Әке мейірімін көрмегендіктен бе, жігіттің жылы сөзі жанын ерітіп жіберді. Бозбаланы жиі көргісі келетіні де жан жылуын сезініп, арқа сүйегісі келгендіктен. Әкесі дүниеден өткен соң анасы құса болып, ішімдікке салынды. Бара-бара бұның намысына тиіп, әрнәрсеге кінәлайтынды шығарды. Өмірге кеткен есесін қызынан алғысы келетін сияқты. Бойжеткен «Қайран қайғысыз, қамсыз күндерім…» деп жылап қоя береді. Кеудесіне өксік тығылып, басымнан сипайтын бір жан болса деп армандайды. Жанарының ақ жауыны жүзін жабады. Өзегін өкініш өртейді. Әкесінің мейірімін аңсайды. «Әкем тірі болса ғой…» деген ой жанын жегідей жейтін. Әкесі бар кезде ешкім оған дауыс көтермейтін. Өзін қорғаны бар деп сезінетін. Сол қорғаннан айырылған соң өмірдің аязына жалғыз қарсы тұрды.
Жаны жүдеп жүргенде осы бір бозбаланың сезім білдіргені көңіліне шуақ шашты. Бар ойы сүйіктісінің жүзін көру. Ынтызарлығы күн сайын арта түсті. Жігіт те мұны іздеп тұрады. Кездескен сәтте жүздері бал-бұл жанады. Бір-бірін бұрыннан білетін, сағынысып көрісетін достарша емен-жарқын әңгімелесе кетеді. Мұңын да мұқият тыңдайды.
Ішімдікке үйір анасы мұның бар-жоғымен шаруасы жоқ. Үйге көшенің араққұмарларын жинап алып, тойлатады да жатады. Қыз шаң-шұң дауыс шығып жатқан шаңырақтан қашатын болды. Ол бар жылулықты жақында танысқан бозбаладан іздейді. Екеуі күнді түнге алмастырып бірге болатынды шығарды. Бір күні қыз өзінің жүкті екенін сезді. Орта мектепті де аяқтамағаны есіне түсіп, етегі жасқа толды. Біраз уақытта ұстаздары біліп, басы шатылды. Жігіт бұрынғыдай емес суық қабақ таныта бастады. Кездесуге шақырмайды. Қашқалақтауды шығарды. Бойжеткен жылу іздеймін деп отқа күйгенін сезді. Ақыры ұстаздардың араласуымен жігіттің анасы жағдайға қанығып, кәмелетке толмаған қызды алдағаны үшін ұлы заң алдында жауап беретінін білді. Содан жігіт қайта келіп, екеуі қосылды. Жолдасы, анасы және өгей әкесі бірге тұрады екен.
Жаңа шаңырақты аттасымен көп ұзамай босанып, ұлды болды. Сәби дүниеге келген күні жас ана алғаш рет өзін бақытты сезінген шығар. Кішкентай ғана алақан… Уілдеген үн… «Енді мен жалғыз емеспін» деген үміт… Бірақ сол үміттің ғұмыры ұзаққа созылмады. Жас ананың бесігін тербетіп, қуанышына ортақтасудың орнына жаңа түскен шаңырақтың қабағы қатулы болды. Сәби жыласа, енесінің қабағы түйіледі. Содан күндіз-түні ұйқы көрмей бөлме ішінде шыр айналып, көтеріп жүреді. Көз шырымын ала қояйын десе жігіттің анасы: «Балаңның үнін шығарма. Басымызға бәле болдың» деп дүрсе қоя береді. Бәрінен де күйеуі мен енесі жоқта өгей атаның бұған сұқтана қарап, бала емізіп отырса қасына жетіп келіп, қарап тұратыны көңіліне күдік ұялатты. Енесі мен жолдасы көбінесе түнгі ауысымға кететіндіктен «атасы» екеуі түнде жеке қалады. Өгей әке төсегінің қасына келіп: «Көрпеңді жауып қояйын» деген қылығынан шошып оянатын.
Көршінің баласына көзқырын сала жүретін ана мұның жағдайын ести сала тезірек бұл үйден құтқармаса жас келіншекке зорлық көрсетілетінін сезді. Оның сілтеуімен барған «Аналар үйінің» табалдырығын аттағанда қыздың жан дүниесі жаралы еді. Адамдарға сенуден қалған. Дауыс шықса селк ете қалады. Қатты сөйлесе денесі дірілдеп кетеді. Психологтар мұндай жағдайды адамның ұзақ уақыт психологиялық қысымда жүргендігінен деп түсіндіреді.
Мекеме мамандары жас анамен ұзақ жұмыс істеді. Оған ең алдымен ешкімнің айқайлауға, кінәлауға, қол көтеруге құқы жоқ екенін түсіндіреді. Кейде адамның жанын емдеу тәнін емдеуден әлдеқайда қиын. Бірақ мейірім деген құдіретті күш жан-жүрегіңді қуанышқа бөлеп, өзіңе деген сенімді арттырады. Қоғамдағы жақсы адамдардың қолдауының арқасында қыздың жүзінен үрейдің ізі сейіле бастады. «Ана үйіндегілер» әкесінің інісіне хабарласып, олар жас келіншекті баласымен қосып, алып кетті.
Мекеме уақыты келгенде жас ананы колледжге оқуға түсірді. Ол қатарластарымен кәсіп меңгеруге мүмкіндік алды. «Ана үйінің» меңгерушісі Алсу Ғабдракипованың айтуынша, соңғы жылдары барар жер таппай қалатын қыз-келіншектердің қатары артқан. Мекеме ашылғаннан бері 200-ден аса анаға көмек көрсетілген. Оның ішінде біздің ұлттың қыздары негізгі санды құрап тұр.
Қазіргі жігіттерде жауапкершілік жоқ. Өз бастарының тыныштығын ғана ойлайды. «Әйел мен бала менің аманатым» деген ой көбінің санасына кірмейді. Мұндай жағдайға алдымен анасынан мейірім көрмеген қыздар ұрынады. Қазіргі аналардың көбі жұмысбасты. Балаларын киіндіріп, азықтандыруды ойлап, алашапқын болып жүріп, қызымен сырласуға көңіл бөлмейді.«Қызға қырық үйден тыю» деген дұрыс шығар. Бірақ жігіттерге де сондай талап керек.«Ата қайратты болса, ұл ғибратты болады» деген сөз бар. Жауапсыз ата-анадан туған бала да әкесінен көргенді жасайды. Өйткені оның ұяда көргені сол,– дейді маман.
Қыздың тағдыры – ұлттың айнасы. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Отбасының іргесі сөгілсе, әлсірейді… Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді. Әке – қыз баланың ертеңгі өмірге деген сенімін қалыптастыратын тұлға. Әке қызын құрметтеп өсірсе, ол ертең өзін де құрметтейтін жанды іздейді. Ал әке мейірімін көрмеген қыз сол жылылықты өзгеден күтеді.
«Атаң асқар тау болса, анаң биік шынарың, Ата-анаңның ақылы қанып ішер бұлағың» дейді атам қазақ. «Текті атаның баласы» деп жақсыдан тәрбие алып, дұрыс жолмен жүрген ұланды әспеттеп жатамыз. Әке атына кір келтірмей, асылдың тұяғы деген атқа лайық болайын дейтін ұл-қыздар көбейсе, кәне!
Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру, ана мен баланы қорғау, зорлық-зомбылықты болдырмау мемлекеттің алдына қойған мақсаттарының бірі. Бұл орайда «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұлттың сапасын арттыру бағытында жұмыс істеуде. Қоғамдық бірлестік отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың балаларының алдында жауапкершілігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Ана мен бала – ұлттың ертеңі. Бүгін біз қорғаған бала – ертеңгі елдің қорғаны!
Гүлжан ТҰРСЫН





