Елімізде талай шетелдік маман жұмыс істеп, бірқатар таланттың танылуына септігін тигізді. Кейінгі жылдары жетісулық футзалшылар ел чемпионатында атойлап, жастарымыз жарқырап, бірінен кейін бірі шықты. Үздіктер санатына қосылып, қазақ футзалының болашағына баланды. Бұл жетістіктің артында сөзсіз бапкердің еңбегі тұр. Бразилиялық Нилсон Машадо дос Сантос көпшілікке Биро Жаде есімімен белгілі маманның Жетісу жеріне келуі – көптеген бозбаланың футзалға деген махаббатын оятты. Жастар арасында іріктеу жүргізіп, електен өткендерін командаға қабылдап, олардың ойынын қалыптастыруға әсер етті. Бүгінде елге танымал болған футзалшылар Биро Жаденің есімін ерекше атап, алғысын жаудырып жатады.
– «Жетісу» футзалы үшін биыл оңай болған жоқ. Өзіңіз осы маусымға қандай баға берер едіңіз? Маусымдағы ең үлкен жетістік пен ең үлкен өкініш қандай болды? Команданың қазіргі деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Бұл маусым Талдықорған қаласының ойыншылары үшін және тактикалық тұрғыда талантын дамыту мақсатында жаттығуымызға қатысқан барлық жан үшін маңызды болды. Басты жетістігіміз – нағыз футзал ойыншысына керекті аспектілерді дамыту және үздіксіз жетілдіру. Әсіресе бұл тактикалық және дене жаттығуларында айқын көрінді.
Біз 2023 жылы бастаған жұмысымызды жалғастыра алмағанымыз үшін өкінеміз. Егер де ол жалғасса, «Жетісу» УЕФА Чемпиондар лигасына жолдама алуға негізгі үміткер командалардың бірі болатын еді. Бұл сөзсіз.
Иә, айтқанымдай, ойыншыларымыз биыл матчтардың басым бөлігінде жоғарғы деңгейде ойын көрсетіп, дайындықтағы әдіс-айланы орындауда сенімділік танытты және дене бітімі жағынан өте жақсы ілгерілеу байқалды.
Маған Талдықорған тұрғындарының футзалды сүйетіні ұнайды. Бұл қалада адам қандай іспен айналысса да бәрі футзал ойнайды.
– Ойыншыларға қалай іріктеу жүрді, осыған дейін есімдері белгісіз болып келген жастарды қалай қабылдадыңыз? Жетісу аймағына футзал керек пе? Дамыту үшін неден бастау қажет? Жас балаларды жоғалтып алмау үшін не істеу керек?
– Кейбір ойыншылар өткен маусымнан бері командада болса, қалғандарын директорлар кеңесі таңдады. Меніңше, әр мезгіл сайын 30-дан астам команда қатысатын футзал турнирлері өтетін және басқа қызметі болса да футзалды жанына серік еткендер тұратын қалаға бұл спорт түрі сөзсіз қажет.
«Жетісу» футзалы бірнеше жас ойыншыны тәрбиелеп, олардың кәсіби деңгейге көтерілуіне жағдай жасау арқылы 2023-2024 жылғы маусымда-ақ үлгі көрсете білді. Соның арқасында 2025-2026 жылғы маусымда бәсекеге қабілетті команда қалыптасты. Бірақ сабақтастық болмаса, бұл ойыншылар қайта бұрынғы қалыпқа түсіп, ел чемпионатында ойнамауы да мүмкін.
– Команданың ойын стилін қалай сипаттар едіңіз? Қазіргі футзалда қандай тактикалық өзгерістерді байқап жүрсіз?
– Толқынды. Еркін стиль. Бірінші кезекте физикалық дайындық. Бұл оғаш естілуі мүмкін, бірақ іс жүзінде олай емес. Ойыншылардың физикалық бабы өте жоғары кезде, негізгі тактика – жоғары прессинг арқылы ойнау болады. Бұл қарсыластардың жарты алаңында қысым көрсетіп, шабуыл ұйымдастыруына мұрша бермеуге бағытталады. Оларды қателікке бой алдыруға дейін апару. Ондай жағдай көп мүмкіндік сыйлайды. Егер бұл әдісті сәтті пайдалана білсек, ойын тағдырын шешуге болады. Бұған «Пальма-де-Майорка» мен «Этуали» арасындағы футзалдан Еуропа чемпионатының жартылай финалындағы екінші тайм тамаша мысал бола алады.
ҚЫСҚА-НҰСҚА
– Ең қиын қарсылас?
– Бұл маусымда біздің ең басты әрі ең қиын қарсыласымыз өзіміз болдық. Өз-өзімізді жеңе алмауымыз, кез келген қарсыластың бәсін арттырып, жеңіске деген ұмтылысымызды алыстата түсті.– Ең есте қалған матч?
– Барлық жеңісті матч есімде.– Ең талантты ойыншы?
– Тек бір ойыншыны атасам, әділетсіз болар еді. Мәселен, «Жетісуда» талантты жас өте көп. Бірақ жанкүйерлер арасында көзге түсіп, ел ықыласына бөленген ойыншы талантты болмауы да мүмкін.– Чемпиондық па, әлде әдемі ойын ба?
– Мәселе ананы не мынаны таңдауда емес. Ең бастысы – қолда дұрыс әдіс-тәсілдердің болуы және оны іс жүзінде шебер қолдана білу.– Кофе әлде шай?
– Әрине, кофе.– Nike әлде Adidas?
– Puma (күліп).– Таңертеңгі әлде кешкі жаттығу?
– Таңертеңгі жаттығу.– Биылғы чемпионаттағы үздік 5 ойыншы
– Тек 5 ойыншыны таңдау мүмкін емес. Үздік көп.
– Елімізде жүргеніңізге көп болды. Қазақстандағы футзалдың даму қарқыны қалай? Сіздің көзқарасыңыз бойынша қай өңір жақсы келе жатыр? Қазақстан футзалының басты артықшылығы неде? Дамыту қажет тұстары қандай?
– Өткен маусым тарихтағы ең үздік маусым болды. Бұл пікірді біздің спорттағылардың бәрі құптайды деп ойлаймын. Дегенмен, ойыншылардың дайындық үдерісінің маңыздылығын түсіну өте қажет. Ойыншы табиғи талантпен тууы мүмкін, бірақ командаға жеңіс сыйлайтын спортшы тек үздіксіз дайындықтың нәтижесінде ғана қалыптасады.
Әртүрлі аймақтар. Талдықорғаннан бөлек, «Каспий», «Бәйтерек» және «Астана» командалары да көптеген дарынды жас ойыншыны тәрбиелеп шығарды.
Басты артықшылық – бәсекеге қабілеттілік. Бұл – қазақстандық ойыншыларға тән өте айқын қасиет. Ал дамыту қажет тұсы физикалық және тактикалық дайындық. Осы екі бағытта айтарлықтай олқылықтар бар. Ал тактикалық түсінікке келетін болсақ, оны бала кезінен бастап дамыту қажет.
– Сіз үміт күтетін жас футзалшылар? Олардың ел футзалындағы бүгінгі орны.
– Қазақстанда тамаша жас ойыншы өте көп. Бірақ олардың кәсіби командаға қосылмас бұрын, балалар мен жасөспірімдер шағында барлық негізгі дағдыларды меңгеріп шығуы өте маңызды.
– Футзалшыға керек негізгі үш қасиет.
– Әуелі ойыншы футзал өмірінің бір бөлшегі екенін ұмытпағаны абзал. Үздіксіз даму, тәжірибе және толассыз еңбек.
– Болашақта жақсы бапкер болуы мүмкін жастар жөнінде айтсаңыз. Өзіңіз дайындаған Бекет Парух бүгінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
– Бапкер болғысы келетін жастар ең алдымен футзалдың негізгі тұжырымдамаларын түсінуі тиіс. Оларға көп оқу, іздену және футзал болатын кез келген жерде осы спорттың дамуын жіті қадағалап отыру қажет.
Бекеттің бірнеше клубта өнер көрсеткен кәсіби ойыншы ретіндегі тәжірибесі бар, бұл – оның бапкерлік жолындағы үлкен артықшылығы. Ол «Астанамен» бірге чемпионатта жеңіске жетіп, бас бапкер біліктілігін дәлелдей білді. Сондай-ақ, өзі маусымның басым бөлігінде жетекшілік еткен командасы Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ





