жатыр. Осындай табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне жарату – бүгінгі күннің маңызды міндетінің бірі.
Соңғы жылдары Жетісуда табиғи аймақтарды абаттандырып қана қоймай, олардың тарихи, танымдық және туристік маңызын арттыруға бағытталған экопарктер қалыптасып келеді. Соның қатарында Талдықорған іргесіндегі «Қызылтас – Тасбақа», Сарқандағы «Қойтас» және Текелі қаласындағы «Серкесай» бар.
Үш мекеннің табиғаты үш түрлі болғанымен, көздегені бір: адамды табиғатқа жақындату, туған жердің қадірін таныту.
Сарқан өзенінің жағасында орналасқан «Қойтас» экопаркі бүгінде тұрғындардың тынығып, серуендеп, уақытын мазмұнды өткізуіне арналған кеңістікке айналып келеді. Өзен жағасының табиғи көркін сақтай отырып, мұнда балалар мен жастарға, отбасыларға арналған демалыс орындары қалыптасқан. Жоңғар Алатауын мекендейтін жануарлардың бейнесі, қайыңдар өскен тыныш алқап, өзен мен жасыл желек бұл жердің өзіндік табиғи келбетін айшықтай түседі. Яғни «Қойтас» – қаланың қақ ортасындағы қарбаластан табиғаттың саясына бастайтын мекен.
Ал таумен тағдыры тамырлас Текеліде «Серкесай» экопаркі бой көтеруде. Тау етегіндегі табиғи аумақты сақтай отырып, оны демалыс пен туризмге бейімдеу бірнеше кезеңмен жүргізілмек. Мұндағы «Таутеке» бейнесіндегі нысандардың өзі Текелінің табиғи болмысын аңғартады. Құз бен шыңға жарасқан таутеке бейнесі тау қаласының айрықша нышанындай әсер қалдырады.
Ал осы үштіктің ішінде табиғатымен ғана емес, тарихымен тіл қататын мекен – «Қызылтас – Тасбақа».
Талдықорған іргесіндегі Қызылтас саяжайы маңындағы бұл жер ел арасында бұрыннан «Тасбақа тас» аталып кеткен. Алыстан қараған жан табиғаттың өзі қашап жасағандай тас пішінінен тасбақаның сұлбасын аңғарады. Әрине бұл өлкенің ерекшелігі жалғыз сол таспен шектелмейді. Мұнда дала тарихының тым терең қабаты жатыр.
Тасқа түскен таңба – тарихтың хаты
Қызылтастың қойнауына аяқ басқан адам бірнеше мың жыл кейін шегінгендей күй кешеді. Мұнда сақ дәуіріне жататын көне қорымдар мен тас бетіне қашалған екі мыңнан астам петроглиф сақталған.
Бағзы дәуірдің тұрмыс-тіршілігі, аңшылық көріністері, жануарлар бейнесі, дүниені қабылдауы тас бетінде таңбаланып қалған. Халқымыздың «Ескіні сақтаған – елдікті сақтайды» деген ұғымы мұндай тарихи мекенге келгенде тіпті тереңдей түседі.
Дегенмен Қызылтас маңындағы петроглифтер туралы мәселенің бары бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Бұл жердің тарихи құндылығына археологтар мен қоғам белсенділері бұған дейін де талай мәрте назар аударған.
Осы құндылықтарды сақтап қалу мәселесі кезінде қоғамда пікірталас туғызған еді. Экологтар, тарихшылар мен белсенділер Қызылтас пен оның маңындағы көне мұраның өндірістік жұмыстардың арасында жоғалып кетпеуіне алаңдады. Петроглифтерді зерттеу мен бағалауға қатысты да түрлі пікір айтылды.
Сол кезде қоғам қайраткерлері тарихи ескерткішке баға беру ісінде тапсырыс беруші мен сараптама жасаушы тараптардың мүддесі тоғысып кетпеуі керектігін айтып, қолданыстағы тәртіпті қайта қарау қажеттігін көтерген болатын. Экобелсенділер болса, петроглифтерді қорғауды күшейту, бүлдіруге жол бермеу, тарихи мұраға жауапкершілікті арттыру мәселесін алға тартты.
Осындай алаңдаушылықтың нәтижесінде бұл аумақты тарихи-мәдени мұрасын сақтай отырып, жұртшылыққа танытуға бағытталған «Қызылтас – Тасбақа» экопаркі қолға алынды.
Көне мекеннің жаңа тынысы
5 қыркүйекте «Қызылтас – Тасбақа» экопаркінің алғашқы кезеңі жұртшылыққа таныстырылды. Бағдарлама бағыты тек саябақтың ашылуымен шектелмей, велошеру, көне петроглифтерге экскурсия, экологиялық шаралар, қолөнер жәрмеңкесі, этно-дефиле мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
«Қызылтас – Тасбақаны» жаңғырту бірнеше кезеңге жоспарланған. Алғашқы кезеңде келушілердің тынығуына, айналаны тамашалауына қажетті жағдай жасалып, демалыс орындары, қарау алаңдары, жарықтандыру және басқа да инфрақұрылым қарастырылған.
Дегенмен Қызылтастың бағасын орындық пен беседканың саны анықтамайды. Сондықтан бұл жерді абаттандырудың мәні де өзгеше болуы тиіс. Мұнда жаңа нысан салудан бұрын көнені сақтау маңызды. Турист санын көбейтуден бұрын сол туристің тарихи мұраға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру қажет.
«Аманатқа қиянат жүрмейді» дейді қазақ. Қызылтастағы петроглифтер де – бізге дейінгі ұрпақтан қалған аманат.
Экопарк ашылған соң Қызылтасқа келушілер қатары көбейетіні анық. Бірі табиғатты тамашалауға, бірі «Тасбақа тасты» көруге, енді бірі көне петроглифтермен танысуға келеді.
Өкінішке қарай, тәптіштеп түсіндіруге мұқтаж болып тұрған бір дүние бар, ол саяхатшылардың тарихи орынға барғанда тасқа өз атын ойып жазып, жаңа «петроглиф» жасадым деп ойлауы. Негізі, сіз келгенге дейін мың жыл тұрған дүниенің сіз кеткеннен кейін де сол қалпында қалуына жағдай жасау керектігі санаға ауырлық түсіретін білім емес-тұғын.
Бір адамның тасқа түсірген сызығы болмашы әрекет болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол сызық мыңдаған жыл сақталған петроглифтің тағдырын өзгертуі ықтимал. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген тәмсілдің мәні де осында.
Жетісудағы үш экопарктің әрқайсысының өзіндік сипаты бар. «Қойтас» – өзен мен жасыл желекті жағалай қалыптасқан тынығу мекені. «Серкесай» – тау табиғатын туризммен сабақтастыруға бағытталған кеңістік. Ал «Қызылтас – Тасбақа» – табиғат пен тарихтың тоғысқан тұсы.
Сондықтан Қызылтастың болашағына жай ғана жаңа демалыс орны ретінде қарау жеткіліксіз. Ол – өскелең ұрпаққа тарихты оқулықтан ғана емес, туған жердің тасынан танытуға мүмкіндік беретін мекен.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ









